Нефрон — бүйректің құрылымдық-қызметтік бірлігі, ол тамырлық шумақшадан, оның қапшығынан (бүйрек денешігі), өзекшелер жүйесінен және жинақтаушы түтіктен құралады. Морфологиялық тұрғыдан жинақтаушы түтіктер нефронға жатпайды. Адамның әр бүйрегінде 1 млн-ға жуық нефрон бар, жас өте келе олардың саны біртіндеп азаяды.
Боумен қапшығының париеталды қабаты жалпақ эпителий жасушаларынан құралған. Қуыстың ішкі (висцералды) қабатын шумақ капиллярларын жабатын эпителий жасушалары, яғни, подоциттер құрайды. Боумен кеңістігі тікелей проксималды ирелеңдеген өзекше кеңістігіне ауысады. Шумақшалар негізінен бүйректің қыртысты қабатында орналасқан, олардың 1/10–1/15 бөлігі милы қабат шекарасында орналасады, олар юкстамедуллалық шумақшалар деп аталады. Олардың Генле ілмегі ұзын, милы затқа тереңірек енеді және алғашқы несептің тиімді қоюлануына қатысады. Емшек жасындағы балаларда шумақша көлемі кішкентай және оларда ересектермен салыстырғанда сүзу беткейі өте аз.