Бейімделіс
Бейімделіс (адаптация) – сыртқы ортаның құбылмалы жағдайларына организмнің икемделуі. Ол жасушалық, ағзалық, жүйелік және организмдік деңгейлерде өтеді, сөйтіп туа болған немесе жүре болатын икемделу әрекетінің бардық түрін көрсетеді. Ортаның көптеген жағдайлары организмнің мұндай қасиеттеріне барабар немесе бейбарабар келеді. Организмнің барабар тітіркендіргішке бейімделу қабілеті ұзақ мерзімді эволюциялық даму сатысында қалыптасты. Ал барабар емес тітіркендіргіштер көбінесе организм мен ортаның теңестірілу қасиетін жояды.
Ғылым мен техника жедел дамыған сайын, адамның шаруашылық және өндірістік іс әрекетінің өрісі кеңейіп, жаңа істер, мекен-жайлар игеруіне мүмкіндік туып отыр. Алайда табиғи және өндірістік жаңаша жағдайларда, организмге жағымсыз әсер ететін төңіректің қолайсыз түрткілері жиі кездеседі. Бұлар төтенше немесе шамадан тыс тітіркендіргіштердің қатарына жатады.
Төтенше түрткілер физикалық, химиялық орасан, ақпараттық, мағыналық (семантикалық) және биологиялық болып 5 топқа жіктеледі. Ортаның үйреншікті физикалық (қысым, климат, маусым, космос жылылық, сәулелену) және химиялық (ауаның, тағамның құрамы, газдардың мөлшері) түрткілері әдеттен тыс әсер еткенде, олар организмде төтенше жағдайлар туғызады.
Орасан түрткілер гравитациялық (салмақсыздық, әсіресалмақтық) және ақпараттық (қисындық, құрамалық, жағдайлық) негіздерден тұрады.
Адамның күнделікті тіршілік жағдайларында ақпараттық түрткілер, мәселен, жалған немесе оқыс, жеткіліксіз немесе артық хабарлар төтенше ықпал жасайды. Қазіргі кезде адам жасынан және өмір бойы ақпараттық жүктемеге ұшырайды. Сондықтан ол үнемі бейімделу әрекеттерінің қауырттығын талап етеді. Бұлар арнайы өндірістік іс әрекеттің шараларымен қосылып, адамның психика саласында зорланыс және бейімделіс олқылықтарын тудырады.
Мағыналық төтенше түрткілер жеке адам басына немесе ұжымға қауіп-қатер төнгенде, апат жағдайларында пайда болады.
Биологиялық төтенше түрткілерге кенеттен ауру, ұзақ уақыт ұйықтамау, аштық және т.б. жатады. Осыған орай адамның бейімделіс негізін тіршіліктік және әлеуметтік тетіктері жасайды.
Организм осы жағдайларға бар мүмкіншілігінше өзінің құрылымдық және әрекеттік әсерленістері арқылы бейімделіп отырады. Оның табиғи ортадағы әртүрлі маусымдық жағдайларына икемделу құбылысын акклиматизация деп атайды. Ол бейімделістің жекеленген түрі болып саналады.
Бейімделіс түрлері
Қазір бейімделістің әралуан түрлері болғанымен, көпшілік мақұлдаған топтары жоқ.
Бейімделісті мерзіміне қарай ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді деп жіктейді. Қысқа мерзімді бейімделісті икемделудің «авариялық сатысы» ретінде қарайды. Мұнда бейімделістің бастапқы кезінде, жүйке жүйесінің орталық бөлімдерінің әрекеттік күйі қатты өзгеріп, организмнің әсерленгіштігін өсіруге мүмкіндік жасалады. Ұзақ мерзімді бейімделіс организмнің икемделу қабілеті, мінездік әсерленісі мен жалпы әрекетін жоғары сапада қамтамасыз етеді. Бұл оның гипоксияға, суықтыққа, тамақтың тапшылығына бұрын байқалмайтын төзімділігін тудырады.
