Тимус ағзасы
Екінші орталық қан жасаушы мүше — тимус. Онда т-лимфоциттердің антигенге тәуелсіз дамуының ақырғы сатылары жүреді.
Тимустың атқаратын қызметтері
Тимус келесі қызметтерді атқарады:
- тимус иммуногенездің орталық мүшесі, өйткені онда т-лимфоциттердің антигенге тәуелсіз дифференцировкасы (мамандануы) өтеді
- тимуста т-лимфоциттердің дифференцировкасына қажетті тимозин, тимопоэтин, тимустық сарысу (сывороточный) факторы т.б. Гормондар бөлінеді; кальцийдің алмасуына әсер ететін гормон, инсулин тәрізді фактор, өсу факторы т.б. өндіріледі.
Тимус дамуы
Тимус эмбриогенездің екінші айында желбезек қалталарының 3-4 жұптарының қабырғасының өсіндісі түрінде дамиды. 6 аптада ол эпителий сипатында болып, каудалды бағытта жұтқыншақпен байланысын үзбей өседі. Эмбриональдық дамудың жетінші аптасында ол ішектің қабырғасынан бөлектенеді. Бұл кезде тимуста алғашқы лимфоциттер пайда болады. Эпителий бір-бірімен байланысқан эпителиоциттердің торына айналады. Тимустың ретикулоэпителиоциттерінің көбі энтодермадан дамиды. Бірақ, бір бөлігі эктодермадан пайда болады. Ретикулоэпителиоциттердің арасына қан тамырларымен мезенхима кіріп орналасады. Дамудың 8 аптасында мезенхима мүшені бөліктерге бөледі, оларда сәл кешірек қабықтық және милық заттар түзеледі. Эмбриогенездің он бірінші аптасында т-лимфоциттердің дифференцировкасы басталады, олардың сыртқы беттерінде арнайы рецепторлары пайда болады.
Тимустың толық дамып жетілуі балалық кезде жүреді. Оның қызметі әсіресе ерте балалық кезеңде маңызды. Лабораторлық жануарларда неонаталдық кезеңде тимустың сылынуы (тимэктомия) күш сарқылу синдромына (wasting- синдромның): бойдың өсуінің тежелуі, шаштардың өсуінің зақымдануы, инфекциялық ауруларға тез шалдығу т.б. Әкеледі. Бұндай жануарлар тез өледі. Кешірек жасалған тимэктомияның салдары жоғарыдан аздау болады, өйткені шеткері лимфоидты мүшелердің ішіне т-лимфоциттердің орын ауыстыруы аяқталған. Жыныстық есеюден кейін тимустың адамның жасына байланысты инволюциясы (кері дамуы) жүреді, ол маймен алмастырылады, бірақ қызметтік маңызын толық жоймайды.
Тимустың құрылысы
Тимус паренхималық бөлікшелерге бөлінген мүше. Сыртынан оны дәнекер тіндік қабықша жауып тұрады. Капсуладан ішке кіретін тосқауылдар оны бөліктерге бөледі. Әрбір бөліктің негізін өсінділі эпителий жасушалары құрайды, оларды ретикулоэпителиоциттер деп атайды. Борпылдақ талшықты дәнекер тін тек тамырлардың маңында ғана орналасады. Ретикулоэпителиоциттердің екі түрін ажыратады:
1) субкапсулалық аймақта орналасқан тамақтандырушы-жасушалар немесе күтуші-жасушалар 2)қабықтық заттың тереңінде орналасқан эпителийлік дендриттік жасушалар. Кейбір авторлар (быков в.л., 1997) тимустық гормондарды өндіретін секреторлық жасушалардың бірнеше түрін және периваскулярлық ретикулоэпителиоциттерді жіктейді. Кейінгілердің жазықтанған өсінділері гемокапиллярды сыртынан қоршай орналасып гематотимустық тосқауылды құрауға қатысады.
Әрбір бөлік қабықтық және милық заттарға бөлінеді.
