Көкбауыр жайлы ақпарат
Көкбауыр келесі қызметтерді атқарады:
- Қанжасау – лимфоциттерді түзеу (антигенге тәуелді лимфопоэз)
- Тосқауылдық-қорғаныш қызметі – иммундық реакцияларды қамтамасыз ету, фагоцитоз. Көкбауыр көптеген макрофагтардың көмегімен бактерияларды қаннан аластап отырады. Осымен қатар көкбауырда бактерияларды жоюға қажетті антеденелер де өндіріледі. Көкбауыр жасушалық иммунитет реакцияларына да қатысады. Кейінгі жылдарда сепсис кезінде көкбауырдың макрофагалдық жүйесі көп жұмыс атқарып тұрғанына байланысты қаннан бактериялардың элиминациясы жеткіліксіз болып, бактериялардың қанда көбеюі басталғанда, ем ретінде жас шошқа көкбауырының қан айналым жүйесін қосу сеанстары қолданылып жүр. Бұл емді қолданудың нәтижесінде аурулар бірнеше сеанстан кейін толық сауығып кетеді. Келтірілген мысал көкбауырдың организмнің антигендік гомеостазын сақтаудағы маңызын көрсетеді. Осыған байланысты көкбауырдың сылынуы (спленэктомия) тек шарасыз жағдайларда ғана қолданылады.
- Қанды қойма ретінде жинақтау. Көкбауыр қан қоймасы қызметін де атқарады. Демалу жағдайында көкбауырда біршама қан жинақталып тұрады, адам қимылдай бастағанда ол қан жалпы қан айналым жүйесіне шығарылады. Көкбауырдың артериясына лигатура салынғаннан кейін мүшенің салмағы 4 есе кемиді. Бұдан басқа көкбауырда тромбоциттер жинақталып, олардың жалпы санының 1/3 дейін қоймаланады.
- Алмастыру қызметі. Көкбауыр көмірсулардың, темірдің алмасуын реттейді, ақуыздардың, қанның ұю факторының, холестерин мен билирубиннің өндірілуін арттырады, бауырдың синтетикалық қызметіне әсерін тигізеді.
- Гемолитиялық қызмет – лизолецитиннің қатысуымен қартайған эритроциттердің бұзылуын қамтамасыз етеді (сондықтан кейде көкбауырды эритроциттердің қорымы деп атайды). Көкбауырда қартайған, зақымданған тромбоциттер де құрылысын бұзады. Патология жағдайында көкбауырда қалыпты тромбоциттердің жаппай өлуі мүмкін, бұл анемия мен қан ағуының болуына әкеледі. Бұндай жағдайларда көкбауырдың сылынуын жүргізеді. Операция тромбоциттердің санының қалпына келуіне әкеледі, кейде тіпті тромбоцитоз – олардың санының шамадан көбеюі байқалады.
- Эндокриндік қызмет – эритропоэзді арттыратын эритропоэтин түзеледі. Көкбауырда тафтсин және спленин өндіріледі. Көкбауырда тафтсин – фагоциттердің белсенділігін арттыратын пептид түзеледі. Көкбауырды сылудан кейін тафтсиннің мөлшері күрт азаяды, бұл организмнің инфекцияларға резистенттігін төмендетеді. Спленин тимопоэтиннің аналогы. Ол Т-лимфоциттердің бласттрансформациясын және дифференцировкасын жоғарылатады.
Көкбауыр дамып жетілуі
Көкбауырдың бастамасы эмбриогенездің 5 аптасында құралады. Дорзалды шажырқайдың мезенхимасының ішінде мезенхиманың тығыз жиынтығы пайда болады, одан ретикулярлық тін құралады да, ішінде қан тамырлары және қанжасау элементтері орнығады. Эмбриогенездің 5 айында көкбауырда миело-, лимфопоэздер қатар жүреді, біраздан кейін миелопоэз бірте-бірте тоқтайды, ал көкбауыр лимфопоэз мүшесі болып қалады. Кейбір лабораторлық жануарларда (мысалы, тышқандарда) миелопоэз ересек кезінде де сақталады. Адамда миелопоэздің қайта басталуы патология кезінде байқалады.
Көкбауыр құрылысы
Көкбауыр – паренхиматозды зоналды мүше. Сыртынан мезотелиймен қапталған дәнекер тіннен тұратын капсуласы бар. Капсуланың құрамында жазық миоциттер болады. Капсуладан борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тіннен құралған тосқауылдар (трабекулалар) кіреді (8 сурет).
