Өңештің оқшауланған ашық және жабық зақымданулары өңештің терең орналасуына және басқа құрылымдармен тығыз қатынаста болуына байланысты сиреккездеседі. Өңештің зақымданулары сыртқы (ашық) және ішкі(жабық) болып бөлінеді. Өңеш қабырғасының ішінен болатын жыртылулары мен жарақаттары жұтылған заттардың әсерінен болуы мүмкін (тіс протездері, тауық, сиыр және балық сүйектері, еттің, нанның,картоптың үлкен бөлшектері). Психикалық ауру адамдарда кейде жұтылған қасықтардың, шанышқылардың, пышақтардың және басқа заттардың әсерінен өңеш зақымданулары байқалады.
Ашық жарақаттар суық және оқ ататын қарулар әсерінен болады. Жарақаттар жиі мойын, кеуде және құрсақтың өтпелі жарақаттары кезінде байқалады және көрші ағзалардың – кеңірдек, өкпе, жүрек, ірі қантамырлар, қалқанша без және т.б. зақымдалуларымен үйлеседі.
Жеке топқа интраоперациялық зақымдалуларды,сонымен қатар, диагностикалық және емдік іс-әрекеттер кезінде (эзофагоскопия, буждау, кардиодилятация, трахея интубациясы) болатын зақымдануларды жатқызады. Анатомо-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты мойын, кеуде және құрсақ бөліктерінің зақымдануларын ажыратады.Өңештің зақымдануы, сонымен қатар, көкірекаралыққа және өкпеге жасалған операциялар кезінде болуы мүмкін. Өңештің спонтанды жыртылуына себеп: мас болу, құсу, шамадан тыс тамақтану жатқызылады. Жоғарғы өңештік сфинктердің жабылған күйіндегі өңеш пен асқазандағы қысымның жоғарылауы оның қабырғасының бойлай жыртылуына әкеліп соғады,әсіресе, бұл өңештің көкет үстіндегі бөлігінде кездеседі.Өңеш бойлай жыртылғанда, жиі көп жағдайда жыртылу асқазанға дейін жетеді. Өңештің асқазанға өтетін жеріндегі спонтанды жыртылулар Бурхаве синдромы деп аталады. Өңештің барлық қабырғасының жыртылуы – көкірекаралыққа өңешқұрамындағы заттардың өтуіне және медиастиниттің дамуына әсер етеді.
Жіктелуі (В.С.Савельев, А.И.Кириенко, 2006 ж.).
- Зақымдану деңгейі:өңештің мойын, кеуде, абдоминалды бөлімдерінің зақымданулары.
- Орналасуы: алдыңғы, артқы, сол жақ және оң жақ қабырғаларының қарама-қарсы қабырғаларының зақымданулары және циркулярлы зақымданулар.
- Зақымдану себебі:сыртқы жарақат(тесілген, кесілген, жұлынған, оқ жарақаттары, бөгде заттар, хирургиялық операциялар немесе аспапты манипуляциялар, ятрогенді зақымданулар),спонтанды жыртылулар.
- Үйлескен зақымданулар: медиастиналды плевраның,трахео-бронхиалды жолдардың,ірі қантамырларының,көкірек аралыққа жалған ену жолы. ,
Клиникалық көріністері. Клиникалық көрінісі белгілі дәрежеде өңештің зақымдану себебіне және деңгейіне байланысты. Өңештің жабық зақымдануының операцияға дейінгі диагностикасы өте қиын. Өңештің мойын аймағы зақымдалған жағдайда зақымдалған аймақта ауру сезімі, сілекей бөлінуі және жарақаттан қан кету байқалады. Сонымен қатар, жұтынғандағы ауру сезімі, дисфагия, теріастылық эмфизема,мойынның жұмсақ тіндерінің инфильтрациясы және гиперемиясы болады.
Өңештің мойын аймағының сыртқы жарақаттары жұтынғандағы ауру сезімімен және мойын аймағындағы теріастылық эмфиземамен байқалады. Егер хирургиялық көмек ерте мезгілде жасалмаса,онда 10–20 сағаттан кейін периэзофагит,мойын флегмонасы,медиастинит дамиды. Ал жарақаттық үрдістің қолайлы ағымында зақымдалу репарация немесе жазылумен аяқталады.
Өңештің кеуде бөлімі зақымдануына семсер тәрізді өсінді маңындағы ауру сезімі тән. Науқастар сілекей ағуына,жұтынғандағы ауру сезіміне шағымданады. Егер өңеш қабырғасы толық жыртылса, қан құсу, медиастиналды және теріастылық эмфизема байқалады.
