Несеп шығару жолының инфекциясы деп нақтылы үштік белгісі болса, айтуға болады:
- несепте микроорганизмнің болуы;
- арнайы симптоматика;
- лейкоцитурия.
Күнделікті дәрігерлер тәжірибесінде асқынбаған НШЖИ жиі кездеседі, ал назокомиалды жүре пайда болған инфекция көбіне асқынумен өтеді. НШЖИ асқынбаған түрімен ауыратын ересек науқастарға ажырату диагностикасын жасау үшін келесі топтарға бөліп қарау керек:
- дені сау, пременопауза кезіндегі жүкті емес әйелдер;
- дені сау, жүкті әйелдер;
- дені сау, менопаузадан кейінгі кездегі әйелдер;
- дені сау, жас жігіттер;
- тұрақты ағымды қан диабеті бар науқастар (HbA1c<7,5%).
Несеп шығару жолында анатомиялық немесе функционалдық өзгерістер анықталса, асқынған НШЖИ бар деп болжауға болады. НШЖИ асқындыратын факторлар берілген. Несеп шығару жолының төменгі бөлімі инфекциясы:
- цистит — ауру қоздырғыштарының қуықта өсуі;
- уретрит — ауру қоздырғыштарының үрпі түтікшесінде өсуі, жиі жыныстық қатынас арқылы жұғады және қоздырғыштары гонококк немесе хламидий;
- простатит — ауру қоздырғыштарының қуық асты безі паренхимасында өсуі.
Простатит урология пәнінің оқу құралдарында қарастырылады. НШЖИ-нан асимптомды бактериурияны ажырата білу керек, ол несеп жолдарында тек бактерияның колонизациясымен көрінеді, бірақ несеп жолында зақымдалу дамымайды. Асимптомды бактериурия ұғымы еш клиникалық белгі де, лейкоцитурия да болмай, тек несепте бактериурия анықталса қолданылады. Эпидемиологиялық зерттеулер көрсеткендей орта жастағы сау әйелдердің 6%-да және қант диабеті бар әйелдердің 18%-да асимптомды бактериурия анықталады. Бірақ соңғы зерттеулер асимптомды бактериурия болжамының қолайлы екендігін көрсетуде. Шын мәнінде асимптомды бактериурияны емдеу кейін антибактериялық емге төзімді, клиникалық манифесті инфекция жиілігінің артуына, дәрілік заттардың жанама әсерінің пайда болуына әкеледі.
Қазіргі таңда асимптомды бактериуриясы бар жекеленген топтарға ғана скрининг жасау және емдеу ұсынылады.
- жүкті әйелдер;
- қуық асты безін трансуретралды жолмен резекция жасар алдында және басқа да несеп жолын жарақаттау қаупі бар урологиялық араласулар алдында.
Асимптомды бактериурия уропатогенді диагнозы бір штамм 24 сағат ішінде 2 рет қатарынан анықталса және саны ≥105 КОЭ/мл-ден жоғары болса қойылады. Асимптомды бактериурия емі асқынбаған НШЖИ кезіндегідей жүргізіледі (төменде берілген). Несеп шығару жолының жоғарғы бөлімі инфекциясы: жедел пиелонефрит (ПН) — ауру қоздырғыштарының бүйректің интерстициалды тініне еніп, гранулоцитарлы қабынудың дамуы, ол кезде — жедел бактериялық интерстициалды нефрит дамиды. Жедел пиелонефрит — қауіпті, жіті жағдайларға жататын ауру, әсіресе, ерте жастағы балаларда және қарт адамдарда. Ағымына байланысты НЖШИ жедел немесе қайталамалы болып бөлінеді. Егер 1 жылда НШЖИ 3 көрінісі анықталса немесе 6 ай ішінде екіден көп көріністер анықталса, қайталамалы (рецидивті) деп есептеледі.