Трабекулалардың ішінде де жазық миоциттердің шоғырлары орналасады. Капсула мен тосқауылдар көкбауырдың тіректік-жиырылғыш аппаратын құрайды, мүшенің көлемінің 7% түзейді. Капсула мен тосқауылдардың арасындағы кеңістік ретикулярлық тінмен толтырылған. Ретикулярлық тін, тосқауылдар, капсула көкбауырдың стромасын құрайды. Лимфоидты жасушалардың жиынтығы оның паренхимасын береді.
Көкбауырда құрылысы әртүрлі екі аймақты – қызыл және ақ пульпаларды ажыратады.
Ақ пульпаның құрылысы
Ақ пульпа – орталық артерияларды қоршай орналасқан лимфалық фолликулалардың жиынтығы. Ақ пульпа көкбауырдың 1/5 бөлігін құрайды. Көкбауырдың лимфа түйіншелері лимфа түйіндерінің фолликулаларынан өзгеше, өйткені Т- және В- аймақтары болады (еске сала кетейік, лимфа түйінінде фолликул В-аймақ болады). Әрбір фолликулда 4 аймақ болады:
- реактивті орталық (көбею орталығы).
Бұл аймақ лимфа түйіндерінде, шырышты қабықшада орналасқан фолликулдардың аттас аймақтарына ұқсас. Оның өзін үш аймаққа бөледі:
- күңгірт (өзгеру үстіндегі центробластылардан тұрады),
- ашық базальдық (екшелену барысындағы центроциттерден тұрады)
- ашық апикальдық (белсенді түрде бөлініп жатқан В-иммунобластылардан тұрады).
Фолликулалардың көбею орталықтарында ірі көлемді макрофагтар, өздерінің беттерінде антигенді детерминанттарды ұзақ уақыт сақтайтын фолликулярлық дендриттік жасушалар, дамудың әртүрлі сатысындағы және бласттрансформациядан өткен бөліну үстіндегі В-лимфоциттер анықталады. Бұл жерде В-лимфоциттердің бласттрансформациясы және көбеюі жүреді.
2. мантиялық аймақ – кіші есте сақтау В-лимфоциттерінен тұратын мантия. Мантиялық аймақ алдыңғы екі аймақты сыртынан қоршай, лимфа түйіндерінің, шырышты қабықшалардың фолликулдарының тәждеріне сәйкес, орналасады. Осыған байланысты бұл жерде кіші лимфоциттерге ұқсас жасушалардың, атап айтсақ есте сақтау В жасушаларының және дифференцияланушы проплазмоциттердің концентрациясы жоғары болады. Жетілген плазмоциттердің қызыл пульпада, көкбауыр созындыларының ішінде орналасатынын айта кету керек, яғни көкбауыр созындылары лимфа түйіндерінің милық созындысына ұқсастығы байқалады. Мантиялық аймақта макрофагтар да анықталады.
3.маргиналды (шеткері) аймақ — түйіннің айналасында, артерия маңы және мантиялық аймақтардың сыртында анықталады. Бұндай аймақ лимфа түйіндерінде жоқ. Оның құрамында В-, және Т- жасушалар кездеседі. Сонымен қатар бұл аймақты қызыл пульпаның тамырлары (шашақты және эллипсоидты (гильзалық) артериолалар, ашық және жабық капиллярлар, веноздық синустар) қоршап жатады. Осыған байланысты қан жасушаларының осы жерде ақ және қызыл пульпаға бөлінуі жүруі мүмкін деген пікір бар. Бұл аймақта Т- және В-лимфоциттердің бірлескен қимылдары өтеді, ол арқылы ақ пульпаға Т- және В-лимфоциттер, осы жерде макрофагтардың көмегімен ұсталынатын антигендер түседі. Осы аймақ арқылы қызыл пульпаға жетіліп келе жатқан плазмоциттер орын ауыстырады. Маргиналды аймақтың жасушаларының құрамында лимфоциттер (көбінесе В-лимфоциттер және плазмоциттердің бастапқы жасушалары), макрофагтар, ретикулярлық жасушалар кездеседі.
4. Периартериалды аймақ немесе периартериалды лимфоидты муфта (ПАЛМ) – орталық артерияның айналасындағы аймақ. Бұл периартериалды қынаптың түйін маңындағы жалғасы болып табылады. Жасушаларының құрамы мен атқаратын қызметі жағынан ол лимфа түйіндерінің паракортикальды аймағын еске түсіреді. Периартериалды аймақтың құрамында Т-лимфоциттер 75 %, ал Т-хелперлер 25 % құрап, антигенге тәуелді дифференцировканың әр түрлі сатысындағы Т-киллерлер және интердигиттеуші жасушалар орналасады. Кейінгілер дендритті жасушалардың бір түрі болып табылады және олар Т-жасушаларға антигенді таныстыру қызметін атқарады. Олар келген қаннан антигендерді ұстайды, өңдейді және 2 кластың МНС молекуласымен және ИЛ-1 мен комплекс түзеп, Т-хелперлерге жеткізеді, ал бұл иммундық реакциялардың тасқынын шақырады. Жасушалық иммундық жауап кезінде бұл аймақтың көлемі ұлғаяды.