Жеке организм деңгейінде бейімделістің төмендегідей түрлерін ажыратады: туа біткен және жүре пайда болған, жеке және қауымды, жалпы және маманданған, арнамалы және бейарнамалы, ішкі және сыртқы, шартты және шартсыз, қалыпты және төтенше, морфологиялық және физиологиялық, соматикалық және психикалық т.с.с.
Сыртқы ортаның құбылмалы өзгерістеріне дені сау адамның бейімделісі арнайы физиологиялық әсерленістер арқылы жүзеге асырылады.
Физиологиялық бейімделіс деп әрекеттік жүйе, ағза, тіндер белсенділігі мен өзара байланысын реттеуші тетіктердің орнықты деңгейін айтады. Бұның мәні ортаның жаңаша жағдайларында организмнің сақталуына, дамуына, қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін әрекеттердің қайта құруына келіп тіреледі. Сонымен бірге ортаның өзгерген жағдайларында адамның ұзақ өмір сүруі, жұмысқа қабілетінің сақталуы, ұрпақ жаңғыртуы бейімделістің көрнекті белгілері болып саналады.
Физиологиялық бейімделіс жағдайын талдағыштар жүйесін тітіркендірудің табалдырық күшіне және қарқынына икемделу қасиетінің өзгеруінен байқауға болады. Ол туралы өткен тарауларда толық айтылған.
Құрылымдық бейімделістің негізін жасушалық жасушалық бейімделіс түзеді. Жасушалық бейімделіс деп қоршаған орта жағдайларына, аман қалу және қайта жақсару үшін олардың икемделуін айтады. Ол организмдік бейімделістің бастапқы кезеңі болып саналады. Жасушалық бейімделісті шамамен генотипті және фенотипті деп екіге жіктейді. Генотипті бейімделіс шыдамды, берік жасушаларды іріктеу нәтижесінде пайда болады. Фенотипті бейімделіс залалды түрткілерге қарсы қорғаныш әсерленісі ретінде туады. Ол тітіркендіргіштердің қарқыны мен мерзіміне байланысты болады. Сондықтан бейімделістің ұзақтығы және жасушаның төзімділігі өзгеріп отырады.
Организмнің фенотипті икемделісін даралама бейімделіс деп те атайды. Ол ортаның белгілі түрткілеріне бұрын болмаған тұрақтылықты және алдында шешімі қиын мақсаттарды жаңаша шешу мүмкіндігін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Мұнда ең әуелі осы нақтылы түрткіге жауапты әрекеттік жүйелер, одан кейін жалпы әрекеттік жүйелер жұмылдырылады, соңынан жалпы бейарнамалы стреске қарсы жүйелер іске қосылады. Даралама бейімделіс түрлік икемделудің құрамына кіріп, оның дамуына әсер етеді. Бұл – популяциялық бейімделіс. Қауымдастық-түрлік бейімделіс тұқымқуалаушылық арқылы жеке организмдерге беріледі.
Бейімделу әсерленістері
Жалпы бейімделіс организмнің екі түрлі әсерленісіне байланысты болады. Біріншісінде, әсер етуші түрткілерді түйсіну үшін физиологиялық әсерленіс белсендіріледі, ал екінші түрінде оның әсерімен кездесуден организм қашқақтайды. Өйткені организмнің әрекеттік күйіне, жағдайына байланысты бейімделетін түрткілер жағымсыз немесе жағымды әсерленістер тудыруы ықтимал. Сондықтан көбінесе бейімделістің мәнін толық ұғыну, оның пайда болатын жағдайларын айқындауды талап етеді.
