Біріншілік (эссенциалды) гипертензия АГ-ның барлық түрлерінің 90–95%-ын біріншілік АГ (эссенциалды АГ, гипертониялық ауру) құрайды. Симптоматикалық (екіншілік) АГ-ның үлес салмағы шамалы ғана, және оған әкелген себептерді анықтаған жөн (бүйрек аурулары, Кушинг синдромы, феохромоцитома, қолқа коарктациясы және т.б.).
Біріншілік АГ-ның патогенезі әлі толық ашылмаған, бірақ себепші факторлары мыналар:
- симпатикалық жүйке жүйесінің белсенділігінің жоғары болуы, жоғары β-адренорецепторлық жауаппен;
- ангиотензин II-нің белсенуінің артуы және минералокортикоидтардың артық мөлшері;
- тұқым қуалайтын факторлар, яғни ата-анасының біреуі немесе екеуі де АГ-дан зардап шеккен науқастарда гипертония шамамен екі есе жиі кездеседі.
Бірнеше эпидемиологиялық зерттеулерге сүйене отырып, егерде АГ ата-анасының біреуінде болса, онда 30% жағдайда, ал екеуінде де болса, онда 60% жағдайда АГ-ның даму қаупі бар деп болжауға болады; жұмыс істеп тұрған нефрондардың санының азаюы гипертонияға бейімдейді, ол генетикалық факторлармен байланысты болуы мүмкін — құрсақішілік дамудың бұзылысы (мысалы, шала туылу, гипоксия, есірткілердің әсері, тағамдық тапшылық), туылғаннан кейінгі қоршаған ортаның әсері (мысалы, жеткіліксіз тамақтандыру, инфекциялар).
АГ-ның шығу тегі туралы жорамалдар жасауға болатын біріншілік және екіншілік АГ-ға тән қауіп факторларын шектеуге болады. Келесі қауіп факторлары жиі эссенциалды АГ-мен байланысты:
- анасында, әкесінде немесе екеуінде де гипертония болса;
- натрийді шамадан тыс қолдану;
- ішімдікті шамадан тыс қолдану;
- семіздік және артық салмақ;
- физикалық белсенділіктің аздығы;
- семіздікпен байланысы жоқ дислипидемия да гипертензияға себепкер;
- гипертония мінез-құлқының ерекшеліктері бар (жоғары эмоционалды), үнемі күйзеліс жағдайында және уақыт тапшылығында (цейтнот) жүретін, сондай-ақ, депрессияға бейім адамдардың арасында кеңірек таралуы мүмкін;
- D витаминінің тапшылығы гипертония дамуының жоғары қаупімен байланысты.