Күйіктер

Күйіктер

Ыстықтың (жоғарғы температура), химиялық заттардың, электр тогының, радиация сәулесінің жергілікті әсер етуінен болатын жарақаттарды күйік деп атайды.

Күйіктер жиі кездесумен қатар өсу тенденциясы бар тұрмыстық және өндірістік жарақаттар қатарына жатады. Күйік алған жаралыларға көмек көрсетудің азаматтық медицина ғана емес, сонымен қатар әскери – медициналық қызмет үшін де маңызы зор. Өйткені, соғысып жатқан елдер термоядролық қару мен жандырғыш заттар қолдануы мүмкін.

Хиругияның жаңа тарауы – күйіктер хирургиясының пайда болуына үш жағдайдың маңызы ерекше болды: бейбіт кезеңдегі бұл жарақаттың жиі кездесуі, қазіргі кездегі соғыстағы күйіктің ұрыс жарақаты ретінде маңызының үлкендігі және теріні еркін ауыстырып салу әдістерінің пайда болуы. Осы аталған жағдайлардың біріншісі ертеден белгілі болса, екіншісі екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында пайда болды. Сондықтан күйген адамдарға арнаулы көмек қызметін құру туралы мәселенің соғыс алдындағы жылдарда көтерілуі кездейсоқ болған жоқ. Бұл мәселенің клиникалық тұрғыдан ұйымдастыру экономикасы дамыған елдерде екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін басталып кетті.

БДҰ| (ВОЗ) мәліметі бойынша термиялық жарақаттар бейбіт кездегі жарақаттардың 6% құрайды. Балалар жарақаттарының ішінде өлім себептерінің 20%, ал 65 жастан асқандар арасында 28% құрайды. Термиялық күйіктер жиі кездеседі. Термиялық күйіктер кезінде ең алдымен тері және жоғарғы тыныс жолдарының кілегей қабығы зақымданады. Терінің көлемі адам денесінің 1/6 – 1/7 бөлігін құрайды. Дерма мен эпидермисті қос алғандағы салмағы адам қанының салмағына тең. Ересек адамның терісінің ауданы 1,5 м -тан 2,5 м -қа дейінгі аралықта. Күйіктің ауданын анықтау кезінде бастапқы шама ретінде 1,7 м2 алынады. Терінің эпителий қабатында діңгекті қан тамырлары жоқ. Бұл аталған тамырлар бүртікті қабаттың ұшына дейін ғана жетеді де мальпиги қабатынан жоғары өтпейді. Теріде үш капилляр қабаты бар: 1-шісі – беткі қабат, дерманың бүртікті қабатында орналасқан, 2-шісі – аралық қабат – тер бездері мен шаш қапшықтарының деңгейінде орналасқан, 3-шісі дерманың астында орналасады. Эпителий жамылғысының клеткалары оттегінің жетіспеуіне төзімді және олардың бітісіп кету қабілеті өте жоғары.

Терінің көптеген қызметтерінің ішінде кедергілік, қызу реттегіш, дезинтоксикациялық, тыныс алу (газ алмасудың 1%), ферменттік, иммунологиялық және қан депосы қызметтерін атауға болады.

Күйіктердің жіктелуі

  1. Күйік алған жағдайына байланысты:
  • өндірістік;
  • тұрмыстық;
  • соғыс кезіндегі.

Бейбіт кезеңде өндірістік күйік пен тұрмыстық күйік бірдей жиілікте кездеседі. өнеркәсіптің жоғарғы температурамен, химиялық реакциялармен байланысты салаларында күйіктің үлес салмағы күрт өсті және барлық жарақаттардың бестен бір бөлігін құрайды.

Ең жиі кездесетін күйік тері күйігі, тыныс жолдарының, өңеш пен асқазанның термиялық күйіктері оған қарағанда сирек кездеседі.

II. Этиологиялық себептеріне байланысты:

  • термиялық;
  • химиялық;
  • электрлік;
  • сәулелік.

Термиялық күйіктер.

Адам тіндерінің тіршілігінің температуралық шегі шамамен 450 С тең. Сондықтан, терінің зақымдану дәрежесі мына факторларға байланысты:

  • Әсер ету температурасына – ол неғұрлым жоғары болса, жарақат соғүрлым ауыр болады, күйік температура 500С және одан жоғары болған кезде дамиды.
  • Теріге жанасатын заттың жылу өткізгішітігіне (ауа, су буы, жалын, металл зат және т.б.). Жылу өткізгіштігі жоғары болса, зақымдану да ауыр болады.
  • Ыстық агентпен жанасу уақытына: уақыт неғұрлым ұзақ болса, жарақат соғұрлым ауыр болады.
  • Қоршаған ортаның ылғалдылығына: ылғалдылығы жоғары болса, күйік дәрежесі үлкен болады.

Химиялық күйіктер. Бұл күйіктер тері мен кілегей қабықтарға әртүрлі химиялық заттардың түсуінен пайда болады (қышқылдар, сілтілер). Кейбір жағдайларда пациенттер күшті химиялық заттарды байқамай ішіп қойған кезде ауыз қуысы, өңеш және асқазан күйеді. Барлық күйіктердің ішінде химиялық күйіктердің үлес салмағы 5-7% тең.

Электр күйіктері. Бұл күйіктердің алатын үлесі 3%. Олардың бір ерекшелігі ішкі ағзалар электромагниттік өріспен зақымданады.

Сәулелік күйіктер. Сәулелік күйіктер инфрақызыл, ультракүлгін және иондаушы сәуле әсерінен болуы мүмкін. Сәулелік энергия жергілікті өзгерістермен қатар организмде жалпы өзгерістер қоздырады. Бұл өзгерістер сәуле ауруы деп аталады.

III. Күйіктің орналасқан жеріне байланысты:

  • Дененің функциялық белсенді бөліктерінің күйігі (аяқ-қол);
  • Дененің қозғалмайтын бөліктерінің күйігі (кеуде);
  • Беттің күйігі;
  • Бастың шашты бөлігінің күйігі;
  • Жоғарғы тыныс жолдарының күйігі;
  • Шап аралығының күйігі.

Беттің күйігі адам өмірі үшін өте қауіпті. Бет күйігі басым көпшілігіне көз, тыныс жолдарының күйігімен қабаттасып келеді және пациенттердің жағдайын ауырлата түседі.

Шап аралығының күйігі де ауыр күйіктердің қатарына жатады. Артқы тесік пен зәр шығаратын өзектің қызметін бұзып, арнаулы операциялар жасауды қажет етеді.

  1. Зақымдану тереңдігіне байланысты.

Кеңестен кейінгі кеңістікте хирургтердің Бүкілодақтық XXVII съезінде қабылданған жіктеу қолданылады.

Зақымдану тереңдігіне байланысты күйікті 4 дәрежеге айырады:

  1. I дәрежелі күйік. Зақымдану тек эпидермисті қамтиды. Терінің қызаруы, ісінуі, ашыған ауырсыну сезімімен көрініс береді. Бұл құбылыстардың негізінде тұрақты артериялық гиперемия мен қабынулық экссудация жатыр.
  2. II дәрежелі күйік. Тері тереңірек зақымданады, бірақ бүртікті қабаты сақталады. Эпидермис дермадан ажырап, мөлдір, сары түсті сұйық толған көпіршіктер пайда болады.
  3. І а дәрежелі күйік терінің ішінара (бүртікті қабаттың ұштарының) өлі еттенуімен сипатталады, әйтседе терінің тереңдегі қабаттары мен оның туындылары (шаш қапшықтары, тер мен май бездері) сақталады.
  4. ІІІ б дәрежелі күйік. Терінің толық өлі еттенуімен сипатталады. Кейде тері астындағы шел қабаттары да зақымдануы мүмкін.
  5. IV дәрежелі күйік. Тері мен тері астындағы шел қабаттары ғана емес, тереңде орналасқан тіндер де өлі еттенеді (бұлшық ет, сіңірлер, сүйек пен буындар).

Тәжірибе тұрғысынан алғанда, емдеу ерекшеліктеріне байланысты барлық күйіктерді екі топқа бөлуге болады.

  • Бірінші топ – беткі күйіктер (I – II – ІІІ а дәрежелі күйіктер). Бұл күйіктерде терінің жоғарғы қабаттары зақымданады. Тері кетігінің өздігінен жабылуы мүмкін, өйткені эпителизацияның негізгі көздері (эпителийдің түзуші қабаты, май мен тер бездерінің шығаратын өзектері, шаш қапшықтар) сақталады. Беткі күйіктер консервативтік еммен тері жамауды қолданбай-ақ жазылады.
  • Екінші топ – терең күйіктер (ІІІ б – IV дәрежелі) терінің толық және тереңде жатқан тіндердің өлі еттенуімен сипатталады. Бұл күйіктерді емдеу үшін теріні операция жолымен қалыпқа келтіру қажет.
  • Батыс елдерінде бес дәрежелі жіктеу қолданылады. Бұл жіктеудің айырмашылығы күйіктің ІІІ б дәрежесі IV дәреже деп, IV дәрежесі тиісінше V деп аталған.