Адамдарға төтенше түрткілер әсер еткенде екі түрлі әсерленіс байқалады. Біреуі барабар әсерленіс болса, екіншісі – абыржу әсерленісі. Барабар әсерленіс организмнің арнайы жауаптары арқылы төтенше түрткілердің әсерін әлсіретіп немесе жойып, оның қажетті іс әрекетін сақтауға бағытталады. Мұндай жағдайда адам байымды, мақсатты мінез көрсетеді. Оған көтеріңкі сезініс күйі әсер етеді. Әсерленістің бұл түрінде талдағыштардың сезімталдығы өзгереді, зейін шоғырланады, қысқа мерзімді және амалдау зерде жақсарады, іс қимылдар дәйекті жоспармен атқарылады. Адамда қырағылық, қосымша сақтық пайда болады.
Абыржу әсерленісі кезінде талдағыштардың түйсіну табалдырығы көтеріледі, зейін шашырайды, зерденің көлемі азайып, адамның еңбектену қабілеті төмендейді. Абыржу әсерленісінің белсенді және селқос түрлері бар. Белсенді түрін үрей билеген адамның мінезінен байқауға болады. Ол пайда болған жағдайдан қашу әрекетінен басталады. Алайда бұл мінездік көрініс қисынсыз, орашолақ түсініксіз жағдайға байланысы жоқ қимыодардан тұрады. Адамның эмоциялық күйі тасып, еліктеу және илану қасиеттері жоғарылайды. Ал абыржу әсерленісінің селқос түрінде, керісінше белсенді қимыл тыйылады. Адам дағдарып, еркінен айырылып, есінен танады. Түрткінің әсерінен мелшиіп, қаша алмайды. Бүкіл талдағыштардың сезімталдығы өте төмендейді.
Әдетте, төтенше түрткілерге жауаптың түрі оларды тудыратын себептердің сипатына байланысты. Осы себептерді жағдайға байланысты сыртқы, ішкі және әлеуметтік деп жіктейді. Сыртқы себептер әсер етуші түрткілердің күші, қарқыны, мерзімі, ырғағы, қасиетіне байланысты болады. Сонымен бірге іс әрекетті ұйымдастыру сатысы, яғни жұмыс орны, мекені адамның техникамен қарым-қатынасы ықпал жасайды. Ішкі себептерге әртүрлі әсерленіс шығаратын адам психикасының ерекшеліктері, мінез-құлығы және организмнің хал-жағдайы жатады.
Әлеуметтік себептердің ішінде іс әрекеттің мақсатын, адамдардың өзара қатынасын және талаптарын атауға болады. Осы себептердің салдарынан организмнің қалыпты жағдайы өзгеріп, негізгі әрекеттері зор күш салу арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан оның физиологиялық қосалқы қоры тез азаяды, тіпті кейде сарқылады немесе әсерленіске өтеміс тетіктердің тиімсіз түрлері жұмылдырылады.
Алайда организм сыртқы және ішкі ортаның әртүрлі түрткілерімен өзара әрекетінде осы белсендіру немесе тосқауылдау тетіктерін барлық деңгейде қатар қолданылады. Сөйтіп ол өзінің бірнеше кезден өтетін бейімделіс әсерленісін қамтамасыз етеді.
Бейімделіс кездері
Бейімделіс әсерленісі нақтылы физиологиялық тетіктермен байланысты бірнеше кезден тұрады.
- Бейімделістің бастапқы кезі тітіркендіргіштер әсер еткен алғашқы сәттен басталады. Мұнда әртүрлі бағытталған құрама әсерленістер байқалады. Бірінші құрама әсерленіс – бағдарлау рефлексіне байланысты. Бұл рефлекс пайда болғанда, осыған дейінгі іс әрекетті тежейді. Жалпы тежеуші әсерленіс күшті тітіркендірудің бәріне жауап ретінде туады.
Екінші құрама әсерленіс – қозу түрінде жүзеге асырылады. Мұнда жүйкелік нәрлендіру ықпалдары белсендіріледі және ағзалардың қызметі күшейеді. Бұл әсерленістерді симиатоадреналин жүйесімен бірге орталық жүйке жүйесі атқарады. Алайда бейімделістің бастапқы кезінде, олар өзара үйлесімсіз болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл кезге организмнің даралама ерекшеліктері, эмоциялық өзгерістері де қатысады.