Қабықтық зат
Қабықтық зат екі аймақтан тұрады: сыртқы немесе субкапсулалық және терең қабықтық. Субкапсулалық аймаққа қызыл жілік майынан пре-т-лимфоциттер (пре-тимоциттер) келеді. Олар тамақтандырушы жасушалармен байланысып лимфобластыларға айналады да, көбейе бастайды. Бұл кезде жасушалардың сыртында олардың т-жасушалық рецепторлары (тжр) болмайды. Тамақтандырушы жасушалар тимозин және басқа гормондарды өндіре бастайды, олар т-лимфоциттердің дифференцировкасын, яғни бастапқы лимфоциттердің жетілген т-лимфоциттерге айналуын қамтамасыз етеді.
Дифференцировка өткен сайын т-лимфоциттердің сыртқы беттерінде тжр түзелуі өтіп жасушалар қабықтық заттың ортасына қарай жылжиды. Басында тимоциттер тжр басқа дифференциялық антигендер cd4 (т-хелпер/индукторларға тән) және cd8 (т- супрессор/цитотоксиялық жасушалардың маркері) түзейді. Дифференцировканың барысында бұл антигендердің біреуі жойылады.
Терең қабықтық затта тимоциттер эпителийлік дендриттік жасушалармен байланысады. Бұл жасушалар аутореактивті лимфоциттердің пайда болуын қадағалайды. Егер түзелген лимфоцит организмнің меншікті антигендеріне қарсы болса, олар эпителийлік дендриттік жасушадан апоптоз белгісін алып, макрофагтар арқылы жойылады. Меншікті антигендерге толерантты лимфоциттер қабықтық заттың ең терең аймағына. Милық заттың шекарасында биік эндотелийлі посткапиллярлық веналар арқылы қанға түседі, кейін шеткері лимфоидты мүшелердің т-тәуелді аймақтарына барып, антигенге тәуелді дифференцировкадан (лимфоцитопоэз) өтеді. Сонымен, қабықтық зат екі түрлі ретикулоэпителиоциттерден және дамудың әрқилы сатысындағы т-лимфоциттерден құралған ретикулоэпителийлік негізден тұрады. Қабықтық заттың қызметі т-лимфоциттердің антигенге тәуелсіз дифференцировкасы және селекциясы болып табылады.
Гематотимустық тосқауыл
Тимустың қабықтық затында т-лимфоциттердің антигенге тәуелсіз дифференцировкасы өтеді, бұл мезгілде антигендердің ықпалы болса қалыпты лимфопоэздің бұзылуы мүмкін. Сондықтан дамып келе жатқан т-лимфоциттер қаннан және оның құрамындағы антигендерден гематотимустық тосқауыл арқылы бөлектенеді. Оның құрамына келесі құрылымдар кіреді:
капиллярдың тұтас типті эндотелиі (кейбір жерлерде эндотелиоциттермен қатар фагоциттік қасиеті бар перициттер де болады)
- эндотелийдің тұтас базалдық мембранасы
- дәнекер тінінде антигендерді жоюшы макрофагтары бар капиллярлар маңы кеңістігі
- периваскулярлық ретикулоэпителиоциттердің базалды мембранасы
- өсінділері арқылы гемокапиллярды қоршап жататын ретикулоэпителиоциттер
Гематотимустық тосқауыл қабықтық заттың ішіне келетін антигендердің мөлшерін күрт азайтады. Тосқауылдың зақымдануы кезінде тимуста лимфоидты түйіншелер пайда болып, плазмоциттер түзелуі мүмкін.