Зақымдану ауданына байланысты

Күйіктің ауырлық дәрежесін анықтау үшін зақымданған беттің ауданын анықтаудың маңызы зор. Оның ішінде күйіктің ауданының абсолюттік шамасының емес, жалпы дене ауданына қатынасы арқылы көрсетілген салыстырмалы ауданының маңызы ерекше. Адам денесінің жалпы ауданы 15000 см -тан 21000 см -ге дейінгі аралықта.

Күйіктің жалпы ауданын және терең күйіктердің ауданын анықтауға мүмкіндік беретін көптеген арифметикалық, графикалық жобалар мен есептер ұсынылған. Күйіктің ауданын дәл анықтау әр адамның индивидуалдық ерекшеліктеріне – бойы, салмағы, аяқ-қолының ұзындығына байланысты өте қиын.

Күйіктің ауданын анықтау кезінде терінің табиғи қыртыстарын ескеру қиын, сонымен қатар, бір аймақты бір аймақтан бөліп тұратын айқын шекараның болмауы да күйіктің ауданын анықтауды қиындата түседі.

Өлшеу нәтижелеріне терінің созылмалық қасиеті де әсер етеді. Күйіктердің ауданын өлшеуді олардың жиегінің тегіс болмауы, дененің бетінде шашырап орналасуы да қиындатады.

Күйіктің ауданын анықтаудың бірнеше әдістері ұсынылған.

А. Уоллестің әдісі (1951 ж.). Бұл әдіс «тоғыздық ережесі» деген атпен белгілі болды. Бұл ережеге сәйкес дененің негізгі бөліктері 1-2 тоғыздықтан тұрады (дененің жалпы ауданының 9%) – тиісінше 9-18 %. Балаларда бұл қатынас өзгешелеу және жасына сәйкес өзгеріп отырады.

«Тоғыздық ережесіне» сәйкес бас пен мойын 9%, қолдың ауданы 9 ■ 2 =18%, кеуденің алдыңғы беті – 9 ■ 2 =18%, кеуденің артқы беті – 9 ■ 2 =18%, сандардың ауданы – 9 ■ 2 =18%, балтыр аяқ басымен – 9 ■ 2 =18%, шап аралығы -1%. Уоллестің жобасы дәл болмағанмен күйіктің ауданын тез де қарапайым түрде анықтауға мүмкіндік береді.

И.И. Глумовтың әдісі (1953ж.). Бұл “алақан әдісі” деген атпен белгілі. Бұл ереже бойынша күйіктің ауданы 1%-ке тең зардап шегушінің алақанының ауданымен өлшенеді.

Б.Н. Постниковтың әдісі (1949 ж.). Б.Н. Постников күйген теріге стерильденген дәке немесе целлофан салып, күйіктің жиектерін сол дәкеге немесе целлофанға көшіруді ұсынды. Осылайша, миллиметрлік қағаз көмегімен күйіктің абсолюттік ауданы анықталады. Сонан соң дененің жалпы ауданына қатынасы арқылы күйіктің пайыздық ауданы анықталады. Бұл әдіс ұзақтығы мен машақаты көптігіне байланысты тәжірибеде қолданылмайды.

Г.Д. Вилявиннің жобасы. Күйіктің ауданын құжаттау мен есептеу үшін бірқатар авторлар адам денесі көрсетілген әртүрлі пішіндегі штамптар әзірледі. Бұл штамптар белгілі бір ауданға сәйкес келетін шаршыларға бөлінген. Бұл шаршылар «скиццалар» деп аталады. Кең таралған жоба Г.Д. Вилявиннің жобасы. Бұл жоба адам денесінің алдыңғы және артқы бетінің жобасы. Күйіктің тереңдігі әртүрлі бояумен немесе штрихпен көрсетіледі. Дененің бүйір бетінің жағдайын көрсету үшін профильдік скиццалар жасалған.

Күйікті көрсетудің Ю.Ю. Джанелидзе шығарған формуласы.

Күйіктің ауырлығы 3 негізгі фактор бойынша анықталады:

  • күйіктің тереңдігі (дәрежесі);
  • күйіктің ауданы (%);
  • күйіктің орналасқан жері.

Бұл аталған әдістердің барлығының бір кемшілігі – күйік жөнінде толық мәлімет бермейді.

Бұл орайда Ю.Ю. Джанелидзе (1931 ж.) ұсынған, кейін В.В. Васильев пен В.О. Верхолетов толықтырған формула дәлірек көрінеді.

Бұл формуланың қазіргі кездегі көрінісі мынадай: күйік бөлшек түрінде көрсетіледі. Оның алымында күйіктің ауданы, жақша ішінде терең күйік ауданы, ал бөлімінде – күйіктің дәрежесі көрсетіледі. Сонан соң – негізгі зақымданған аймақтар көрсетіледі (бас, мойын, кеуде және т.б.).

Мысалы, бас пен мойынның 10% (оның ішінде 5% терең күйік) II – III дәрежелі термиялық күйігі деген диагноз былайша жазылады:

Термиялық күйік 10% (5% ) бас, мойын.

Күйіктердің клиникасы

Күйіктің клиникасы күйік жарасындағы жергілікті өзгерістер мен күйік ауруының жалпы көріністерінен құралады.

Күйік жарасындағы жергілікті өзгерістердің нобайы мынадай:

  • Термиялық агенттің әсерінен болатын анатомиялық және функциональдық өзгерістер;
  • Реактивті қабыну процестері;
  • Регенерация.

Бұл аталған процестердің сипаты ең алдымен тіндердің зақымдану дәрежесіне байланысты. Күйік неғұрлым ауыр болса, тіндердегі морфологиялық өзгерістер де айқын және клиникасы әр алуан болады.

Күйіктің дәрежесі (тереңдігі) жоғарыда келтірілген төрт дәрежелі жіктеу бойынша көрсетіледі (I – IV дәреже). Күйіктің тереңдігін анықтаудың дәлдігі мен уақытылығына емдеу әдісін таңдау мен дерттің ақыры көп байланысты. Өлі еттенудің тереңдігін ерте анықтау комбустиологиядағы ең маңызды мәселенің бірі болып отыр.

Зақымдану тереңдігін анықтау.

Зақымдану дәрежесін анықтау анамнездің мәліметтеріне, күйік жарасын қарау кезінде алынатын мәліметтерге және қан айналысы мен сезімталдықтың бұзылу дәрежесін анықтайтын бірқатар диагностикалық сынамалар нәтижесіне негізделеді.

Күйік аймағын қараған кезде қызару, қабық, өлі еттену ошақтары сияқты белгілерге назар аудару керек. Тиісінше, табылған белгілерге сүйене отырып, күйіктің тереңдігін болжауға болады. Күйік дәрежесін ажырату үшін, әсіресе, ІІІ а және ІІІ б дәрежелерін ажырату үшін қан айналысы мен сезімталдықтың бұзылуын анықтайтын әдістер, арнаулы бояғыш заттар мен ферменттік препараттар қолданылады.

Қан айналысының бұзылуын анықтау. Беткі күйіктерге тән құбылыс.

а) Басу әдісі

Қан айналысының бұзылу дәрежесіне байланысты үш аймаққа айырады:

  1. Гиперемия аймағы. Беткі күйіктерге тән. Қызарған теріні басқан кезде тері бозарады.
  2. Іркіліс аймағы. Басқан кезде терінің түсі өзгермейді. Өйткені айқын көктамырлық іркіліс пайда болады. Әдетте, бұл құбылыс 1 тәуліктің аяғына таман дамиды (сынама аталған мерзім өткен соң айқын байқалады). Сонымен қатар, артериялық қан қысымын өлшейтін аппаратпен 60-80 мм.сын. бағ. тең қысым жасалса, некроз болған жерлерде көгеру байқалмайды. Мұндай өзгерістер ІІІ б және IV дәрежелі күйіктерге тән.
  3. Қан айналысы толық жоқ аймақ. Терең күйіктерде, ылғалды, құрғақ өлі еттену аймақтарында байқалады.

1-ші аймақтағы өзгерістер қайтарымды, 2-ші аймақтағы өзгерістер де қайтарымды болуы мүмкін, кейде өлі еттену ошақтары да байқалады, 3-ші аймақ өлген тіндер аймағы. Осылайша, өлі еттену процестері 2-ші және 3-ші аймақтарда пайда болуы мүмкін.

Қан айналысын бағалаудың объективті әдістері де бар.

Тетрациклиндік флюоресценция әдісі. Окситетрациклинді ішкеннен соң қараңғы бөлмеде күйік болған жерді кварц лампасымен сәулелейді. Беткі күйіктер (I – ІІІ а дәрежелі) сары түсті жарық береді, ал терең күйіктерде мұндай құбылыс байқалмайды.