- Бейімделістің келесі сатысы – өтпелі кез. Мұнда орталық жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді, гормондардың, белсенділігі азаяды, алғашқы әсерленіске қатысқан жүйелердің ықпалы тыйылады. Ол кезде организмнің икемделу әрекеттерге тіндерде тереңдей түседі, бұған бүйрекүсті бездерінің қыртыс қабатының «бейімдегіш гормондары» әсер етеді.
- Бейімделістің тиянақты кезі – организмнің және оның құрамына енетін ағзалардың, жүйелердің жаңа жағдайларға мұқият икемделу сәтін көрсетеді. Олардың қызметі үйлесімді келеді. Организмнің бейарнамалы төзімділігі көтеріледі және әркелкі арнайы бейімделістің тетіктері де дамиды. Бұл кез физиологиялық құбылыстарды үнемді атқарады және энергия шығындарын азайтады және иммундық қасиетін көтереді.
Бейімделістің бұл кезін ұдайы тұрақты, өзгермейтін жағдай деп қарауға болмайды. Организмде оның ауытқулары, тербелістері жиі болуы ықтимал. Өйткені оған әралуан қосымша жанама түрткілер әсер еткенде, ол өзінің тіршілік күйінің шығыны мен қайта қалыптасуына байланысты туатын гомеостаздың жаңа деңгейін үнемі сақтауға тиіс. Сондықтан бүкіл тірліктік әрекеттер зор күш салу арқылы жүзеге асырылады. Ол организмнің энергия шығынын ұлғайтады, иммундық және гормондық қосалқы қорын азайтып, ақыры бейімделістің бұзылуына – дизадаптацияға әкеліп соғады.
- Дизадаптация кезі организмнің әрекеттік қоры сарқылуы нәтижесінен немесе нейрогормондық жүйенің және зат алмасуының өзара байланысы бұзылғандықтан пайда болады. Бұл жағдайда бейімделістің бастапқы кезі сияқты іс әрекеттің тұрақты көрсеткіштерінің ауытқулары пайда болады. Олар үйреншікті тітіркендіргіштер шамадан тыс немесе кездейсоқ түрткілер көп уақыт әсер еткенде туады.
- Организм бейімделіс тудырған әсерлерден құтылған жағдайда, соның салдарынан пайда болған әртүрлі құрылымдық және әрекеттік ерекшеліктерден біртіндеп арылады. Алайда оның жойылған икемделу әсерленістері сол бейімдеуші түрткілер тағы да әсер етсе, қайтадан қалыптасуы мүмкін. Мұны қайта бейімделіс (реадаптация) деп атайды.
Бейімделіс түтіктері
Адам экологиясының негізгі мақсаты организмнің бейімделіс әсерленісін қамтамасыз ететін физиологиялық тетігін тексеріп, икемделу әрекетін жетілдіру болып саналады. Мұның басты міндеті адамның денсаулығын сақтау, оны жақсарту және аурудың алдын алуда өте тиімді жүйелер жасау.
- Организмнің икемделу әсерленісі негізін жүйкелік және гуморальдық тетіктер құрайды. Денеге күшті, өте күшті, орасан және төтенше тітіркендіргіштер оқыс әсер еткенде, оларды қабылдап, өңдейтін негізгі жүйке құрылымдарында шамадан тыс зорлану жағдайы пайда болады.
- Қоршаған ортаның құбылмалы өзгерістеріне икемделуді жүзеге асыратын бейімделістің жалпы физиологиялық тетіктері әрекеттік жүйелер арқылы атқарылады. Ол қозғағыш және жағдайлық тітіркендіргішті бағалаудан басталып, шешім қабылдаумен болашақ нәтижені алдын ала озық болжауды қалыптастырады. Содан кейін іс қимыл нәтижесін салыстырғыш аппарат іске қосылады. Әрекеттік жүйе лимбия, торлы құрылым және ми қыртысының белгілі аймақтарын қамтиды.
