Жедел мастит

Мастит

Жедел мастит –сүт безінің қабынуы. Ауру жедел және созылмалы түрінде өтуі мүмкін. Әдетте мастит бір жақтағы сүт безінде дамиды. Екіжақты мастит 10% жағдайда кездеседі. Босанудан кейінгі емізуші әйелдерде барлық аурулардың 80-90%  жуығын алады.

Мастит жаңа босанған әйелдердің  1,5 -6%, алғашқы 1 – 2 – аптада жиі кездеседі, себебі, олардың сүт безінің өзекшелері, емізікшелері толық жетілмегендіктен, лактостаз орын алады. Жүктілік кезінде, омырауда баласы жоқ  әйелдерде, жаңа туған нәрестелерде мастит өте сирек дамиды. Қабыну көбінесе бір жақ безде кездеседі.

Мастит пайда болуы себебі (этиологиясы):

Мастит қоздырғышы болып стафилококк, ішек таяқшасы, кандида типіндегі саңырауқұлақ. Инфекцияның сүт безіне түсетін жолы болып, емізікшедегі пайда болған сызат (трещина), сүт ағу жолдары (сүтті сауғанда, баланы емізгенде). Сонымен қатар инфекция басқа ауру ошақтарынан гематогенді (қан арқылы), лимфагенді (лимфа арқылы) келуі мүмкін. Аурудың дамуына сүт ағуының қиындауы көмек болады.

мастит қазақшамастит кезіндегі абсцесстің орналасу мысалы

Мастит патогенезі: Стафилоктар немесе олардың ішек таяқшалары, стрептококтармен біріккен ассоциациясы аурудың негізгі қоздырғыштары болып табылады, кейбір жағдайларда  маститті протей, көкірің таяқшалары, анаэробты флора, саңырауқұлақтар шақыруы мүмкін. Сүт безінің туберкулезі, мерез ауруы да (сифилис) кездеседі. Инфекция, науқастың айналасындағы клиникалық көріністері жоқ, іріңді қабынулары бар адамдардан жұғады. Безге микробтар көбінесе емізікшенің майда жарақаттары арқылы енеді. Сирек жағдайларда инфекция лимфогенді, гематогенді жолдармен эндогенді ошақтардан түседі. Қосалқы аурулар, жүктілік кезіндегі сырқаттану, босану кезіндегі асқынулар (жарақаттану, қансырау) науқастың иммунитетін төмендетіп, қабынудың дамуына қолайлы жағдайлар тудырады. Маститтің дамуында лактостаз негізгі фактор болып табылады, кеңейген сүт өзектеріне түскен инфекция қабыну тудырады, өзек қабырғалары ісініп, тарылып, сүттің сыртқа шығуын одан арман қиындата түседі. Жедел маститте қабыну көбінесе шектелмей жайыла береді. Қабыну тек сүт өзекшесін қамтыса, галактофорит дамиды, омыраудан шыққан сүт ірің аралас болып келеді. Емізікше айналасындағы пигментті шеңбердің бездері қабынса, ореолит деп аталады. Процесс шектелмеген жағдайда маститтің серозды, іріңді, деструктивті қабынулары дамиды. Серозды қабынуда без серозды сұйықтықпен инфильтрацияланып, тамырлар бойында лейкоциттер түзіле бастайды. Іріңді қабыну тіндердің іріңді инфильтрациясы, ыдырауы, абсцестердің пайда болуымен ерекшеленеді. Абсцестер бір-бірімен қосылып, теріасты немесе бездің артқы майлы клетчаткалы кеңістіктеріне жарып  шығады. Іріңдіктер көбінесе бездің ішінде (интрамаммарлы) және ореола астында (субареолярлы) орналасады.

Сирек жағдайларда қан тамырлары қабынып тромбозданса, бездің тіндері өліеттеніп, гангренозды мастит туындайды. Егер де жедел іріңді мастит дұрыс емделмесе, ұсақ іріңдіктер қалыптасады, айналасындағы тіндер қатайып, дәнекер тіндер өсіп, созылмалы іріңді маститке әкеледі.