Термометрия әдісі. Терідегі қан айналысы бұзылса температурасы төмендейді. Бұл әдістің көмегімен ІІІ а, ІІІ б дәрежелі күйіктерді ажыратуға болады. ІІІ б дәрежелі күйікке шалдыққан жерлерде температура 1,5 -2оС -қа төмен.

Ауырсыну сезімін анықтау. Ауырсыну сезімі ІІІ а дәрежелі күйікте күрт төмендейді, ІІІ б, IV дәрежелі күйікте тіпті болмайды.

Күйік тереңдігін анықтаудың тағы бір әдісі – терідегі түкті жұлып көру – егер науқас ауырсынатын болса және түк тез жұлынбаса – күйік беткі күйік; терең күйікте түктер оңай алынады, ауырсыну сезімі болмайды.

Аталған сынамаларды дұрыс бағалау үшін тексеруді терінің сау немесе беткі күйік жағынан бастау қажет.

Бояғыш заттарды қолдану. Терең өліеттену аймағын анықтау үшін тіндерді Ван-Гизон әдісімен бояуды пайдаланады. Зақымданбаған тері мен I – II дәрежелі күйіктер айқын раушан түске боялады. Ал ІІІ а дәрежеде – сарғыш түске, ал терең күйіктер – қанық сары түске боялады. Эванс көгін ішке жіберу арқылы бояу өте сирек қолданылады. Өйткені боялған тіндердің бақылау қиынға түседі.

Ферменттік әдіс. Тіндердің зақымдану тереңдігін ферменттік әдіспен анықтау тері биопсиясын жасауды қажет етеді. Алынған биоптаттарды дифосфопиридиннуклеотидфосфатаза ерітіндісі бар пробиркаға салады. Тіршілігі сақталған тіндер 3-5 минуттен соң біркелкі көгілдір түске боялады. Өлі еттенген тіндер боялмайды немесе ала боялады.

Бұл аталған әдістердің барлығы да беткі және терең күйіктерді ерте және шексіз дәлдікпен ажыратып бере алмайды, сондықтан бұл орайда дәрігердің санаттық дәрежесі мен тәжірибесінің маңызы зор.

Күйік жарақатының ауырлығы мен ақырын болжау. Терең де ауқымды термиялық күйіктер пациенттің өміріне қауіп төндіреді. Орта жастағы ересек адамдар үшін I дәрежелі тотальдық күйік пен 30% астам II және а дәрежелі күйік, ІІІ б және IV дәрежелі 10 -15% – дан астам теріні қамтитын күйіктер, сонымен қатар бет пен шап аралығының күйіктері адам өмірі үшін қауіпті саналады.

Күйік кезіндегі болжамды анықтайтын қарапайым әдістерге “жүздік ережесі” мен Франк индексі жатады.

Жүздік ережесі.

Науқастың жасы мен күйік ауданының салыстырмалы шамасының қосындысынан тұрады (жалпы дене ауданына қатынасы %). Егер алынған қосынды:

  • < 60 – болжам қолайлы;
  • 61-80 – болжамның қолайлылығы салыстырмалы;
  • 81 – 100 – болжам күдікті;
  • >100 – болжам қолайсыз.

Бұл әдіс тек ересек адамдарға ғана қолданылады.

Франк индексі. Франк индексін беткі күйіктер ауданы мен терең күйіктердің үш еселеген ауданын қосу арқылы алады.

Егер индекс:

  • < 30 – болжам қолайлы;
  • 31-60 – болжам салыстырмалы түрде қолайлы;
  • 61 – 90 – болжам күдікті;
  • >91 – болжам қолайсыз.

Күйік ауруы

Күйіктер организмде барлық өмірлік маңызды жүйелерді қамтитын патологиялық өзгерістер кешенін тудырады. Күйік жарақаты және оған байланысты дамитын ішкі ағзалардағы өзгерістер өзара әсерлесу мен өзара байланыста болатын патологиялық процесс күйік ауруы деп аталатын нозологиялық форма болып табылады.

Бұл дерт айқын түрде беткі күйіктер 25- 30% астам болғанда, ал терең күйіктер 10% астам болғанда дамиды. Бұл дерттің ауырлығы, асқынулар жиілігі және ақыры негізінен терең зақымданулардың ауданына байланысты. Жара процесінің сипаты да үлкен роль атқарады.

Күйік жарасында ылғалды өліеттену болған кезде, тірі тіндер мен өліеттенген тіндер арасында айқын шекара болмайды, тіндердің басым бөлігі некробиоз жағдайында болады. Осы кезде улы заттардың қанға сіңуі өте басым түрде байқалады.

Осындай жағдайларда іріңді процестер жалғасатын болса, шағын терең күйіктің өзінде жалпы құбылыстар айқын көрініс береді. Егер құрғақ коагуляциялық өліеттену кезінде, күйік ауруының ауыр ағымы ауданы асатын 15 -20% асатын терең күйіктерде байқалады.

Ауқымды да терең күйіктерде организмнің айқын жалпы реакциясы жарақат алғаннан соңғы алғашқы сағаттардан-ақ басталады да, тері жамылғысы толық қалпына келгеннен соң біршама уақытқа созылады. Бұл кезде байқалатын жалпы өзгерістер соншалық ауыр болып, кейде асқынулар тудырып, өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Күйік ауруы – тері мен оның астындағы тіндердің термиялық жарақаты кезіндегі организмнің жалпы реакциясы мен ішкі ағзалардың қызметінің бұзылуының клиникалық белгілерінің жиынтығы.

Күйік ауруының кезеңдерінің қазіргі кездегі жіктеулерінің ешқайсысы патогенез тұрғыдан негізделген емес және емдеу тәжірибесінің сұраныстарына толық жауап бермейді.

Дюпюитрен күйік ауруы кезіндегі жалпы бұзылыстар мен өлімді, жарақат алу кезіндегі қатты қорқыныш пен қатты ауырсыну сезімі салдарынан болатын жүйкелік – рефлекстік шокпен түсіндіреді.

Барадок пен Тронов жалпы өзгерістерді, қанның қойылуына, қан айналысының бұзылуына әкеп соғатын плазма жоғалтумен түсіндіреді.

Дене қызуы көтерілген кезде қанның қызыл түйіршіктерінің қызметінің бұзылуы туралы да ойлар айтылды.

Күйік ауруы кезінде дамитын бұзылыстардың патогенезін толық түсінбеудің салдарынан, осы кезге дейін барлығын қанағаттандыратын, бірегей терминология болмай отыр. Күйік ауруының жекелеген кезеңдерінің айқын болмауынан, бір түсінікке әрқилы мән беріледі.

Күйік ауруының кезеңдерін сипаттау үшін негізінен жарақаттан соң өткен мерзімге, ішінара күйік жарасында болып жатқан өзгерістер динамикасына сүйенуге тура келеді.

Қазіргі кезде күйік ауруының ағымын 4 кезеңге бөледі:

  • I кезең – күйік шогы. Жарақат алғаннан кейін дереу немесе алғашқы сағаттар ішінде дамиды. 3 тәулікке дейін созылуы мүмкін.
  • II кезең – жедел токсемия. Күйік жарақатын алғаннан кейін 10-15 күнге созылады.
  • III кезең – септикотоксемия. Өліеттенген тіндердің түсуімен сабақтасты. Күйіктің ауырлығына, асқынуларға және емдік шаралардың сипатына байланысты. Ұзақтығы 2-3 аптадан 2-3 айға дейін.
  • IV кезең – сауығу (реконвалесценция). Жараның өздігінен жазылуы немесе теріні операция жолымен қалыпқа келтірген соң байқалады. Күйік ауруының бұл келтірілген кезеңдері шартты, өйткені кезеңдер арасында айқын шекара жүргізу кейде мүмкін болмай қалады.

Жарақаттың ауырлығына, организмнің индивидуалдық ерекшеліктеріне, жүргізілген емге, теріні операция жолымен қалыпқа келтіру мерзіміне көп нәрсе байланысты. Дегенмен, күйік ауруын кезеңдерге бөлу организмде болып жатқан процестерді түсіну, әртүрлі патологиялық процестермен күрес шараларын қабылдау үшін қажет.

Күйік шогы

Күйік шогы тері мен тері астындағы тіндердің ауқымды термиялық жарақаты кезінде дамитын патологиялық процесс және ол күйіктің ауданы мен тереңдігіне, емдік шаралардың уақытылығы мен сәйкестігіне байланысты 72 сағатқа дейін созылады.

Күйік шогының негізінде күйдіргіш агентпен тіндердің ауқымды талқандалуы жатыр.

Мұның өзі гемодинамиканың, микроциркуляцияның бұзылуына, су – электролиттік баланс пен қышқылдық – негіздік тепе-теңдіктің өзгеруіне әкеп соғады.

Күйік шогының жарақаттық шоктан өзгеше өзіне ғана тән белгілері мыналар:

  • қан жоғалтудың болмауы;
  • плазма жоғалту;
  • қанның қызыл түйіршіктерінің ыдырауы;
  • бүйрек қызметінің өзіндік бұзылулары.