Өңештің кеуде бөлімінің ашық жарақаттарында кеуде торының өтпелі жарақаттарының, гемо- және пневмоторакспен қосарланған өкпе жарақатының клиникасы басым болады. Науқастар төс артындағы қатты ауру сезіміне, гиперсаливацияға, өңештегі бөгде затты сезінуге шағымданады.
Өңештің кардиалды бөлімінің зақымдануына науқастың жағдайын күрт ауырлататын перитонитпен асқынғанабдоминалды апат симптоматикасы тән. Жиі өңештің перфорациясы ауру сезімдік шоктың дамуымен сипатталады, яғни, беттің бозаруы, тері қабаттарының көгеруі, тахикардия, ентігу, лейкоцитоз және ЭТЖ жоғарылауы байқалады. Ауыр ағымында артериялық қысымның үдемелі түсуі,естен тану,сепсис және полиағзалық жетіспеушілік дамиды.
Кейінгі жылдары өңештің диагностикалық және емдік манипуляциялар барысында (өңешті буждау, эзофагогастроскопия, кардиодилятация, кеңірдек интубациясы) зақымдануы жиі байқалуда.
Клиникалық белгілердің әртүрлілігі зақымдану сипатына,перфорация өлшемдеріне және перфорация болғаннан кейінгі өткен уақыт аралығына тәуелді.
Диагностикасы. Өңештің зақымдануын және оның асқынуларын диагностикалау үшін мойын,кеуде және құрсақ қуысының шолу рентгенологиялық зерттеуін, өңештің рентгено-контрастты зерттеуін және қажет болғанда, фиброэзофагоскопияны қолданады.
Емі. Өңештің жабық жарақаттары кезінде байқалатын өңеш қабырғасының толық емес жыртылуында консервативті ем қолданылады. Науқастарға парентералды тамақтану, антибиотиктер тағайындалады. Ауыз арқылы тамақтануға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, консервативті ем –өңеш қабырғасының дефекті 0,5 см- ге дейіннемесе өңеш контурынан контрасты зат 2 см– ге дейін ғана ақса және өкпеқап қуысында,өңеш маңындағы талшықта,көкірекаралықта іріңді үрдіс болмаса, өтпелі жарақаттарда да қолданылады.
Өңештің кең көлемдегі жарақаттарында және ол көкірекаралықтың және плевраның талшығымен байланысқан жағдайда, хирургиялық ем тағайындалады. Егер жарақаттан 24 сағат бойы қан кетсе,онда қанап тұрған қантамырларды байлап,бойлық бағытта екі қатарлы тігіс салған жөн.Өкпеқап қуысын және көкірекаралықты эксудатты аспирациялау және антибиотик енгізу үшін дренаждау керек. Өңеш толық жыртылған жағдайда және өте үлкен жарақаттарда зақымданған аймаққа тігіс салу нәтижесіз.Бұл жағдайда өңешті теріге тігеді, бұл жарақаттың терілік жамаусалу мен жабылуы үшін жасалады. Егер радикалды операцияның уақыты кешіктірілген болса, паллиативты операциялар қолданылады (мойынның талшықтық кеңістігін дренаждау, эзофагостомия, өкпеқап қуысын дренаждау, гастростомия және медиастиностомия).
Қазіргі кезде өңеш перфорациясында көкірекаралықты белсенді герметикалық дренаждау(аспирациямен бірге) әдісі қолданылады. Өңештің мойын және жоғарғы кеуде бөлімдері зақымдалса,мойын арқылы медиастинотомия жасап,өңешті төс-бұғана-емізік бұлшықетінің алдыңғы қырымен тілу арқылы жалаңаштайды. Перфорация орнына екі қуысты дренажды түтік операциялық жарақаттан контропертура арқылы енгізіледі, дренаж арқылы экссудатты аспирациялайды және кең спектрлі антибиотиктерді енгізеді. Медиастиналды плевраның зақымдануымен қосарланған өңештің кеуде бөлімінің жабық жарақаттарында плевра арқылы торакомедиастиностомия жасалып, көкірекаралық және плевра дренаждалады, ал төменгі кеуде және құрсақ бөлімдері зақымданған жағдайда зақымданған аймаққа шажырқайарқылы дренаж енгізіледі; асқазанға зонд енгізіп, науқасты тамақтандырады.