- Бейімделіс кезінде ақиқатты бейнелеу негізі шартты рефлекстер арқылы жасалады. Ол әсіресе бейімделу жақтарының сақтық және ишаралық мәнін айқын бейнелейді.
- Жоғарыда айтылғандай, әрбір бейімделіс, әсіресе төтенше жағдайларда, зор энергия шығынымен тіршіліктің маңызды жүйелерімн реттеуші тетіктердің күш салуын талап етеді. Бұл бейімделістің алғашқы сәттерінде өтеміс тетігінің белсендірілуі арқылы жүзеге асырылады.
Жалпы өтеміс қасиеті ортаның төтенше түрткілерінен туатын алғашқы рефлекстік әсерленіс. Ол организмдегі әрекеттік өзгерістерді жоюға немесе азайтуға бағытталады. Бұл тетіктер биологиялық маңызы бойынша, организмнің қосалқы амалдарының негізгі бөлімі болып саналады. Олар өте жылжымалы, организмнің апаттан шығу жағдайларын қамтамасыз ететін, жедел пайда болатын физиологиялық амалдар. Сондықтан бұл тиімді өтеміс тетіктер организм барабар емес жағдайларға тап болғанда, ұзақ уақыт гомеостазды қажетті деңгейде, яғни бейімделістің тиянақты кезі шыққанша, ұстап тұрады.
- Организмнің бейімделіс тетіктері ішінде эндокриндік жүйенің мәні өте зор. Мұны тұңғыш анықтаған ғалым Г. Селье (1935). Оның айтуынша, бейімделістің негізін гипаталамус-гипофиз және адренокортикалық жүйенің белсенділігі құрайды. Мұны организмнің стресс жағдайларында байқауға болады.
Бейімделістің белгілері
Әрбір организмнің бейімделісі өзіндік мөлшерлік және сапалық айырмашылықты иемденеді. Бұлардың ара-салмағы бейімделістің өлшемі болып саналады. Организмнің бейімделіс өлшемі болып саналады. Организмнің бейімделіс өлшемі ретінде белгілі ырғақ пен тіршілік нормасы есептеледі.
Организмнің бейімделіс әрекетінің ырғағы оның ішкі күйіне, белсенділік дәрежесіне және тіршілік қарқынына, сыртқы түрткілердің сипатына байланысты өзгеріп отырады. Осыған орай, организмнің белсенділік шамасына сәйкес тіршіліктің үш түрлі: дағдылы, төмендеген және жоғарылаған нормасын жіктейді.
В.П. Казначеев бейімделістің төрт белгісін ажыратады:
- Термодинамикалық белгілер – барабар және бейбарабар жағдайларда биологиялық жүйелердің қолайлы деңгейін тұрақты ұстауға бағытталған;
- Кибернетикалық белгілер – әртүрлі жағдайларда өздігінен реттелуші жүйелердің әрекеттік деңгейде қзін сақтау үрдісі;
- Биологиялық белгілер – бейімделіс кезінде биологиялық жүйелердің түрлік қауымдастық, биоценоздық қасиеттерді сақтап және дамытып үдемелі эволюцияны қамтамасыз етуі;
- Физиологиялық белгілер – ортаның құбылмалы жағдайларында біртұтас организмді, оның гомеостаздық жүйелерінің әрекеттік жағдайын қолдап, денсаулығын, жұмыскерлігін, ұзақ өмірін қамтамасыз ету үрдісі.
Адаптация ілімін жете дамытушы, Н.А. Агаджанянның ұсынысы бойынша, бейімделістің белгілеріне: а) тіндегі газ алмасуына жауапты физиологиялық әрекеттердің тұрақтылығы; ә) оттегін максималды пайдалану шамасы; б) әрекеттік жүйелердің шайқалусыз белсенділік және өзара әсерленіс деңгейінің тиянақтылығы; в) дене және ой еңбегіне жұмыскерлік қабілетінің толық қайта жасалуы; г) олардың қосымша түрткілерге төзімділігі; д) хронология ауытқуларына орнықтылығы; е) организмнің иммуналдық белсенділігін қалпына келтіру; ж) ұрпақ жаңғырту қасиеттері жатады.