Күйік шогының дамуында 2 патогенетикалық механизм бар:

  1. Шамадан тыс афференттік (ауырсыну) импульсациясы орталық жүйке жүйесінің қызметінің, бастапқыда қозумен, кейінірек тежелумен сипатталатын өзгерістеріне, эндокриндік ағзалар қызметінің күшеюіне әкеп соқтырады. Соңғысы қанға АКТГ-ның, катехоламиндердің, гипофиздің диурезге қарсы гормонының, кортикостероидтардың және басқа да гормондардың көптеп бөлінуіне себеп болады. Өмірлік маңызды ағзалардың тамырларының тонусы сақталғанмен, шеткі аймақтағы қан тамырлары тарылып, қан қайта бөліске түседі, айналыстағы қан көлемі азаяды.
  2. Тері мен тері астындағы тіндердің күйікке шалдығуы салдарынан, қабыну процесінің медиаторларының әсерінен организмде жергілікті және жалпы бұзылыстар дамиды: көп мөлшерде плазма жоғалту, микроциркуляцияның бұзылыстары, ауқымды гемолиз, су-электролит балансындағы, қышқылдық-негіздік тепе-теңдіктегі өзгерістер, бүйрек қызметінің бұзылуы.

Күйік шогының негізгі патогенетикалық факторы плазма жоғалту. Плазманың азаюына, күйген тіндерде қан тамырларына белсенді әсер ететін заттардың (серотонин, гистамин) жиналуынан капиллярлардың қабырғасының өткізгіштігінің ұлғаюы себеп болады. Капилляр қабырғалары арқылы көп мөлшерде плазма бөлініп шығады, зақымданған аймақтағы тіндер ісініп, айналыстағы қан көлемі одан сайын азая түседі. Қан тамырларының өткізгіштігі күйік алған сәттен бастап-ақ бұзылады, дегенмен, клиникалық айқын көрініс 6-8 сағаттан соң пайда болады. Бұл кезде айналыстағы қан көлемінің азаюы да айқындала түседі.

Осы кезде бас көтеретін гиповолемияның салдарынан бүйректегі, бауырдағы, ұйқы безіндегі микроциркуляцияның бұзылыстары жатады. Бұл процестерге гемоконцентрация, коагулологиялық, реологиялық бұзылыстар ұйытқы болады.

Микроциркуляторлық бұзылыстар салдарынан күйік аймағында екіншілік өліеттену, асқазан – ішек жолдарында жедел жаралар мен эрозиялар, өкпе қабынуы, бүйрек, жүрек, бауыр қызметінде бұзылыстар дамиды.

Дене қызуының көтерілуі қанның қызыл түйіршіктерінің бұзылуына әкеп соғады. Ал бұл құбылыс плазмадағы калий деңгейінің көтерілуінің себебі, клеткалар жарғағының бұзылуы салдарынан натрий клетка ішіне көшеді де, клетка ішілік ісіну дамиды.

Күйіктен кейінгі алғашқы сағаттарда клетка сыртындағы сұйықтық көлемі, күйік бетінен, сау теріден, тыныс жолдарынан булану және құсу салдарынан 15-20% -ға азаяды.

Организмдегі су мен электролит айналысын қалыпқа альдостерон мен диурезге қарсы гормон келтіріп отырады. Аталған гормондардың мөлшерінің көбеюі су мен натрий реабсорбциясын көбейтеді. Осылайша, біртіндеп метаболикалық ацидоз дамиды.

Бүйрек қызметінің бұзылуы.

Олигоурияның негізгі себептері – бүйректегі қан айналысының бүйрек қан тамырларының тарылуы салдарынан күрт азаюы, айналыстағы қан көлемінің азаюы, қанның реологиялық қасиеттерінің бұзылуы және гемолиз өнімдері мен эндотоксиндердің әсері.

Клиникасы.

Күйік шогының клиникасының 3 дәрежесі бар.

Бірінші дәрежелі күйік шогы (жеңіл күйік шогы) жас және орта жастағы, анамнезінде ауырлататын факторлар жоқ, дене бетінің15 -20% күйікке шалдыққан және Франк индексі 30-ға дейінгі науқастарда байқалады.

Егер зақымдану беткей болса, зардап шегушілердің басым көпшілігі күйікке шалдыққан жерде күшті ауырсынуды сезінеді. Сондықтан, алғашқы минуттарда, кейде алғашқы сағаттар бойы науқастардың көпшілігі қозу жағдайында болады. Жүрек соғуының орташа жиілігі – минутына 90 ретке дейін. Артериялық қан қысымы немесе сәл көтеріңкі. Тынысы бұзылмаған. Сағатына түзілетін зәрдің мөлшері қалыптағыдай. Егер инфузиялық терапия жүргізілмесе немесе 5-6 сағатқа кеш басталса несеп түзілуі азайып орташа дәрежедегі гемоконцентрация дамуы мүмкін.

Екінші дәрежелі күйік шогы (ауыр күйік шогы) науқас терісінің 21- 40% зақымданғанда дамиды (Франк индексі 31-60). Сана сақталса да тежелумен және самарқаулықпен алмасатын қысқа мерзімді психмоторлық көтерілумен сипатталады. Науқастың жиі-жиі жүрегі айнып, құсады. Тері жамылғылары мен көрінетін кілегей қабықтары боз, құрғақ. Дененің шеткі аймақтары көгереді (акроцианоз), жүрек соғуы минутына 100-120-ға дейін жиілейді. Артериялық қан қысымы төмендеуге бейім болады және тек инфузиялық терапия мен кардиотоникалық дәрілерді қолданғанда ғана тұрақтанады. Зардап шегушілер тоңады, дене қызуы қалыптағыдан төмен. Науқастарды шөл қысады, диспепсиялық құбылыстар байқалады. Асқазан – ішек жолдарының парезі орын алуы мүмкін. Зәрдің бөлінуі азаяды. Диурезді тек қана дәрілердің күшімен ғана ұстап тұрады. Гемоконцентрация күшейе түседі (гематокрит 60-65%-ға дейін өседі). Жарақат алған алғашқы сағаттан бастап-ақ тыныс арқылы өтемделіп (компенсация) отыратын орта дәрежелі метаболикалық ацидоз байқалады.

Үшінші дәрежелі күйік шогы (аса ауыр күйік шогы) терең, дене ауданының 40%-дан астамын қамтитын күйіктерде байқалады (Франк индексі 61 -ден астам) және өте ауыр бұзылыстармен сипатталады. Жарақат алғаннан соң 2-3 сағат ішінде науқастың сана-сезімі бұзылады – тежелу мен сопор пайда болады. Тамыр соғуы жіп тәріздес, артериялық қан қысымы 80 мм.сын.бағ., кейде одан да төмен болады. Осылайша ішкі ағзалардың қанмен қамтамасыз етілуі бұзылады.

Тынысы беткей. Аса ауыр күйік шогының қолайсыз клиникалық белгісі асқазан -ішек жолдарының парезі – жүрек айну, құсу, ықылық ату, “кофе тұнбасы” түстес құсық (асқазанның жедел жаралары мен эрозияларынан қан кету) пайда болады.

Микроциркуляцияның ауыр бұзылыстары мен клетка жарғақтарының (мембраналарының) өткізгіштігінің ұлғаюы зардап шегушінің өміріне қауіп төндіретін ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылуына бастау болады. Бүйрек шамасыздығы зәр түзілуінің азаюымен немесе тіпті болмауымен көрініс береді.

Зәрдің алғашқы порцияларында микро – макрогематурия пайда болады, кейінірек зәрдің түсі қара – қоңыр түсті боялады. Гемоконцентрация алғашқы 2-3 сағатта-ақ айқындала бастайды, гематокрит 70% -ға дейін көтеріледі. Гиперкалиемия өршіп, өтемсіз (декомпенсация) ацидоз дамиды. Дене қызуы 36оС -дан төмен болады. Лабораториялық көрсеткіштер ішінде болжам тұрғысынан қолайсыз көрсеткіш ретінде айқын аралас ацидоз бен буферлік негіздер тапшылығын атауға болады.

Күйік ауруы

Жедел күйік токсемиясы

Күйік шогы қолайлы ағым болған жағдайда біртіндеп токсемия сатысына көшеді. Бұл саты өзінің даму шегіне күйіктен соңғы 2-3 күнде жетеді және 10-15 күнге созылады.

Осы кезеңнің аяғы күйік жарасындағы іріңді процестердің басталуымен ұштасады.

Токсемия күйік шогынан кейін немесе шоксызда дами береді. Терең зақымданулар кезінде күйік токсемиясы күйік ауруының III сатысы – септикотоксемияға жалғасады да, жеңіл күйіктерде сауығумен аяқталады.

Күйік токсемиясының патогенезі. Күйік ауруының бұл кезеңінің айқын ерекшелігі – интоксикацияның көрінісі ретінде бағаланатын белгілер.