Қызыл пульпаның құрылысы
Көкбауырдың қызыл пульпасы пульпарлық синустардан, пульпарлық (бильроттық) созындылардан және сүзбейтін аймақтан тұрады. Ол трабекулалар мен ақ пульпадан тұратын лимфа тінінің арасын алып жатады.
Ақ пульпада лимфоидты элементтер ақ пульпадға қарағанда аз болады, ал қанның пішіндік элементтері, әсіресе, эритроциттер көбірек анықталады. Осыған байланысты гистологиялық препараттарда ол ашықтау болып көрінеді.
Қызыл пульпаның құрамында екі негізгі компоненттер ажыратылады. Олар көкбауыр созындылары және веноздық синустар. Көкбауыр созындыларында қанның пішіндік элементтері, плазмоциттермен және макрофагтармен бірге, тікелей ретикулярлық ұлпаның ішінде орналасқан, ал веноздық синуста қан тамырдың ішінде болады. Көкбауыр созындыларының ішінде орналасқан плазмоциттер басқа мүшелерде анықталатын плазмоциттерден құрылысы мен қызметі жағынан айырмашылығы жоқ. Ал макрофагтар ерекше қызметті атқарады. Олар қартайған және зақымданған эритроциттерді ұстап, жояды. Қартаю барысында эритроциттердің беттерінде орналасқан сиал қышқылының қалдықтары жойылады, әрі цитоқаңқасының эластикалық қасиеті төмендейді. Эритроциттердің гемоглобинінің құрамына кіретін белоктар аминоқышқылдарға дейін ыдыратылады, гем өт пигменттеріне айналады, ал темір ионы трансферрин ақуызының көмегімен қызыл жілік майына дейін жетіп, қайтадан гемоглобин түзеу үшін қолданылады.
Пульпарлық созындылардың атқаратын қызметтеріне жатады:
- қартайған эритроциттердің құрылысын бұзып, жасушаны жою
- плазмоциттердің жетілуіне қатысу (пульпарлық созындылар бір жағынан лимфа түйінінің милық созындыларына ұқсас)
- алмасу үрдістеріне қатысу.
Қызыл пульпаның синустары – көкбауырдың қанайналым жүйесінің бөлігі. Олар қызыл пульпаның көп бөлігін құрайды. Диаметрлері 12-40 мкм болады. Веноздық жүйеге жатқанымен, құрылысы синусоидты капиллярларға жақын: үзікті базалды мембранаға орналасқан эндотелиймен қапталған. Эндотелиоциттердің пішіні ұршықша немесе таяқша тәрізді, бір-біріне тығыз орналасқан (бірақ саңылаулары бар), және айналмалы бағытталған ретикулярлық талшықтармен қоршалған. Қабырғасында перициттер болмайды. Синусқа түйісер аймақта эллипсоидты артериолаларда және синустан шығар жерде жұм (сфинктер) қызметін атқаратын құрылымдар болады, ал синустар бір-бірімен анастомоздар арқылы бірігіп тор түзейді. Қан синустан көкбауырдың ретикулярлық негізіне тура түсе алады. Синустардың қызметі – қанды тасымалдау, қан тамырлар жүйесі мен строманың арасында қанмен алмасу, қанды қоймалау.
Қызыл пульпада сүзілу (фильтрация) жүрмейтін аймақтар болады, ол жерде қанның ағуы өтеді. Бұл аймақтар лимфоциттердің жиналған жерлері, сондықтан иммундық жауап кезінде жаңа лимфоидты түйіншелердің түзелуін қамтамасыз етуі мүмкін. Қызыл пульпада қанды әртүрлі антигендерден тазартатын көптеген макрофагтар болады.
Ақ және қызыл пульпаның ара қатынасы әртүрлі болуы мүмкін. Осыған орай көкбауырдың екі түрін ажыратады.