Әртүрлі жағдайларға бейімделіс
Температура әсеріне бейімделіс. Организм қоршаған ортаның суық және ыссы температура өзгерістеріне әртүрлі ерекшеліктерімен бейімделеді.
Суықтыққа бейімделу. Суық аймақтың организмге жағымсыз әсерлері: суықтық температура, ғарыш сәулелерінің қарқындылығы, геомагнит және электр өрісінің толқуы, атмосфералық қысым, гипоксия.
Сонымен қатар солтүстіктің жануарлар мен өсімдік әлемінің тапшылығы, ұзақ әлеуметтік оқшаулану, қатаң табиғи жағдайлары адамның бейімделісін қиындатады.
Суыққа бейімделудің алғашқы кезеңінде жарты жылға дейін физиологиялық көрсеткіштердің тұрақсыздығы байқалады.
Екінші кезеңде тұлғалық және тірліктік әдеттегі психоэмоциялық жүктемелерде қалыптастығы және лайықтығы орын алады.
Үшінші кезеңде (кейінгі 10-15 жыл) организмнің күйі тұрақталады. Тіршілік әрекетін қалыпты күйде ұстау үшін нейро-эндокриндік реттеу жүйесінің зорлануы қажет. Алайда бұл организмнің қосалқы мүмкіндіктерін әлсіретеді.
Адам суық жерлерде немесе тоңазытқыштарда жұмыс істегенде, алғашқы кезде оның организмінің жылу өндіруі тиімсіз, орасан көп, ал жылу шығаруы әлі де жеткіліксіз болады. Кейін жылу өндіру мен жылу шығару теңестіріліп бейімделістің тиянақты кезі қалыптасады. Сөйтіп бұл адамның өзіне тән температуралық режимі пайда болады. Мұнда бейарнамалық бейімделіс құбылыстарымен қатар, суықты қабылдауды бейімдейтін және дене температурасының белгілі ырғағын жасайтын арнайы тетіктер қатысады.
Ыстыққа бейімделу. Жер шарындағы халықтың тең жартысы табиғи ыссы жағдайларда өмір сүреді. Ысы және ылғалды аймақтардың жағымсыз түрткілері жылу реттеу, қан және қанайналымы, зат алмасу, иммунитет жүйелерінде өзгерістер тудырады.
Жоғары температураға икемделу суыққа бейімделу тектес болады. Алайда, мұнда организмдегі өзгерістер суықтыққа қарағанда басқаша, қарама-қарсы болып келеді. Бұл ретте бейімделістің бастапқы кезі тыныстың, жүрек соғуының жиілеуінен басталады. Дене бетінің тамырларында, әсіресе қолдың саусақтарында, қан ағыны жеделдейді – 8 л/мин дерлік жетеді. Жылу стресінің мұндай әсерлері симпатикалық жүйкенің белсендірілуінен туады. Организмде қан мөлшері қайта бөлініп, ішкі ағзаларда ол азаяды да, сыртқы дене бетінің тамырларында қан ағымы жеделдейді. Жылудың әсерінен жуан жасушаларда, лейкоциттерде гепарин, гистамин көп бөлініп, вазодилятация (тамыр кеңею) күшейеді. Ол денеден тердің көп шығуына әкеп соғады, жылу шығымы ұлғаяды. Сонымен бірге жылу өндіру бәсеңдейді.
Гипоксияға бейімделіс. Организмде оттегінің тапшылығы бірнеше жағдайларда кездеседі. Кейбір дерттерде тіндердің оттегін пайдалану қабілеті нашарлайды. Гипоксия қанның тіндерге оттегін жеткізу қабілеті әлсірегенде, эритроцит, гемоглобин азайғанда, қанайналымы бұзылғанда немесе тынысалу жүйесінің қызметі нашарлағанда болады. Организм ауадан оттегін аз қабылдаған жағдайда да гипоксия байқалады. Бұл желдетілмеген бөлмелерде ұзақ уақыт отырғанда, биіктікке, не тауға көтерілгенде оттегінің үлестік қысымы төмендегенде кездеседі. Мұндай жағдайларда организм оттегінің аз мөлшеріне бейімделуге мәжбүр болады.