Шоктың бетін қайтарып, қан айналысы қалыпқа келгеннен кейін күйік аймағынан белсенді заттар қанға сіңе бастайды.

Терінің термиялық зақымдануы спецификалық токсиннің түзілуіне себеп болады деген ойды алғаш рет В.Н. Авдаков (1876 ж.) айтқан және осы қағида кейінгі көптеген зертеулерге негіз болды.

Жедел күйік токсемиясының даму себебін ертеден организмде бейспецификалық токсиндердің пайда болуымен байланыстырады. Оларға микроциркуляциялық бұзылыстарды негізінде маңызы зор кіші молекулалы қүрамалар – гистамин, серотонин, простогландиндер жатады.

Осы күні күйік кезінде организмде түзілетін токсиндердің табиғаты белгілі болып отыр. Солардың бірі – антигендік спецификасы бар гликопротеид. Бұл токсинннің улы әсері – АТФ -азаны бәсеңдетеді және тіндердің АТФ энергиясын пайдалануына кедергі жасайды.

Токсиндердің енді бірі липопротеидтер (“күйік токсиндері” деп аталады). Олар жылу әсерінен суын жоғалтқан эндоплазматикалық мембраналардан пайда болады. Бұл токсиндердің әсерінен клеткалар гликогенді жоғалтады.

Соңғы жылдары жедел күйік токсемиясының дамуында негізгі рольді улы олигопептидтер немесе орта массалы молекулалар атқарады деп

санайды. Олардың улы әсері орта массалы молекулалардың лимфоциттердің фагоциттік белсенділігі мен тіндік тыныс процестерін бұзуымен түсіндіріледі. Орта молекулалардың мөлшері мен токсемияның клиникалық көріністерінің ауырлық дәрежесі тікелей байланыста. Олардың улы әсері протеолиз ферменттерінің белсенділігін күшейтіп, ингибиторлардың белсенділігі азайған кезде көрініс береді.

Протелиз ферметтерінің тіндерге әсері белоктарды ыдыратады – қандағы креатинин мен мочевинаның деңгейі артады.

Күйікке шалдыққан адамның организміне гемолиз өнімдері мен фибриннің ыдырау өнімдері де уытты әсер етеді.

Интоксикация синдромының даму барысында улы өнімдерден өзге бактериялық фактордың да ролі зор. Күйікке инфекция ауруханадағы инфекция көздерінен жұғады.

Тіндерде бактериялардың таралуына терінің болмауы, қан айналысының бұзылуы, тамыр бітелуі, организмнің қорғаныш күштерінің әлсіреуі себеп болады.

Токсемияның клиникасы

Диурездің қалыпқа келуі мен дене қызуының көтерілуі күйікке шалдыққан адамның шоктан шығуының және күйік ауруының екінші кезеңі күйік токсемиясының басталғанының негізгі белгілері болып табылады. Бұл кезең – белоктардың ыдырау, бұзылған зат алмасу процестерінің аралық және күйік жарасындағы микрофлораның токсиндерімен улануының салдары.

Токсемия кезеңі 2-4 тәуліктен 10-15 тәулікке дейін созылады және организмде аутосенсибилизация типтес иммунологиялық өзгерістер тудырады.

Жедел күйік кезеңінде орталық жүйке жүйесі мен бас миының ісінуімен (қозу, сандырақтау, галлюцинациялар, құрысулар), улану микокардитімен (тахикардия, артериялық қан қысымының төмендеуі, жүрек тондарының бәсеңдеуі), тыныс алу ағзаларының бұзылыстарымен (пневмония, өкпе ісінуі), диспепсиялық бұзылыстар (тәбет қашуы, шөлдеу, жүрек айну, құсу, іш өту), зат алмасу процестерінің бұзылуымен сабақтасқан клиникалық белгілер орын алады. Күйік токсемиясының аяғында күйік қабығы түсіп күйік жарасы іріңдей бастайды. Ал мұның өзі күйік ауруының үшінші кезеңінің белгісі.

Күйік септикотоксемиясы

Септикотоксемия ІІІа дәрежелі ауқымды күйіктерде және терең күйіктерде байқалады. Септикотоксемияның айқын клиникасы, әдетте, күйік алған күннен кейінгі 10-14 күндері басталады. Кейде ерте басталуы да мүмкін.

Патогенезі. Токсемия кезеңінің соңына қарай организмде қорғаныш механизмдер қалыпқа келіп іске қосыла бастайды:

Қан құрамында қорғаныстың спецификалық гуморальдық факторлары пайда болады (күйік антиденелері), фагоциттердің белсенділігі артады, өлі еттенген тіндер біртіндеп шектеліп, түсе бастайды, бактериялар мен олардың токсиндерінің енуіне кедергі болатын грануляциялық тін дами бастайды.

Бұл кезеңді 2 фазаға бөлген қолайлы болады:

  1. Қабық түсе бастағаннан бастап жара толық тазарғанға дейін;
  2. Грануляция басталғаннан бастап жара толық жазылғанға дейін.

Бірінші фазаның токсемиямен ортақ белгілері көп. Жараның тазару

процесі қабыну реакциясымен қатар жүреді. Клиникалық симптоматиканы анықтайтын негізгі патогенетикалық фактор микроорганизмдер тіршілік әрекеті мен тіндердің ыдырау өнімдері сіңуі.

Екінші фазада иммундық жүйенің қызметі басылып, регенерация процестері баяулайды, инфекциялық асқынулар дамиды.

Осы кезеңнің маңызды симптомы орын толмайтын гипопротеинемия ( тәулігіне 7-8 г/л белок жоғалады).

10% пайыздан астам терең күйіктер ұзаққа созылған кезде науқас күйіктен арыға бастайды. Осы кезге дейін науқастың жағдай қанағаттанарлық болып келеді.

Клиникасы. Септикотоксемияның клиникалық белгілері жаралық процестің сипаты мен фазасына байланысты.

Бұл кезеңнің бірінші фазасында науқастардың жағдайы ауыр күйде қалады. Науқастардың ұйқысы бұзылады, ашушаңдық пайда болады, жылай береді. Науқастың тәбеті төмендейді. Іріңді интоксикацияның жоғары температура, әлсіздік, қалтырау сияқты барлық белгілері байқалады. Осы кезеңде ішкі ағзалар мен грануляциялардан қан кетуге және қан түзілу процестерінің нашарлауына байланысты анемия дами бастайды. Лейкоциттік формулада миелоциттерге дейін солға қарай ығысу байқалады. Қолайсыз болжамдық факторға эозинофилдер мен лимфоциттердің азаюы жатады.

Токсикалық гепатиттің дамуы да әбден мүмкін – бауыр ұлғаюы, көз ағының сарғаюы, билирубиннің, аминотрансферазалардың деңгейі өседі, несепте уробилин пайда болады. Бүйрек қызметінің бұзылуы сақталып әрі қарай өршуі мүмкін. Осы кезде дамитын пиелонефрит күйік ауруының инфекциялық асқынуы болып табылады.

Септикотоксемияның екінші фазасы әртүрлі асқынулармен сипатталады. Осы асқынулар ішінде жиі кездесетіні пневмония. Бұл пневмонияның даму механизмі өкпенің кішкене қан тамырларының бітелуімен және жалпы айналыстық бұзылыстардың салдарынан болатын тіндік гипоксияға байланысты.

Күйік ауруының ағымы барысында ас қорыту жүйесінің қызметі де бұзылуы мүмкін. Асқазан – ішек жолдарында жаралар – Курлинг жаралары пайда болуы мүмкін. Аталған жараның патогенезінде негізгі рольді кілегей қабықтағы микроциркуляторлық бұзылыстар, ишемия, тромбоз, септикалық эмбол сияқты құбылыстар ойнайды. Жиі зақымданатын ағзалар – асқазанның антрал бөлігі мен ұлтабар жуашығы. Бұл жаралардың ең қауіпті асқынуы – қан кету.

Егер күйіктік арығу дамитын болса, жара жазылмайды, грануляциялар пісіп-жетілмейді, эпителизация болмайды. Ауқымды инфекция түскен жаралар интоксикация мен гипопротеинемияны тұрақты түрде қолдап отырады. Осылайша, өзіндік ақаулы шеңбер пайда болады. Осы процестердің салдарынан науқастың қарсыласу күштері әлсірейді. Инфекцияның жайылып кетуі – күйік сепсисінің дамуы әбден мүмкін. Күйік сепсисі күйікке шалдыққан науқастар өлімінің ең жиі себебінің бірі.

Күйік сепсисін екіге бөледі: ерте сепсис – күйік жарасындағы қатты қабыну мен өлі еттенуден арылу кезеңінде дамиды, және кеш сепсис жара өлі еттенген тіндерден толық тазарғаннан кейін, жарақат алғаннан кейін 5-6 аптадан соң дамиды.

Қазіргі кездегі жараның ерте тазаруына және күйік жарасын тез жабуға бағытталған заманауи ем, антибактериялық және иммунокоррекциялық ем септикотоксемияға толық тосқауыл бола алады.