- ақ пульпасы жақсы дамыған иммундық түрі
- қызыл пульпасы басым метаболизмдік түрі
Көкбауырдағы қан айналымы
Қан көкбауырға көкбауыр артериясымен келеді, артерия сегментарлық, трабекулярлық және пульпарлық болып тармақталады. Трабекулярлық артерия тосқауылдың, пульпарлық қызыл пульпаның ішінде орналасқан. Ақ пульпаға кірген пульпарлық артерияны орталық артерия деп атайды, ол құрылысы бойынша бұлшық етті болады. Фолликуланың ортасында ол тек эмбрионалдық кезеңде орналасады, ол мезгілде оның сыртындағы лимфоциттер көп болмайды. Нәресте туғаннан кейін орын ауыстырған Т-лимфоциттер артерияны шетке ығыстырады. Ақ пульпада орталық артериядан пульпаны қанменен қамтамасыз ететін капиллярлар тармақталады, ол маргиналды аймаққа дейін созылып, маргиналды синусқа құйылады. Орталық артерияның негізгі тармағы фолликуладан қызыл пульпаға шығады да (кейде тура ақ пульпада) бірнеше артериолаларға бөлінеді, олар шашақтар құрайды, сондықтан шашақты деп аталады. Олар периартериалды муфталармен немесе эллипсоидтармен қоршалған. Мұнда бұлшық ет жасушалары жоқ, эндотелийдің базалды мембранасы үзікті, ал эллипсоидтың қабырғасын фагоцитарлық белсенділігі жоғары ретикулярлық жасушалар құраған. Эллипсоидтың құрамына сондай-ақ, лимфоциттер және макрофагтар кіреді. Эллипсоидтар көкбауыр арқылы ағатын қанның сүзілуі мен дезинтоксикациясын қамтамасыз етеді деп есептеледі. Шашақты артериолалар қызыл пульпаның веноздық синустарына жалғасады. Веноздық синус арқылы өтетін қан мөлшерін реттеу үшін тамырлардың қабырғасында олардың веналарға ұласар аймақтарында орналасқан бұлшық еттен тұратын жұмның (сфинктер) маңызы үлкен. Сфинктерлер артериолаларда да бар. Көкбауырда қан ағымы осы екі жұмның жұмысы арқылы реттеледі. Егер артериолада жұм ашық, ал веноздық жұм жабық болса, көкбауырдың қанға толуы іске асырылады. Артериоланың жұмы жабылғаннан кейін қан көкбауырда қоймаланады. Қарт эритроциттердің осы мезгілде бұзылуы жүреді. Веноздық синус ашылып, артериоланың жұмы жабылса, көкбауырдан қан сыртқа шығады. Екі жұмның да ашық болған кезінде қан айналымы қалыпта жағдайда жүреді. Веноздық синустардан қан пульпарлық, трабекулярлық, сегментарлық және көкбауыр веналарына құяды. Трабекулярлық веналар мен веноздық синустарда бұлшық ет қабықшалары болмайды, сондықтан жарақаттану кезінде тамырлардың қабысуы болмайтындықтан паренхиматоздық қансырау қаупі туады. Көкбауырдың қан айналымының сипаты туралы бірнеше теориялар болды (жабық, ашық, аралас қан айналымдар). Қазір мүшенің функционалдық жағдайына байланысты ашық- тұйық (аралас) қанайналым теориясы қалыптасты. Сергек жүрген кезде көкбауырдың көп бөліктеріне қан оның стромасына шықпай тамырлар арқылы ағады (тұйық қанайналым). Дем алу және тыныштық кезінде көкбауырдың көп сегменттерінде қан қоймаланады, ол мезгілде қанның веноздық синустардан ретикулярлық тінге шығуына, қартайған эритроциттердің бөлектеніп, бұзылуына, лимфоциттердің және макрофагтардың толық жетілуіне жағдай жасалады (ашық қанайналым). Осымен қатар макрофагтардың антигендермен байланысы және кейінгілердің элиминациясы қамтамасыз етіледі. Организмнің әртүрлі қызметтік жағдайларында көкбауырда ашық және тұйық қанайналымдары іске асырылады, бірақ олардың арақатынасы әрқилы болады.
Көкбауырдың қалпына келу қызметі
Мүшенің физиологиялық қалпына келуі жоғары деңгейде жүреді, өйткені ол жаңарып отырушы камбиалдық тіннен құралған. Көкбауырдың репаративтік қалпына келуі де жоғары деңгейде анықталады. Тәжірибе жағдайында көкбауырдың көлемінің 80-90 % сылынғаннан кейін де қалпына келуі мүмкін екені дәлелденген. Бірақ, мүшенің пішіні мен көлемінің толық қалпына келуі байқалмайды.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Бауыр және өт жолдарын тексеру. Пальпациясы және перкуссиясы
- Қан түзу жүйесі ауруларын тексеру әдістері
- Қан тобын анықтау
- Қан өндіру (гемоцитопоэз)