Организм гипоксия жағдайында өзінде бар оттегін тиімді пайдалануға икемделеді. Расында, жұмыскер мүшелерді қанмен ерекше жабдықтау, оттегін тін – қан тосқауылдарынан жедел жеткізу және тасымалдау, оттегі берілуінің жылдамдауы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге ферменттік жүйелердің белсендірілуі де ықтимал. Әрине, мұндай жағдай өтеміс тетіктердің іске қосылуынан туады.
Организмнің қорғаныш және икемделу әсерленісін жасайтын түрткілердің қатарына оттегі тапшылығымен бірге көмірқышқыл газы мөлшері жатады. Қалыпты жағдайларда дене жүктемелері кезінде гипоксия мен гиперкапния бірге ұштасып отырады. Ал, қимылсыз жағдайда, оттегінің үлестік қысымы төмендегенде, мәселен, тауға көтерілгенде, гипоксия мен гиперкапния қатар байқалмайды. Мұндай жағдайларда газ алмасуы мен энергия шығынын теңестіретін барабар өтеміс әсерленістерді іске қосатын көмір қышқылы газының аздығы білініп тұрады. Өйткені ол тіндерде оттегімен жеткілікті түрде жабдықтау үшін, тікелей және рефлекстік жолмен бүкіл қосымша жүйелерді үнемі белсендіріп отырады. Осы себептен, тау ауруы деп аталатын дерттік ауытқулар пайда болады. Оған адамдардың жеке ерекшеліктері ықпалын тигізеді.
Тау ауруының симптомдары лоқсу, құсу, асқорытудың бұзылыстары, бас ауруы, дене және ой еңбектерінен тез қажу, жабығу түрінде кездеседі.
Әлеуметтік бейімделіс. Жоғарыда келтірілген деректер бойынша адам мен қоршаған орта арасындағы маңызды байланыстың көрсеткіші – оның биологиялық, әлеуметтік және психологиялық бейімделісі. Басқаша айтқанда, адамның өзі мекендейтін айналаны үнемі өзгерте отырып, оның құбылмалы ауытқуларына бейімделуі. Сонымен бірге адамның сыртқы ортаны, яғни биотехносфераны, өзінің қажеттілігіне икемдеуінің мәні де кем емес.
Адамның әлеуметтік бейімделіс жағдайын және нақтылы тетіктерін зерттеу арқылы қолайлы экологиялық түрткілерді анықтауға болады. Адам бейімделісі тек биологиялық құбылыс емес, ол әлеуметтік тұрғыдан анықтауды талап ететін жаңа сапа. Сондықтан адам бейімделісінің өзгешелігін ғарыш, метеорология, өнеркәсіп, тұрмыс, әлеуметтік – гигиеналық немесе басқа да айқындамалар арқылы бағалайды. Әлеуметтік және биологиялық бейімделіс өзінің мәні, амалдары, сипаты, ұйымдастыру түрі жағынан бір-бірімен сәйкес келмейді. Алайда адам организмінде байқалатын тіршілік негіздері мен әсерленістерінің ырғақтары қарқындары, өндіріс үрдістері мен табиғи ортаның оралымдарына барабар келеді. Бұлар сәйкес келмеген жағдайда әлеуметтік дизадаптация пайда болады.
Жоспар
Кіріспе
Неізгі бөлім
а) Бейімделіс
ә) Бейімделіс түрлері
б) Бейімделу әсерленістері
в) Бейімделіс кездері
г) Бейімделіс түтіктері
ғ) Бейімделістің белгілері
д) Әртүрлі жағдайларға бейімделіс
Қорытынды