Жедел маститтің клиникалық көрінісі:

Ауру сүт безіндегі аурсыну, қатаюмен басталады. Онымен бірге дене температурасының көтерілуі де қосылады. Дерт дами келе ауырсыну күшейе түседі, сүт безінің ісінуі күшейе түседі, онда тығыз ауырсыну ошақтарын анық сезуге болады, тері гиперемиясы пайда болады. Қолтықасты лимфа түйіндері үлкейіп, ауырсынатын болады, дене температурасы жоғарылап, тоңазыту (озноб) пайда болады. Қанда лейкоцитоз, ЭТЖ (эритроциттер тұну жылдамдығы) жоғарылайды. Науқас жағдайы әсіресе көптеген абсцесс, флегмонозды және гангренозды мастит кезінде нашарлай түседі. Бұл кезде жергілікті иммунитетпен басқарылып отырған қабыну ошағы ағзаға тарап,  жалпы иммунитеттің әсері әлсірей түседі. Соған байланысты барлық ағзадағы жүйелік қабыну белгілері пайда болады: дене температурасы 39 С дейін жоғарылайды, пульс 100-130 соқ/мин. дейін көтеріледі, тыныс алу жиілігі жоғары, сүт безі қатты ауырсынады, көлемі үлкейеді. Қабынған аймақ терісі қызарған, цианоз және эпидермис түлеу аймақтары пайда болады. Қанда лейкоцитоз анықталып қана қоймай, лейкоцитарлы формула солға жылжиды. Қанға себінді жасағанда бактерияларды анықтауға болады. Зәрде белок анықталады. Бұл сатыдағы ауру клиникалық көрінісі сепсиске ұқсайды (іріңді ошақ болуы, бактериемия, қабынуға ауыр түрдегі жүйелік реакция, маңызды ағзалардың полиорганды дисфункциясы және т.б). Бұл кезде полиоргандық жетіспеушілік салдарынан ауру өліммен аяқталуы мүмкін.

Жедел маститтің жіктелуі: Қабынудың ағымына байланысты жедел маститтің жіктелуі:

  1. Жедел серозды мастит.
  2. Жедел инфильтративті мастит.
  3. Флегмонозды мастит
  4. Абсцесті мастит.
  5. Гангренозды мастит.
  6. Созылмалы іріңді және іріңді емес мастит.
Жедел мастит қазақша
Мастит кезінде іріңдіктердің орналасуы 

1 – тері астында; 2 – интрамаммарлы; 3 – ретромаммарлы; 4 – галактофорит.

Маститке диагноз қою: Маститтің бастапқы кезеңінде дұрыс диагноз қойылып, тиісті ем жүргізілсе, қабыну тоқтап, кері қайтуы әбден мүмкін. Жедел маститті лактостаздан ажырата білу өте маңызды. Лактостазда екі омырау бірдей сүтке толып, керіп ауырады, пальпация ауырсынусыз, сүт  жеңіл сауылады, омырау сүттен босағаннан кейін керіп ауырғаны басылады. Қанның анализдерінде өзгерістер байқалмайды.

Жедел серозды маститте  науқас аяқ астынан қалтырап тоңады, дене қызуы күрт жоғарлап, терлейді, әлсірейді, қабынған омырау қатты ауырады, ісінеді, пальпациялағанда ауырсыну күшейе түседі, шектелмеген инфильтрат анықталады. Сүтті сауғаннан кейін де жағдайы жеңілдемейді. Қанның анализінде лейкоцитоз, эритроциттердің тұну жылдамдығы өседі.

Жедел инфильтративті маститте қабынудың клиникалық көріністері ауырлай түседі, дене қызуы 38 – 39°С дейін жоғарылайды, пальпациялағанда шекарасы айқын инфильтрат анықталады. Микроскопиялық зерттеуде сүт құрамында көптеген лейкоциттер кездеседі,  қандағы сілтілі фосфатазаның белсенденуіне байланысты сүттің қышқылдығы жоғарылайды.

Флегмонозды, абсцесті маститтерде қабынудың жалпы және жергілікті белгілері күшейе түседі. Дене қызуы үнемі жоғары немесе тәулігіне бірнеше рет жоғарылап, күрт төмендеп (гектикалық  температура), науқасты қатты әлсіретеді. Бездің инфильтрациясы, гиперемиясы үлкейіп, инфильтраттың ортасы жұмсарады, флюктуация (бүлкілдеу) симптомы анықталады. 

Гангренозды маститте науқастың жағдайы өте төмен, дене қызуы 40-41°С, тахикардия 120-130, тыныс алуы 22-25 рет/минутына, сүт безі үлкейеді, терісінде геморрагиялық көпіршіктер, некроздар пайда болады. Бездің айналасындағы тіндер ісінеді, қанның анализдерінде лейкоцитоз, лейкоциттік формула солға жылжиды, зәрде белок анықталады.

Маститтің іріңді, гангренозды түрлері лимфангиит, лимфаденит, жыланкөзбен (свищ) жиі асқынады, кейбір жағдайда сепсиспен асқынады.

