Артериалды гипертензияның емі

АГ-ны емдеудің мақсаты жүрек-қан тамырлық асқынулардан аурушаңдық пен өлім-жітімді төмендету болып табылады. Көптеген клиникалық сынамалар антигипертензивті емнің плацебомен салыстырғанда миокард инфаркты мен жүрек жеткіліксіздігінің қаупін 20-дан 25%-ға дейін, ал инсульт жиілігін 30-дан 40%-ға дейін төмендетіндігін көрсетті. Ең алдымен, САҚ-ны қалыпқа келтіру керек, себебі ол нысана-мүшелердің, соның ішінде, жүректің, қантамырлардың және бүйректің зақымдалу дәрежесімен сәйкес келеді.

АГ-ны бақылауда САҚ дәрежесінің 140 мм с.б.-нан, ал ДАҚ 90 мм с.б.-нан төмен болатындай деңгейге қол жеткізу керек. Қант диабетімен және ДН-мен науқастарда АҚ-ның мәні 130/80 мм с.б.-нан аспауы тиіс. Дәрілік емес ем Гипертонияның фармакологиялық емес емін, яғни, өмір салтын өзгертуді жеке немесе медикаментоздық еммен қатар жүргізеді.

  • Тұзды шектеу. Натрийді тұтынуды азайту қан қысымын төмендететіні және барлық антигипертензивті препараттардың әсерін арттыратындығы дәлелденген.
  • Салмақты азайту. Толық науқастардың салмағын азайту АҚ-ды айтарлықтай төмендетуге септігін тигізеді. Жоғалған дене салмағының әрбір 1 кг-на АҚ 0,5-тен 2 мм с.б.-на дейін төмендейді.
  • DASH-диета. DASH-диета жеміс пен көкөністерді, майсыздандырылған сүт өнімдерін көптеп пайдаланудан және тұзды шектеуден тұрады.
  • Аэробты жаттығулар әдетте жүйелі артериялық қысымға оң әсерін тигiзеді.
  • Ішімдікті шектеу. Ішімдіктің мөлшері ерлер үшін күніне 2 мөлшерден, әйелдер үшін 1 мөлшерден аспауы тиіс (1 мөлшер = 10 г таза алкоголь = 100 мл шарап немесе 285 мл сыра немесе 30 мл 40% спирттік ішімдік).
  • D витамині. 25-гидроксивитаминнің деңгейі төмен болғанда және D витаминінің тапшылығының қаупі бар адамдар D витаминін қабылдауды бастауы керек.
  • Науқасқа артериялық қысымды бақылауды үйрету. Науқастарға АГ-мен басқа науқастардың жеке тарихын айту артериялық қысымды бақылауды жақсартады.
  • Басқа медикаментоздық емес ем: оған калийді дұрыс қолдану, темекіден бас тарту, қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды және парацетамолды қолдануды шектеу жатады.

 