Сауығу кезеңі

Күйік жарасының жойылуы зардап шегушінің толық сауығуы болып есептеле бермейді. Патологиялық процесс инерция бойынша жалғаса береді. Ішкі ағзалар мен жүйедегі және тірек – қимыл жүйесіндегі бұзылыстар сақталады. Сонымен қатар, жаңадан салынған терінің сау теріден өзінің қасиеттері жағынан айырмашылығы бар.

Дегенмен, күйік ауруының негізгі себебі – күйік жарасы – жойылды және басталып жатқан ақырғы этап – сауығу (реконваленесценция) – бұзылған қызметтердің біртіндеп қалыпқа келе бастағанын білдіреді.

Науқастардың жағдайы жақсара бастайды, дене қызуы түсе бастайды. Науқастың психикасы қалыпқа келеді, дегенмен нашар ұйқы мен тез шаршау сақталады. Бұл кезеңде жүрек-қантамыр жүйесінің компенсаторлық мүкіндіктері әлі қалыпқа келе қоймайды: сәл дене қозғалысының өзінде тахикардия, артериялық қан қысымының төмендеуі сияқты құбылыстар байқалады.

Осы кезеңде ең жиі кездесетін асқынудың бірі – бүйрек қызметінің бұзылуы: күйгендердің 10%-да пиелонефрит, бүйрек амилоидозы және несеп тас ауруының белгілері анықталады. Тері жамылғысының қалыпқа келуімен бірге гемоглобиннің, эритроциттердің, лейкоциттердің деңгейі қалыпқа келеді.

Қан құрамындағы белоктың жалпы деңгейі қалыптағыдай болғанмен сапалық өзгерістер әлі де болса сақталады.

Балалардағы күйік ауруы

Балалар кез келген термиялық агенттен терең күйіктерге шалдығады. Себебі, олардың тері жамылғысы жұқа. Екінші маңызды фактордың бірі термиялық агенттің, баларлардың дәрменсіздігінен, ұзақ уақыт бойы әсер етуі.

Балаларда күйік ауруы ересектерге қарағанда шағын ауқымды күйіктерде де дами береді. Бұл құбылыс балалардағы бейімделу механизмдерінің жетілмегендігімен, бала организмінің негізгі физиологиялық қызметтерінің құбылмалылығымен, зат алмасу процестерінің қарқындылығымен түсіндіруге болады. Жас балаларда күйік шогы 10% беткі күйіктерде, 5% терең күйіктерде бола береді.

Шок кезеңінде қысқа мерзімді мазасыздану, тежелумен, самарқаулықпен, сананың бұзылуымен алмасады. Балалардағы күйік шогы кезіндегі гипоксия мен метаболикалық ацидоз ересектердегі ауырлық дәрежесі шамалас күйіктерге қарағанда айқын болып келеді. Күйік шогының балалардағы айқын да тұрақты белгілерінің бірі – олигоурия мен анурия. Балаларда ересектерден айырмашылығы дене қызуы шок кезеңінде көтеріле бастайды.

Жедел токсемия кезеңі дәрі-дәрмекке көнбейтін тұрақты қызулаумен сипатталады. Жүйке-психикалық бұзылыстар дамиды, құрысулар пайда болады, бала шартты рефлекстерді, үйренген машықтарын жоғалтуы мүмкін. Кекештену, энурездің дамуы мүмкін. Энурез сауыққаннан соң ұзақ уақыт бойы сақталуы мүмкін.

Септикотоксемия кезеңінде кішкентай балаларда инфекция жайылуға бейім болады, сондықтан ересектерге қарағанда оларда сепсис жиі дамиды. Дистрофиялық процестер тез өршиді. Ауыр зат алмасу процесіндегі бұзылыстар, полигиповитаминоз тістің, шаштың түсуімен, тырнақтың сынғыштығымен көрініс береді. Ауыр остеопороз салдарынан баларда қаңқа деформациясы, патологиялық сынықтар мен шығулар жиі кездеседі.

Сауығу кезеңінде (реконвалесценция) күйген балалардың жағдайы тез жақсара бастайды. Ауырсыну сезімі жойылғаннан кейін бала тез тұрып, отырып, жүріп кеткісі келеді. Кейде тәбеті шамадан тыс көтеріліп кетеді (булимия). Кейбір балаларда семірудің белгілері пайда болады. Бұл құбылыс аралық мидағы өзгерістерге байланысты болуы мүмкін.

Күйік ауруының 55-60 жастан асқан науқастардағы ерекшелігі – осы жастағы әрбір науқастың ішкі ағзалары жағынан әртүрлі дәрежедегі жас шамасына байланысты өзгерістер болады: гипертония ауруы, жалпы атеросклероз, қантты диабет және т.б. Ішкі ағзалардағы осы аталған бұзылыстар күйік ауруының ағымын ауырлата түседі. Осы кезде бір-бірін

ауырлату деп аталатын синдром байқалады – ішкі ағзалардағы өзгерістер күйік ауруының ағымына кері әсерін тигізетін болса, күйік ауруы өз кезегінде осы аталған дерттердің өршуіне себеп болады.

60 жастан асқан науқастардың өлімінің негізгі себебі деп күйік ауруын емес, күйік ауруы салдарынан өршитін немесе декомпенсация сатысына көшетін жарақат алғанға дейінгі дерттерді айтуға болады.

Күйік ауруының барлық кезеңдері орта жастағы науқастармен салыстырғанда ерте дамиды және ағымы өте ауыр болады.

Тыныс ағзаларының зақымдануы.

Жану процесінің өнімдері мен олардың қосындыларының әсерінің салдарынан дамитын жоғарғы тыныс жолдарының күйігіне ерекше назар аудару қажет.

Жоғарғы тыныс жолдары өкпе – бронх жолдарына жоғарғы температураның өтпеуіне кедергі болып табылады. Трахея мен бронх кілегей қабықтарының күйігі ес-түссіз қалған зардап шегушілерде ғана кездеседі. Трахея мен бронх әдетте жану өнімдерімен зақымданады.

Термиялық агент пен жану өнімдерінің қосындысының әсері ең қауіпті зақымдану болып саналады. Өйткені, трахея, бронх кілегей қабығының зақымдануы бронхтың дренаж қызметін бұзады, бронхоспазмның дамуына себеп болады.

Тыныс жетіспеушілігінің негізгі себебі – тыныс жолдарының бітелуі мен бронхтың дренаж функциясының бұзылуы. Күйікке ұшырағандардың 20%-ы алғашқы күндерде – ақ өкпе ісінуінен қаза болады. Кейінгі кезеңдердегі науқастардың өлімінің басты себептері – тыныс жолдары мен өкпедегі ауыр да ауқымды өзгерістер (геморрагиялық, фибринозды, трахеобронхиттер, пневмониялар, өлі еттенулер). Бұл асқынулар тыныс жолдарының зақымдануының салдары және біріншілік асқынулар болып саналады.

Күйік ауруының ағымында бірқатар қауіпті асқынулар бар. Олардың ішінде жиі кездесетіндері сепсис, пневмония, арықтау.

Күйікке шалдыққандар арасында жедел хирургиялық дерттердің де жиілігі артады. Күйік ауруы кезінде кездесетін жедел хирургиялық дерттерге:

  1. Асқазан-ішек жолдарының жедел жаралары (Курлинг жаралары) мен олардың асқынулары;
  2. Жедел холецистит (тас болмағанмен деструктивті);
  3. Жоғарғы шажырқай артериясының синдромы – 12-елі ішектің көлденең бөлігінің қысылып қалуынан жоғары ішек түйілуі ( күйіктік арығу кезінде көлденең тоқ ішек түбірі мен 12-елі ішек маңындағы шелдің азаюынан болады);
  4. Гемоконцентрация, қанның тұтқырлығының артуынан шажырқай қан тамырларының бітелуі (тромбоз немесе эмболия);
  5. Перитонит – іш пердесінің қабынуы (күйік бетіндегі инфекцияның қанмен немесе лимфа ағынымен іш пердесіне өтуі нәтижесінде).

Күйіктерді емдеу

Күйіктерді емдеу клиникалық медицинаның ең қиын мәселелерінің бірі. Қиындықтар, әсіресе, ауқымды күйіктерді емдеу кезінде туындайды. Күйіктен зардап шеккендерге санатты және арнаулы көмек көрсету үшін ерекше жағдайлар жасау керек: бактериясыз белгілі микроклиматы бар бөлме, әртүрлі модификациядағы тері пластикасының және көп мөлшерде инфузиялық терапия жүргізу мүмкіндігі. Осы аталған жағдайларға байланысты терең күйік алғандарды емдеу арнаулы мамандандырылған күйік орталықтарында жүргізіледі. Соңғы кездегі терең күйіктерді емдеудегі оң нәтижелер бұл күйіктерді арнаулы мамандандырылған орталықтарда емдеу арқылы ғана мүмкін болып отыр.

