НШЖИ негізгі диагностикалық әдістеріне: мұқият жиналған анамнез, науқастың шағымы, клиникалық қарау және ауруға тән симптомдарды бөлу жатады. Төменгі НШЖИ бар науқастар жиі несеп шығарудың жиілеуіне (поллакиурия), несеп шығару кезінде ауру сезімінің пайда болуына (дизурия) және шат үстінен ауру сезіміне шағымданады. Ал пиелонефритке қызу, улану сияқты жалпы улану белгілері тән. Фибрилды дене қызуы бар науқастардың бел аумағын қағу симптомының оң болуы жиі жедел пиелонефрит барлығын көрсетеді. Жағдайы өте ауыр науқастарда сепсис белгілері анықталады. Бұл кезде лейкоцитурияны анықтау маңызды. Жүкті емес әйелдер анамнезінде НШЖИ-сын асқындыратын факторлар болмаса, жедел пиелонефритке клиникалық белгілер жоқ болса, көптеген диагностикалық зерттеулер жасаудың қажеті жоқ. Әйелдерде НШЖИ қайталануы немесе несеп шығару жолының жоғарғы бөлімінің инфекциясы анықталса және ерлерде НШЖИ анықталса, толық диагностикалық зерттеулер жасалуы керек.
Несепті зерттеу кезінде аса мән беріледі:
- несепті жинау (керек болған жағдайда ерлерде қуық асты безінің сөлін алу);
- материалды тасымалдау және несепті зерттеу;
- қоздырғыштың өсу титрімен түрін ескере отырып, несепке микроскопиялық және химиялық зерттеулер жасау;
Несепті жинау. Клиникалық тәжірибеде несепті жинаудың келесідей әдістері пайдаланылады:
- әйелдерде несептің ортаңғы бөлімін;
- шат үстінен қуықты пункциялау;
- ерлерде НШЖИ-ның денгейін (несепағарда, қуық асты безінде, қуықта) анықтау үшін несепті фракциялап жинау.
Әйелдерде несептің ортаңғы бөлімі. Несепті жинаудың бұл әдісі шап аралығындағы түкпен, қынаптық сөлмен, анус маңындағы аумақпен жанасудың алдын алуына негізделген. Сондықтан науқас несепті жинар алдында бұл зерттеудің маңызы мен жинау әдісі туралы толық ақпарат алуы керек. Несепті жинау кезінде сыртқы жыныс еріндері шетке жиырылуы керек. Несептің алғашқы бөлігі дәретханаға жіберіледі, екінші бөлімі стерильді ыдысқа жиналуы керек. Бұл несепті контаминациясыз жинауға мүмкіндік береді. Шат үстінен қуықты пункциялау. Несепті жинаудың бұл әдісі несепте аралас флора анықталып, күдік туған кезде немесе симптоматикалық НШЖИ кезінде бактерия титрі сәйкес келмеген жағдайда қолданылады. Ол үшін қуық толтырылады, алдын ала түктен тазартылып, тері дезинфекциясын, жергілікті жансыздандыру жасалады. Инесі 2,5 см 20 мл-лік бір рет қолдануға арналған шприцпен қасағадан жоғары ортаңғы сызықпен ену арқылы несеп алынады.
Ерлерде несепті фракциялап жинау. Бұл әдіс НШЖИ-ның несепағарда, қуық асты безінде, қуықта орналасу денгейін анықтауға мүмкіндік береді. Қуық асты безі массажын қажет ететін әдіс ерекше болып табылады. Кей жағдайда бұл әдіс ажырату диагностикасын жасау үшін маңызы жоғары. Сыртқы жыныс ағзасын жуғаннан кейін кестеге сай несеп жиналуы керек. Несепағардан, несептің ортаңғы бөлімінен, қуық асты безі сөлін, қуық асты безі массажынан кейін алынған сөлден анықталған микроб санын анықтай отырып нақтылы ажырату диагностикасын жасауға болады (Урология оқулығын қара). Алынған материалға тез арада микробиологиялық және микроскопиялық зерттеулер жасалуы керек. Тест-жолақшалары арқылы несептен жасуша санын, нәруыздың бар немесе жоқтығын, нитратқа реакциясын алдын ала анықтауға болады.