    Фармакотерапиясы. Көптеген клиникалық сынамалар антигипертензивті препараттардың барлық негізгі топтарының (тиазидтік диуретиктер, ААФ тежеушілері, ангиотензин ІІ рецепторларының бөгеушілері, β-блокаторлар, кальций каналдарының бөгеушілері) АГ-ның асқынуларының даму ықтималдығын төмендететіндігін көрсетті. Асқынбаған гипертонияның бастапқы монотерапиясы. Арнайы көрсеткіштер болмаса, бастапқы монотерапияда препараттардың негізгі 3 тобы қолданылады: тиазидтік/тиазид тәріздес диуретиктер, ұзақ әсерлі кальций каналдарының бөгеушілері (жиі дегидропиридиндерді, амлодипин сияқты) және ААФ тежеушілері немесе ангиотензин II рецепторларының бөгеушілері. Арнайы көрсеткіштер болмаса, β-блокаторлар әдетте бастапқы монотерапияда қолданылмайды. АҚ мақсатты деңгейден 20/10 мм с.б. (>160/100 мм с.б.) артық болса, біріктірілген емді бастаған жөн (ұзақ әсерлі кальций каналдарының бөгеушілерімен біріктіріп ұзақ әсерлі ААФ тежеушілері немесе ангиотензин II рецепторларының бөгеушілері беріледі). Балалардағы АГ-ны емдеу принципі ересектердегідей жүргізіледі. Алайда этиологиялық факторлар мен баланың жасын ескерген жөн. Мысалы, гиперальдостеронизм кезінде спиронолактон (верошпирон) тиімдірек болса, вазореналды гипертензияда ААФт оң әсер көрсетеді, алайда бұл препараттардың қарсы көрсеткіштері мен олардың жанама әсерлерін ескерген жөн. Негізінде катехоламиндердің шамадан тыс өндірілуі жататын АГ-ның криздік ағымында α-адреноблокаторлар (празозин) қолданған жөн. Феохромоцитома кезіндегі АГ-да барлығынан гөрі тиімдірегі — фентоламин. Ағзада натрий мен судың іркілуімен жүретін бүйректік паренхиматоздық гипертензияда диуретиктер қолданылады. Кез келген этиологиялы АГ-ның емінде біріктірілген ем қолданғанда жиі оң динамикаға қол жеткізіледі. АҚ-ның күрт төмендеуін болдырмас үшін болмашы гипертензияның пероралды емінде препараттардың мөлшерін аз мөлшерден бастаған жөн. Әсер ету механизмдері бірдей препараттарды бір уақытта қолдану олардың жанама әсерлерінің күшеюіне әкеледі. Монотерапияны емдік мөлшерлерде қолданған жөн, АҚ қалыпқа келмеген жағдайда ғана біріктірілген емге көшу керек.

Қазіргі кезде АГ-ны емдеуде негізінен кальций каналдарының бөгеушілерімен ААФт қолданылып жүр, олар жанама әсерлерінің салыстырмалы түрде аздығына және науқастардың өмір сапасын жақсартуда жоғары тиімділіктеріне байланысты таңдау препараттары болып табылады. β-блокаторлар мен кальций каналдарының дигидропиридиндік емес бөгеушілерін бірге қолдану орынсыз, себебі бұл топтардың препараттары миокардтың жиырыл – ғыштығын төмендетеді, яғни, іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің дамуымен қауіпті. 80–85% жағдайда балаларда кальций каналдарының бөгеушілерімен ААФ тежеушілерін біріктіріп қолданғанда АҚ-ның мақсатты деңгейіне қол жеткізіледі. Әсері ұзақ препараттарды қолданған тиімді, себебі олардың әсері жұмсақ, әрі біртіндеп әсер етеді және ұзақтығы бір тәулікке дейін жетеді. Мұндай препараттарға ААФ тежеушілері мен диуретиктерден индапамид жатады. АГ-ны емдеуде, әсіресе, педиатрияда, ганглиоблокаторлар мен орталық α-адреномиметиктер (клофеллин) сирек қолданылады, себебі олардың тиімділігі салыстырмалы төмен және препаратты бірден алып тастағанда «рикошеттік» гипертензия сияқты жанама әсер көрініс табады. Барлық антигипертензивті препараттар бақылаулық сынамалардан өтпегендіктен, педиатрияда олардың барлығы қолданыла бермейді.

 

АГ емінің тиімділігінің ең басты критерийлерінің бірі сол қарыншаның гипертрофиясының кері дамуы болып табылады, бұл жағдай негізінен β-адреноблокаторлар мен ААФ тежеушілерін қолданғанда байқалады. ААФ тежеушілері сондай-ақ антипротеинуриялық әсерге ие, яғни, бүйректің созылмалы ауруы кезінде нефропротективті әсер көрсетеді. Реноваскулярлық гипертензияда хирургиялық ем жүргізіледі (реваскуляризация процедурасы немесе стенттеу). Егер реваскуляризация жүргізу мүмкін болмаса немесе бүйрек қызметі айтарлықтай төмендесе, нефроэктомия жасалады. Қолқа коарктациясында, Вильмс ісігінде, ренин өндіруші ісіктерде хирургиялық ем жүргізіледі.

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!