Күйік кезіндегі алғашқы көмек

Алғашқы көмекті басым көпшілігіне өзіндік – өзара көмек ретінде медицина қызметкері емес адамдар көрсетеді. Күйіктің тереңдігі, оның әрі қарай ағымы, одан қалды зардап шегушінің өмірі алғашқы көмектің неғұрлым тез және дұрыс көрсетілуіне тығыз байланысты.

Алғашқы көмек көрсету ережелері:

  1. Термиялық агенттің организмге әсер етуін тоқтату. Зардап шегушіні оттан алып шығу керек, денесінен күйген заттарды шешу қажет. Осы әрекеттер неғүрлым тез жасалса, күйік тереңдігі де соғұрлым аз болады.
  2. Күйген жерлерді салқындату керек. Күйдіргіш агенттің әсерін жойғанмен, тіндердің зақымдануы жалғаса береді. Бұл құбылыс күйген тіндердің өзінің қызуынан болады. Сондықтан салқындату – күйген адамға көрсететін алғашқы көмектің міндетті құрамы. Әдетте, мұз немесе салқын су басады.
  3. Асептикалық таңғыш салу. Зардап шегушінің киімін абайлап кесіп алып екіншілік инфекция түсуін болдырмау мақсатында асептикалық таңғыш салады. Бетке таңғыш салынбайды, вазелинмен өңдейді.
  4. Ауырсынуды басу және шокқа қарсы шараларды бастау. Медикамент қолдану мүмкіндігі болса, ең алдымен наркотикалық анальгетик жіберу керек (промедол, морфин, омнопон) және шокқа қарсы шараларды бастау қажет (полиглюкин, реополиглюкин, желатиноль). Зардап шегушіні жылындырып, жылы шәй береді. Негіздер қосылған суды көбірек ішкеннің де пайдасы зор. Алғашқы көмек көрсетілген соң зардап шегушіні тез арада ауруханаға жеткізу керек.

Күйіктердің жергілікті емі

Күйіктің жергілікті емі консервативтік және операциялық ем болып екіге бөлінеді. Жүргізілетін емнің түрі күйіктің тереңдігіне байланысты.

Консервативтік ем 1-2 апта мен 4-6 апта аралығында жазылатын беткі күйіктердің жалқы да ақырғы емі.

Терең күйіктер әдетте операциялық емді қажет етеді. Ал жергілікті консервативтік ем операцияға дайындық пен операциядан кейінгі кезеңнің маңызды белесі болып табылады.

Күйіктердің жергілікті емін күйік жарасын алғашқы тазартудан бастайды (кейде бұл шараны “алғашқы хирургиялық өңдеу” деп дұрыс атамайды). Бұл процедура шок белгілері жоқ шағын күйіктерге, асептика ережелерін сақтай отырып, наркотикалық анальгетик жасалған соң немесе наркозбен жасалады.

Күйік айналасындағы теріні антисептик ерітіндісімен өңдейді, жалбырап тұрған тері эпидермисін, бөгде денелерді алып тастайды. Қатты ластанған жерлерді сутегінің асқын тотығының ерітіндісімен жуады. Ірі көпіршіктерді түп жағынан жарып, ішін босатады. Босаған эпидермисті кесіп алмайды. Оны жарақат бетіне жапсырады. Эпидермис жарақат бетіне жабысып, ауырсыну сезімін азайтады, биологиялық таңғыш ролін атқарады.

Әрі қарай емді ашық немесе жабық әдіспен жүргізеді. Бұл әдістерді қабаттастырып қолдануға да болады.

Емнің түрін таңдаған кезде күйіктің тереңдігін, ауданын, орналасқан жерін, науқастың жасын, қосымша сырқаттарын және емдеу мекемесінің мүмкіндіктері мен техникалық жабдықталу дәрежесін ескеру қажет. Қазіргі кездегі емнің негізгі әдісі – ашық әдіс.

Жабық әдіс. Бұл әдіс әртүрлі дәрілермен шыланған таңғыштарды пайдалануға негізделген.

Артықшылықтары:

  • таңғыш күйік жарасын қосымша инфекциядан, жарақаттанудан қорғайды;
  • жара бетінен судың булануы азаяды;
  • жарадағы инфекцияны басатын, эпителизацияға түрткі болатын заттар қолдануға мүмкіндік береді;
  • таңғыш салмай науқасты тасымалдау мүмкін емес;

Кемшіліктері:

  • өліеттенген тіндердің ыдырауы мен ажырауы кезінде интоксикацияның пайда болуы;
  • байлап таңудың ауыратындығы;
  • көп еңбекті және көп байлап-таңу заттарын қажет етеді.

I дәрежелі күйіктерде майлы таңғыш салады. Жара 4-5 күн ішінде жазылады, таңғыш қайта алмастыру қажет етпейді.

II дәрежелі күйіктерде күйік жарасын алғашқы тазартудан кейін, майлы таңғыш салады. Негізі суда еритін, бактерицидтік әсері бар майларды пайдаланады. Таңғыш 2-3 күн өткеннен кейін алмастырылады. Егер іріңді инфекция қосылған болса, қосымша тағы да тазарту жүргізіледі –

көпіршіктер алынып, антисептикпен (хлоргексидин, фурацилин, бор қышқылы) шыланған кебетін таңғыштар салынады.

ІІІа дәрежелі күйіктерде зақымданған жердің айналасындағы сау теріні тазартады да таңғыш салады. Мұндай күйіктерді емдеген кезде құрғақ қабықты сақтауға немесе құрғақ қабық түзілуіне тырысу керек. Осылай жара тез жазылады және интоксикация да аз болады. Егер күйген жердегі қабық құрғақ, ашық қоңыр түсті болса, айналасындағы теріні тазартады да таңғыш салынады. Егер қабық жұмсақ, ақшылт – боз түсті болса, жараны кептіру үшін антисептикпен шыланған кебетін таңғыш салынады. 2-3 аптада қабық түседі. Жалаңаштанған күйген жерде әдетте нәзік – раушан түсті эпидермис немесе терінің күйген терең қабаттары болады. Эпителизация болмаған жерлерде серозды -іріңді бөлінді болуы мүмкін. Бұл кезде жоғарыда айтылған шыланған кебетін таңғыштарды пайдаланады. Іріңді процесс жойылғанннан кейін майлы таңғыштарды қолданады. Эпителизация 2-3 аптада толық аяқталады. Жара жазылғаннан кейінгі тыртықтар, әдетте, жұмсақ, эластикалы, қозғалмалы. Іріңді процесс болған кезде ғана дөрекі тыртықтар түзілуі мүмкін.

Терең күйіктерде (ІІІб, IV дәрежелі) жергілікті ем өліеттенген тіндерді ыдырату, ажыратуға бағытталады. Жараны тазартқан кезде антибиотиктермен шыланған ылғалды таңғышты пайдаланған тиімді. Нитрофуран қатарының препараттары (фурацилин), қышқылдар (бор қышқылы), құрамында йод бар органикалық заттар, диоксидин кеңінен қолданылып жүр. Бірінші аптаның соңында қабық (струп) іріңдей бастайды. Осы сәттен бастап әр байлап-таңу кезінде күйік жарасының тазаруын жеделдету үшін қансыз некрэктомия жасалады: қабықтың жұмсарған, босаған жерлері ғана кесіп алынады.

Өлі еттенген тіндердің тез ажырауы үшін некролиздік ем қолданылады. Емнің бұл түрін күйгеннен соң 6-8 күннен кейін, айқын шектелу пайда болған соң бастайды. Ем барысында протеолиз ферменттері мен басқа да химиялық некролиздік жараның тез тазаруына ықпал ететін препараттар қолданылады.

Протеолиздік ферменттердің ішінде күйік жарасына ең тиімдісі траваза препараты. Травазаның коллагенге әсері өте төмен, тіршілігі сақталған тіндерге зиянды әсері жоқ. 8-12 сағат бойы белсенділігін сақтайды.

Кератолитикалық әсері жоғары препараттардың қатарына 40% салицил майы, бензой қышқылы жатады. Бұл екі препараттың бактериостатикалық әсері де бар.

Қабық түскеннен кейін жараның түбі грануляциялық тін болады. Осы кезеңде антисептикалық ерітінділермен, антибактериялық препараттармен емдеуді негізі суда еритін майлармен алмастырып отырған тиімді.

Жараның жазылу процесіне УФ-ті сәулелеу, жоғары қысымды оксигенация оң әсер етеді. Жара беті біртіндеп іріңнен тазарып, ісіну

азаяды, қарқынды эпителизация басталады. Шағын кетіктер өздігінен жабылады, дегенмен, көп жағдайда хирургиялық ем қажет болады.

Ашық әдіс.

Ашық әдіспен емдеудің негізгі мақсаты биологиялық таңғыш болып табылатын, құрғақ қабық түзілуін тездету. Бұл сұрақты шешу үшін ауаның кептіргіш әсері, УК-сәулелеу, белокты ұйытатын заттар пайдаланылады.

