Преэклампсия (грек тілінен аударғанда eclampsus — найзағай) — жедел үдемелі өмірге қауіпті жүктілікпен жанасқан ауру. Преэклампсия жиі бірінші жүктілікте дамиды, бірақ келесі жүктілікте қайталануы мүмкін. Преэклампсияның этиологиясы мен патогенезі. Преэклампсияның даму қауіп факторлары:
– преэклампсия бойынша отбасылық анамнез;
– бедеулік;
– көпжүктілік, көпсулық;
– ана жасы >30 жас не, <18 жас болса;
– соматикалық аурулар (ҚД, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, бүйректің созылмалы ауруы, дәнекер тін аурулары, гипотиреоз, тромбофилия (антифосфолипидтік синдром (АФС), антитромбин ΙΙΙ тапшылығы).
Преэклампсия патогенезі, сонымен қатар, бірқатар жүктіліктің асқынулары (гестациялық АГ, HELLP-синдром, жедел майлы гепатоз, жүктілер ГУС-ы) эндотелийдің дисфункциясына байланысты. Преэклампсия патогенезі жатырдың спиралды артериясында цитотрофобластың инвазиясы бұзылысынан плацента перфузиясының төмендеуімен байланысты. Қалыптыда спиралды артериялар қайта өзгеру кезінде эндотелиалды және бұлшықет қабаттарын жоғалтады да, үңірейген синусоидтарға ауысады, бұл плацентаның бүрлі кеңістік аралығына қанның келуін қамтамасыз етеді, бұндай адаптация жүктіліктің 20 аптасына қарай аяқталады.
Патологиялық жағдайда плацентарлық перфузиясының төмендеуі ерігіш VEGF-рецепторы-sFLt-1-дің босап шығуына алып келеді, ол айналымдағы эндотелийлік өсу факторын (VEGF) бейтараптайды. Осындай өзгерістер нәтижесінде қан тамырлар вазопрессорларға тұрақсыз болып келеді. Жүйелі эндотелийлік дисфункция дамиды. Ағзалар мен тіндердің, ең бірінші — плацента, бүйрек, бас миы және бауырдың перфузиясы бұзылады.
Бүйрек патоморфологиясы. Преэклампсияға шумақша капиллярларының эндотелиозы тән. Шумақшалар ұлғайған, эндотелий және мезангий айқын ісінген, капиллярлар іші тарылады. Егер шумақшада жүктіліктен бұрын бұзылыстар болмаған болса, преэклампсия өзгерістері босанудан кейін толық жоғалады. Егер бұрынғы ауруды анықтау керек болса, бүйректі биопсия арқылы тексеру керек, бірақ бұл босанғаннан кейін 8 аптадан соң ғана жасалуы керек.
Клиникаcы және диагностикасы. Преэклампсия әрқашан жүктіліктің екінші жартысында дамиды. Оған тән диагностикалық критерий болып табылатын 2 белгі — жүктіліктің 20 аптасынан кейін пайда болған 140/90 мм с.б. және одан жоғары АГ және 0,3 г/тәул және одан жоғары протеинурия. Қазіргі кезде протеинурия болмауы да мүмкін дейді. Креатининнің көтерілуі және бауыр ферменттері жоғарылауы маңыздырақ болуы мүмкін. Преэклампсияны бұрын болған артериялық гипертензиядан (жүктілікке дейінгі АГ, жүктіліктің алғашқы жартысындағы болған АГ) және науқастың өзінде бар бүйрек ауруларынан ажырату қажет. Бұрында артериялық қан қысымы қалыпты болған әйелдерге қарағанда, науқаста бар артериялық гипертензияға қосарласқан преэклампсия болжамы нашар.
Тіпті преэклампсия белгілері болмағанның өзінде де, созылмалы АГ фонындағы жүктілік қауіпті. Созылмалы АГ бар жүкті әйелдерде плацентаның сылынуы, ұрықтың даму кідірісі, ұрықтың кенеттен өлуі, бүйректің жедел зақымдалуы сияқты асқынулар дамуы мүмкін. Асқынулар әйелдің жасына, АГ ұзақтығына, ағзалардың гипертония салдарынан зақымдалу белгілеріне байланысты дамиды. Дегенмен, эссенциалды АГ-мен ауыратын әйелдердің көбінде (85%) қолайсыз факторлар болмаған жағдайда жүктілік асқынуларсыз өтеді. Гестациялық гипертензияны жүктіліктің екінші жартысында АҚҚ тұрақты жоғарыласа анықтайды. Бұл патология преэклампсиядан протеинурияның жоқтығымен және басқа бұзылыстар болмауымен ажыратылады.
Анамнездік мәліметтер болмағанда жүктілердегі созылмалы АГ-дан ажырату қиын, себебі жүктіліктің ерте сатысында АҚҚ төмендейді де, кеш мерзімінде қайта жоғарылайды. Бірақ гестациялық АГ босанғаннан кейін спонтанды түрде жоғалады. Созылмалы гипертензиядан ажырату үшін, АҚҚ-н босанғаннан кейін кемінде 12 апта бақылау қажет. Преэклампсияға тән маңызды белгінің біріне гиперурикемия жатады. Несеп қышқылы концентрациясының жоғарылауы преэклампсия белгілерінің пайда болуына дейін бірнеше апта бұрын дамиды. Несеп қышқылы концентрациясының көтерілуі бүйрек зақымдалу дәрежесімен және ұрықты жоғалту қаупімен қатар жүруі мүмкін. Систолалық қан қысымы емес, жүктіліктің 20 аптасынан кейін тіркелген, диастолалық қан қысымының 90 мм с.б.-на және одан әрі тұрақты жоғарылауының маңыздылығын атап өту керек, ол перинаталды өлім жоғарылауымен қатар жүреді.