Перикардиттер тек перикардтың жекелеген қабынуы ретінде балаларда сирек кездеседі. Көбіне перикардит, эндокардит немесе миокардит сияқты басқа жүректің қабынулы зақымдалуларымен бірігіп кездеседі. Перикард қуысындағы сұйықтықтың мөлшеріне қарай құрғақ және экссудатты (сұйықтықты) болып бөлінеді. Бұл ауруға шалдыққан балалардың мінез-құлқы тез өзгеріп, күрт мазасызданып, өзінің жағдайын жақсартатын қалып алуға тырысады.
Тамақтандырғанда немесе киіндіріп жатқанда мазасыздануы артып, қатты айқайлап жібереді. Перикард қуысында көп мөлшерде жиналғанда шекаралары күрт кеңейіп, жүрек ұшының соққысы жойылып кетеді. Аускультацияда тондары әлсіреп, алыстан естіліп тұрған дыбыс сияқты болады. Сұйықтық аз мөлшерде болғанда немесе перикардиттердің құрғақ түрлерінде тондар шамалы әлсірейді.
Бұндай жағдайда, әдетте, перикардтың үйкелу шуы естіледі. Ол шу отырғызып, ілгері, тыңдаушы құралға қарай, еңкейтіп тыңдағанда жақсы естіледі. Шу сүйкелгіш, тырнағыш, әруақытта қатты емес болып келеді. Жүректің бүкіл аймағында тыңдалады. ЭКГ-да вольтаждың күрт төмендегені және перикардиттің өзіне тән белгісі, ST аралығының изосызықтан жоғары ығысуы байқалады. ЭхоКГ толық мәлімет береді