Бүйрек өзекшелері

Алғашқы несеп бүйрек өзекшелеріне түседі және заттардың секрециясы мен реабсорбциясы нәтижесінде сандық және сапалық өзгерістерге ұшырайды. Проксималды өзекше — нефронның ең ұзын бөлігі, басында қатты иреленген, Генле ілмегіне ауысарда түзеледі. Проксималды өзекше жасушалары цилиндрлік қалыпты, беткейінде кірпікшелі жиек («щеточная кайма») бар. Бұл жерде көптеген заттар (глюкоза, аминқышқылдары, натрий, калий, кальций және фосфаттар ионы) белсенді қайта сорылады. Проксималды өзекшеге шамамен 180 л шумақшалық фильтрат түседі, содан 65–80% натрий мен су кері сорылады. Осының нәтижесінде алғашқы несеп көлемі азаяды.

Генле ілмегі. Проксималды өзекшенің тік бөлімі Генле ілмегінің төмендеуші тізесіне ауысады. Эпителийлік жасушалар аласара түседі, микробүртіктер саны азаяды. Ілмектің жоғарылаушы бөлігі жіңішке және жуан аймақтарға бөлінеді, тығыз дақта (macula densa) аяқталады. Бұл жасушалардың негізгі иондық тасымалдаушысы NKCC2, фуросемидпен тежеледі.

Юкстагломерулалық аппарат (ЮГА) 3 түрлі жасушалардан тұрады: шумақша жағына жанасатын дисталды өзекшенің эпителийлік жасушалары (тығыз дақ), экстрагломеруллалы мезангиалды жасушалар және афферентті артериола қабырғасындағы ренин өндіруші түйіршікті жасушалар.

 

Дисталды өзекше. Тығыз дақтан (macula densa) кейін дисталды өзекше басталады, ол жинақтаушы түтікшеге ауысады. Дисталды өзекшелерден алғашқы несептен 5% Na кері сіңіріледі. Тасымалдаушысы диуретиктердің тиазид тобымен тежеледі.

Жинақтаушы түтікше екі типті жасушалардан тұрады: негізгі және қосалқы. Қыртысты аймақтың милы аймаққа ауысу деңгейіне байланысты қосалқы жасушалардың саны азая түседі. Негізгі жасушаларда натрий каналы бар, олардың жұмысы амилорид, триамтерен топты диуретиктермен тежеледі. Қосалқы жасушаларда Na+/K+-АТФаза жоқ, бірақ Н+-АТФаза бар. Оларда Н+ секрециясы және Сl– реабсорбциясы жүреді. Сонымен, жинақтаушы түтікте NaCl-дың соңғы сіңірілуі жүреді. Бүйректің интерстиций жасушалары. Қыртысты қабатта милы қабатқа қарағанда интерстиций аз. Бүйректің қыртысты затында екі түрлі интерстиций жасушалары бар — фагоцит қабілетіне ие және фибробласт тәрізді. Фибробласт тәрізді интерстицийлік жасушалардан эритропоэтин өндіріледі.

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!