Пайда болған жүрек ақаулары

      Екі жармалы қақпақтың жарамсыздығы. Балалардың шағымданбауы мүмкін. Қақпақтардың жарамсыздығы ерте пайда болып, ұзаққа созылған жағдайларда кеуде қуысының сол жақ белігінде жүрек бүкірі пайда болады. Жүрек ұшының соққысы күшейіп, солға қарай жылжиды. Жүрек ұшының тұсында І-ші тон әлсірейді. Өкпе артериясы деңгейінде II-ші тонның акценті, жүрек ұшының тұсында немесе Боткин нүктесінде жақсы естілетін систолалық шу анықталады. Шу жүректің негізгі және сол жақ қолтық астына (сиректеу арқаға) тарайды. Баланы сол қырына жатқызып қарағанда шу арыта түседі.

       Митральды, яғни сол жүрекше-қарынша тесігінің тарылуы. Бұл ақаудың клиникалық көрінісі айқын білінгенде науқас ентігетініне, тез шаршайтындығына шағымданады. Науқастың бетінде осы ақауға тән белгі, яғни цианозды қызыл шырай (Fасіеs тіtrаlis), пайда болады. Жүрек ұшының соққысы әлсірейді, «мысықтың пырылы» анықталады. Жүректің салыстырмалы тұйықтығының жоғарғы және сол шекаралары үлкейеді. Жүрек ұшының тұсында І-ші тон қатты және қысқа («шапалақ» тәрізді) болып және диастолалық шу естіледі. Ол шу көбіне пресистолалық болады, бірақ пресистолалық және протодиастолалық болып қосарлануыда мүмкін. Кейде тек мезадиастолалықта болуы мүмкін. Өкпе артериясы деңгей-інде II-ші тонның акценті, кейде оның екіге бөлінгені немесе жарғақтанғаны байқалады.

     Қосақталған митральды ақау бір типтес ақаулардың клиникалық және құрал жабдықтық белгілерінің, әдетте митральды жетіспеушіліктің басымдылығымен сипатталады. Митральды тарылуының белгілері онша айқын білінбейді. Көбіне жүрек ұшының тұсыда митральды тарылуға тән шу естіледі.

     Аорта қақпағының жетіспеушілігі. Денесіне салмақ түскенде пайда болатын ентігуге, жүрек соғысына, кейде жүрек аймағының ауыратындығына, шағым білдіреді. Терісі бозғылтанады, кейде күрек тамырларының соғуы (пульсациясы) байқалады («каротид» биі). Пульс жедел және биік болады, сиректеу капиллярлы пульс анықталуы мүмкін. Минимальды қан кысым төмендейді, максимальды қысым қалыпты болып қалады немесе аздап арытады. Әдетте, минимальды қысымның төмендеу дәрежесі аорта қақпағының жарамсыздық дәрежесіне тікелей байланысты. Жүрек ұшының серпілуі күшейеді, төмен және сыртқа қарай ығысады. Жүрек шекаралары солға қарай кеңиді. Жүрек ұшының тұсында I-ші тонның әлсірегені анықталады. Жүрек негізінің аймағында немесе төстің сол қырының 3-4 қабырғааралық деңгейінде (негізінен тыңдалуға тән жер) протодиастолалық шу естітіледі. Шу көбіне төмен (әлсіз), нәзік, құйылған сұйықтық дыбысты болады. Әдетте, тікесінен тұрған науқасты ілгері еңкейтіп тыңдағанда жақсы естіледі.

     Үш жармалы қақпақтың жетіспеушілігі. Ентігу және әлсіздік айқын білінеді. Ернінің, бетінің аяқ-қолдарының цианозы, мойын тамырларының пульсациясы, эпигастральды пульсация анықталады. Пальпация жасағанда бауырдың пульсациясы байқалады. Жүректің оң шекарасы кеңиді. Төстің төменгі жағынан, оң қолтық астына тарайтын, систолалық шу естіледі. Жүрек ақаулары жәй (бір қақпақтың жекелеген зақымдалуы), қосақталған (бір тесіктің тарылуымен қақпағының жарамсыздығының қосарлануы), құрамалы (2-3 қақпақтың ақауының байқалуы) болып бөлінеді. Қосақталған ақауларды кейде күрделі ақаулар деп те аталады.

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!