Күйіктің бетін коагуляциялық әсері бар антисептиктермен (калий перманганатының 5% ерітіндісі, бриллиант жасылының спирттік ерітіндісі) өңдейді де ашық қалдырады. Жара айналасында құрғақ жылы ауа болуы тиіс (26 -28оС). өңдеуді күніне 2-3 рет қайталайды. Осылайша күйік жарасының бетінде құрғақ қабық түзіледі.

Соңғы кездері ашық әдісті басқарылатын абактериялық ортада – стерилденген, 30-40оС жылытылған ламинарлық ағымды ауасы бар бөлмелерде қолданады. 24-48 сағат ішінде құрғақ қабық пайда болады, интоксикация азаяды, эпителизация жеделдейді.

Бұл әдістің басқа модификациясы – инфрақызыл сәуле көздері мен ауа тазартқыштары бар бөлек бөлмелерде емдеу. Инфрақызыл сәуле тереңдегі тіндерге өтіп, оларды қыздыру арқылы құрғақ қабықтың түзілуін үдетеді.

Ашық әдіспен емдеуде арнаулы керуеттерді пайдалану нәтижелерін жақсартады. Осындай керуетте жатқан науқастардың тіндері дене салмағымен жаншылмайды, қосымша микроциркуляцияның бұзылуы, механикалық жарақаттану болмайды. Ашық әдіс, әдетте, дененің таңғыш салу жара күтімін қиындататын аймақтары – бет, мойын, шап аралығы сияқты жерлер күйгенде қолданылады.

Ашық әдістің артықшылықтары:

  • құрғақ қабық тез түзіледі, соған байланысты ыдыраған тіндер өнімдерімен улану азаяды;
  • күйік жарасында болып жатқан өзгерістерді және ем нәтижелерін бақылап отыру мүмкіндігі пайда болады;
  • байлап -таңу материалдары үнемделеді.

Кемшіліктері:

  • ашық күйік беті арқылы көп мөлшерде сұйық пен плазма жоғалады;
  • күтім қиындайды;
  • арнаулы жабдықтар қажет: құрғақ жылы ауа беретін камера немесе каркас, бактериялық сүзгілер, басқарылатын абактериялық бөлмелер және т.б.

Аталған екі әдістің де өзіндік кемшіліктері мен артықшылықтар бар және оларды бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды. Әрбір жағдайға қолайлы әдісті таңдау немесе оларды қосарлап пайдалану қажет.

Күйіктің хирургиялық емі

Хирургиялық ем терең күйіктерді (ІІІ б, IV дәрежелі) емдеуге қолданылады және міндетті емнің қатарына жатады, өйткені күйік жарасының жазылғанының басты шарты тері жамылғысының толық қалпына келуі.

Күйік жарасын емдеу үш түрлі хирургиялық ем қолданылады:

  1. Некрэктомия.
  2. Ерте некрэктомия жасап, тері кетігін науқастың өз терісінен алынған трансплантантпен немесе алло (гетеро-) трансплантантпен немесе синтетикалық жасанды терімен аутодермопластикаға дейін уақытша жабу;
  3. Консервативтік ем жасап қабық түскеннен кейін теріні жамау.

Некрэктомияға көрсеткіш – қатты бунап қан айналысына немесе тыныс алуға кедергі жасайтын тұрақты күйік некрозының түзілуі. Некрэктомия жансыздандыруды қажет етпейді.

Өлі еттенген тіндердің өздігінен түсіп, күйік жарасының жазылуының ұзақтығы оның орналасқан жеріне және тереңдігіне байланысты 21-35 күннен астам.

Бұл кезеңде интоксикациямен, плазма жоғалтумен, инфекцияның дамуымен сабақтасты әртүрлі асқынулардың даму қаупі күшті. Сондықтан терең зақымдану ерте анықталған болса, күйік жарасын өлі еттенген тіндерден ерте тазарту мен тері кетігін ерте жабу принципін ұстанған дұрыс.

Бұл әдістің артықшылықтары:

  • Интоксикацияның себебі мен инфекцияның дамуына қолайлы орта – өлі еттенген тіндер алынады;
  • Плазма жоғалту қарқыны азаяды;
  • Күйік ауруының ағымы қысқарады, асқынулар азаяды, жазылу мерзімдері жеделдейді;
  • Ауыратын жиі байлап-таңу қажет болмай қалады;
  • Дөрекі тыртықтардың ықтималдылығы азаяды.

Ерте некрэктомияға көрсеткіштер:

  • Тері қабаты толық күйген ауданы10-20% күйіктер – терінің ресурстары бірмезетте аутопаластика жасауға жеткілікті;
  • Егде адамдардағы күйіктер – операция өлімнің алдын – алатын бірден-бір шара болғанда;
  • Қол басының күйіктері – дөрекі тыртықтарды мейлінше болдырмау керек болғанда.

Қарама-қайшылықтар:

  • Күйік шогы;
  • Бауыр, бүйрек және орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымданулары;
  • Бет пен мойынның тыныс жолдарын шарпыған ауқымды күйіктері;
  • Ауқымды жара инфекциясы;
  • Қарттық.

Қазіргі кезде комбустиологтардың басым көпшілігі ерте некрэктомия мен аутодермопластиканы терең күйіктерді емдеудегі таңдаулы әдіс деп есептейді.

Кейінге қалтырылған тері пластикасы. Бұл әдіс консервативтік емнен соң, күйік қабығы түсіп, жарадағы инфекция жойылғаннан кейін қолданылады. Тері пластикасы жара тазарып, грануляциямен жабылғаннан кейін ғана, грануляцияларда патогендік микрофлораның жоқтығы бактериологиялық тексеру нәтижесінде дәлелденгеннен кейін ғана жасалады. Тері пластикасын күйікке шалдыққан күннен бастап 2-3 аптадан кейін ғана жасау тиімді.

Бұл аталған әдістің жарақаттылығы аз. Кемшіліктеріне: емдеудің ұзақтығы, интоксикация мен инфекциялық асқынулардың дамуы, көп мөлшерде плазма жоғалту жатады.

Тері пластикасы – хирургияның ежелден келе жатқан тарауы.

Қазіргі кезде күйік жарасының бетін жабуға төмендегідей тәсілдер қолданылады:

  1. Сол жердегі тіндер мен пластика жасау;
  2. Еркін тері пластикасы;
  3. Қоректендіретін аяқшасы бар тері жамауымен пластика жасау;
  4. Аллофибробласттардың дақылын қолдану;
  5. Тері кетігін уақытша биологиялық жолмен жабу.

Бұл аталған әдістердің барлығы тәжірибе сабақтарында талданады.

Күйік ауруының жалпы емі

Күйік ауруының жалпы емі мынадай компоненттерден түрады:

  1. Ауырсыну сезімімен күрес;
  2. Күйік шогын емдеу;
  3. Жедел күйік токсемиясын емдеу;
  4. Инфекциялық асқынулардың алдын – алу мен оларды емдеу;

Ауырсыну сезімімен күрес. Күйіктің ауданы мен тереңдігіне байланысты мынадай ауырсынуды басатын әдістер қолданылады:

  • күйген жерді қозғалтпау, вазелинмен (маймен) өңдеу және таңғыш салу;
  • таблетка түріндегі наркотик емес анальгетиктер;
  • наркотик емес анальгетиктерді, седациялық заттарды, нейролептиктерді ішекке жанама жолмен жіберу;
  • наркотикалық анальгетиктер.

Күйік шогын емдеу:

  • тыныс жолдарының бос болуын қамтамасыз ету;
  • орталық көктамырға түтікше қойып инфузиялық терапияны бастау;
  • күйген жерлерге таңғыш салу;
  • қуыққа түтікше қою;
  • асқазанға сүмбе қою.

Бұл аталған біріншілік емдеу кешені шокқа қарсы емнің жалпы ережесінде келтірілген.

Күйік жарақаты кезіндегі емдік шаралар кешені мынадай:

  1. Ауырсынумен күрес;
  2. Жүйелік қан айналысын ұстап тұру;
  3. Тіндік және ағзалық қан айналысын жақсарту;
  4. Жоғалған плазманың орнын толтыру;
  5. Зақымданған ағзалардың қызметін түзету;

Жедел токсемияны емдеу

Күйік ауруының екінші кезеңінде жүргізілетін жалпы ем:

  1. Инфузиялық терапия;
  2. Дезинтоксикациялық терапия;
  3. Жедел бүйрек шамасыздығын емдеу;
  4. Ацидозды түзету.

Септикотоксемияны емдеу

Инфекциялық асқынуларды болдырмау ауқымды терең күйіктерді табысты емдеудің кепілі. Инфекциялық асқынулардың алдын – алу екі бағытта жүргізіледі:

  1. Антибактериялық терапия;
  2. Иммунд

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Күйік. Күйік шогы
  2. Хирургияның даму тарихы

 

Добавить комментарий

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!