Мастит емі:

Маститтің бастапқы сатысында консервативті ем қолдану керек. Сүт безін көтеріп қою (возвышенное положения), сүтті сүтсорғышпен (молокоотсос) сорып алу. Қоздырғыш түрін анықтағанға дейін кең спектрлі антибиотикпен емдеу жүргізу керек. Кейін бактериологиялық себінді нәтижесінде қоздырғыш түрі анықталғаннан кейін емді соған орай тағайындайды. Осымен паралелльді түрде метаболитикалық бұзылысты қалпына келтіруге бағытталған интенсивті ем жүргізіледі. Маститтің кез келген формасында балаға инфекция тарамас үшін, омыраумен емізу тоқтатылады.

Маститті емдегенен кейін бірнеше рет сүтке себінді жасап тексеріс жасалады. Микрофлора өсу жоқ болса омыраумен баланы емізуіне рұқсат етіледі. Жедел маститтің ауыр түрлерінде сүт бөлінуін (лактацияны) тежеуге бағытталған шаралар жүргізіледі. Ол үшін пролактин деңгейін төмендететін препараттар: бромокриптин, комбенирленген эстроген андрогенді перепараттарды тағайындайды. Сұйықтық ішуді азайтады.

Серозды, инфильтративті түрлерінде кең спектрлі антибиотиктермен (пенициллин, аминогликозидтер, цефалоспорин, макролидтер) бірге  сульфаниламидтер тағайындалады, инфузиялы терапия ретінде қан алмастырушы сұйықтықтар, гемодез, белок препараттары, тұз ерітінділері құйылады. Иммундық жүйені реттеуде гамма – глобулин т.б. иммунопрепараттар қолданады. Міндетті түрде баланы уақытымен емізіп, қалған сүтті сауып отыру өте маңызды. Қабынуды тоқтату, кері қайтару мақсатында 70-80 мл. 0,5% новокаин ерітіндісіне 500мг. канамицин, 10 мг. трипсин қосып, ретромаммарлы майлы клетчаткаға блокада жасалады және физиотерапия жүргізіледі (УЖЖ, ультрадыбыс, ультракүлгін сәулесі). Кейбір ауыр жағдайларда эстроген, андрогендер гормодарын бірге тағайындап, омыраудың сүт қорытуын тежеуге тура келеді. Іріңді, деструктивті маститтерде наркоз беріліп іріңдіктерді кеңінен тіліп ашып, іріңін толық шығарып, өліеттерден мұқият тазартады. Интрамаммарлы орналасқан іріңдіктерді радиалды тілікпен, ретромаммарлы және терең интрамаммарлы орналасқан маститтерде омыраудың астынан жарты ай тәріздес Барденгейер бойынша тілікпен, субареолярлы іріңдікті ареола шеңберіне паралелді, доға тәріздес тілік жасалып, іріңдіктерді ашады, іріңді қуысты тазартып, антисептиктермен жуып, дренаждайды.

Абсцедирлеуші, іріңді мастит кезінде хирургиялық ем қажет. Хирургиялық ем мақсаты: абсцесті ашу, іріңді жою, өмір сүруге қабілеті бұзылған тіндерді алып тастау, іріңді қуысты кейіннен жуып отыру үшін дренаж қою.

Операция жалпы наркоз астында жасалады. Тек кейбір тері астылық кіші абсцесстерде ғана жергілікті жансыздандыру қолданылады. Абсцестің орналасуына байланысты кесуді ең қатайған және флюктуацияға жақын жерден жасайды. Теріастылық және интрамаммарлы абсцесс кезінде радиалды кесу, ареолярлы кезінде ареола маңынан доға тәрізді (дугообразный), ретромаммарлы абсцесс кезінде Барденгейер кесуін жасайды.

Мастит
Мастит кезінде жасалатын тіліктер.
1 – радиалды тілік; 2 – Барденгейер тілігі; 3 – параареолярлы тілік

Операциядан кейінгі жараларды емдеу, жарадағы қабыну процесінің ағымына, кезеңдеріне сәйкес жүргізіледі. Жаралар тазарғаннан кейін ерте екіншілік тігіс салынса, емдеу мерзімі қысқарып, операцияның косметикалық нәтижесі арта түседі. Маститтің алдын алу ерте жүктілік кезінен басталғаны абзал. Болашақ аналардың денсаулығын мұқият тексеріп, эндогенді инфекция ошақтарына санация жүргізіледі.

Әсіресе бірінші рет босанатын әйелдерге баланы емізу, омырауды күту, денешынықтыру ережелерімен таныстыру өте маңызды. Жаңа туған нәрестелерді, олардың аналарын іріңді хирургиялық инфекциядан сақтауда, перзентханада санитарлы – эпидемиологиялық тәртіптің қағидалары мұқият сақталуы керек. Медперсонал арасында жасырын эндогенді іріңді хирургиялық инфекциялармен ауыратындарын анықтап, санациялау, күнделікті палаталарды жуу, дезинфекциялау, желдету, бактерицидты лампаларды пайдалану, т. б.

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!