Тимустың милық заты
Милық затында дәнекер тіндік строма, ретикулоэпителийлік негіз және тимустың барлық лимфоциттерінің 3-5 % құрайтын лимфоциттер болады. Лимфоциттердің біразы мұнда қабықтық заттан келеді, милық заттың шекарасында олардың бір бөлігі посткапиллярлық венулалар арқылы тимустан кетеді. Милық заттың екінші бөлігі шеткері иммуногенез мүшелерінен келген лимфоциттерден тұруы мүмкін. Олардың қызметтері әлі толық түсінікті емес, бірақ олар шеткері мүшелерден қабықтық затта жаңа лимфоциттердің пайда болуы мезгілінде қажет болатын белгілі бір мәліметтерді әкелуі мүмкін, яғни реттеушілік маңызы бар деген болжам бар. Милық затта гематотимустық тосқауыл жоқ. Милық затта гассальдың эпителийлік тимустық денешіктері бар (4 сурет). Олар бірінің сыртына бірі қабатталған эпителиоциттерден тұрады. Гассаль денешіктерінің саны мен көлемдері адамның жасы ұлғайған сайын өсе түседі, әсіресе тез көбейіп өсуі стресс кезінде байқалады. Гассаль денешіктерімен макрофагтар және лимфоциттер жиі байланысады. Гассаль денешігінің шеткері ретикулоэпителиоциттерінде секреторлық белсенділік байқалады, оларда дамыған секреторлық және синтез аппараттары, өнім түйіршіктері болады. Гассаль денешіктерінің қызметі толық анықталған жоқ. Олардың атқаратын келесі қызметтері бар деп есептеледі:
- тимустың гормондарын өндіру (эндокриндік)
- аутореактивті т-лимфоциттерді жою. Гассаль денешіктерінің ретикулоэпителиоциттері аутоагрессивті лимфоциттердің апоптоздық бағдарламасын бастауға және аутоагрессивті лимфоциттердің элиминациясының ақырғы сатыларына қатысы болуы мүмкін.
Тимустың адамның жасына байланысты және акциденталды инволюциясы
20 жастан кейін тимустың көлемі кішірейіп, оның кері дамуы (адамның жасына байланысты инволюциясы) жүреді. Мүшеде лимфоциттердің саны азайып, лимфоидты тін май ұлпасымен алмасады. Жыныс гормондары тимустың кері дамуын жылдамдатады және арттырады, ал кастрация, керісінше, оның гипертрофиясына әкеледі. Кейбір жағдайларда тимустың қалыпты инволюциясы бұзылады да тимус үлкейеді. Бұл жағдай тимолимфалық статус деп аталады. Ол токсиндер мен инфекцияларға қарсы тұрудың төмендеуімен сипатталып, кенеттен өліп кетумен аяқталуы мүмкін.
Стресс кезінде қанға молынан бөлінген кортикостероидтардың әсерінен тимустың қабықтық затында орташа және кіші көлемді лимфоциттердің (кортизонға сезімтал лимфоциттердің) жаппай өлімі өтеді. Онымен қоса, лимфоциттердің біразы тимустан қанға шығарылады. Осы үрдістердің нәтижесінде тимустың уақытша немесе акциденталды кері дамуы қалыптасады. Стресс-факторлардың әсері жойылғаннан кейін тимустың бұл инволюциясы тоқтайды, тимустың құрылысы қалпына келеді.
Тимустың қалпына келуі
Тимустың физиологиялық қалпына келуі жеткілікті жоғары деуге болады, бірақ ол қызыл жілік майының регенерациялық қабілетінен көп төмен болады. Қабықтық заттағы жасушалардың митоздық индексі 4%, милық затында 2,5%. Акциденталды инволюциядан кейін мүшенің қалпына келуі 3-4 тәуліктен кейін басталып, митоздық индекстің 3-4 есе артуымен анықталады. Акциденталды инволюциядан кейін тимус толық қалпына келе алады (реституция). Тимустың қалпына келуінде басқа лимфоидты мүшелерден келетін лимфоциттердің, әсіресе қызыл жілік майынан, маңызы өте зор. Мүшенің бөлігі сылынғаннан кейінгі қалпына келу көрінісі басқаша. Бұл жағдайда тимус регенерацияға да, компенсаторлық гипертрофияға да қабілетсіз. Бұл оның толық қалпына келуі үшін оның ретикулоэпителиалдық стромасының сақталуы қажеттіліге байланысты.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Тимус (айырша без) патологиялары
- Апластикалық анемия
- Қан өндіру (гемоцитопоэз)
- Иммунды тапшылық жағдайлар