Балалардағы аяқ сүйектерінің сынуы
Қол-аяқ сүйектерінің сынықтарының 16%-н аяқ сүйектерінің сынығы құрайды.
Сан сүйегінін сынуы.
Аяқ-қол сүйектерінін сынықтарының ішінде сан сүйегінің сынықтары 4% құрайды. Сынықтың орналасқан жеріне байланысты төмендегідей түрлерін ажыратады:
- жоғарғы (проксимальдық) бөлігінің сынуы, дөңгелек буын басының эпифизиолизі, остеоэпизиолизі, сан сүйегінің мойнының және ұршықтардың (trxhouter) сынуы;
- диафиздың сынуы – жоғарғы, орта, төменгі бөлігі;
- төменгі (дистальды) метоэпифиздерінің сынуы.
Сан сүйегінің жоғарғы (проксималдық) метоэпифизінің жарақаттануы: дөңгелек буын басының эпифизиолизі және остеэпифизиолизі, ұршықтарының сынуы балаларда сирек кездеседі. Ол биіктен және бір жақ жанына құлағанда немесе ұршыққа тура тиген соққыдан пайда болады.
Клиникасы және диагностикасы. Сынған аяқ сыртқа қарай бұралып жатады, аяқ басын ішке қарай бұра алмайды, өкшесін төсектен жоғары көтере алмайды. Өзі, немесе басқа біреу сынған аяғын қимылдатса, жамбас буынында, шабында аурсыну сезімі ұлғаяды. Үлкен ұршық (вертел) ығысқандықтан Розер-Нелатон сызығынан жоғары тұрады. Сан сүйегінің мойнының сынуы және дөңгелек буын басының эпифизиолизі, остеоэпифизиолиздері буын ішіндегі сынықтар, ал ұршықтардың, ұршық арқылы немесе ұршықтары арасынан өтетін сынықтар буыннан тыс (латеральный) сынықтар болып есептеледі.
Емі. Сан сүйегінің мойыны сынғанда дөңгелек буын басының эпифизиолизі кезінде қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Иммобилизация мерзімі 10-12 апта.
Консервативтік ем көмектеспеген жағдайда операция жасалады.
Үлкен ұршықтың сынуы сан сүйегінің ұршығына тікелей соққы тиген жағдайда туындайды.
Клиникасы. Үлкен ұршық маңайында ауырсыну сезімі білініп, аяқты қозғалтқанда және қолмен ұстағанда ауырсыну сезімінің күшеюі байқалады. Аяқ қимылы (функциясы) көбінесе сақталады.
Емі. Сынған аяқты орта физиологиялық жағдайда 3 аптаға Белер шинасына салып қояды, немесе сонша уақытқа гипстан лонгета салынады.
Кіші ұршықтың сынуы мықын – белдеме бұлшық еттің (m.iliopsas) жедел, үлкен күшпен жиырылуынан туындайды.
Клиникасы. Сынған жерде ауырсыну сезімі, санды ішке қарай тарту, жамбас-сан буынында бүгудің қиындалғандығы байқалады.
Емі. Үлкен ұршық сынған кезде зақымдалған аяқты Белер шинасына салып қояды, немесе гипстен лонгетасы салынады.
Сан сүйегінің диафизінің сынуы көп кездесетін жарақаттар қатарына жатады. Ол тікелей, немесе жанама күштердің әсерінен пайда болады. Көбінесе биіктіктен құлағанда, коньки мен шаңғы тепкенде, өрден сырғанағанда туындайды. Сынықтың орналасқан жеріне байланысты, сан сүйегінің диафизінің, жоғарға, ортаңғы, төменгі бөліктерінің сынуын ажыратады. Сынық жазығының қалай өтуіне байланысты көлденен, қиғаш, винт тәріздес және шытынаған сынықтар. болып бөлінеді. Сүйек сынықтарының ығысуы зақымдаушы күштің бағытына, дәрежесіне, сынықтың орналасқан жеріне байланысты болады.
Диагностикасы. Сан сүйегінін диафизінің жоғарғы бөлігі сынғанда, жоғарғы сүйек сынығы сыртқа, алдыға қарай ығысып, сыртқа айнала бұрылады (ротация), ал төменгі бөлігі – жоғарыға және ішке қарай жылжығандықтан, «галифе» тәріздес деформация пайда болады.
Сан сүйегінін ортанғы бөлігі сынғанда сүйек сынықтарының ығысуы жоғарыда айтылғандай, бірақ ығысу мөлшері азырақ болады, ал төменгі бөлігі сынғанда – жоғарғы сынық ішке қарай, төменгі сынық артқа және жоғарыға қарай жылжиды.
Сан сүйегінің сынуы кезінде сынық орнында ауырсынуды, сүйек бөліктерінің жылжымалылығын, сүйек қытырын, аяқтың қысқаруын, деформацияны анықтауға болады. Диагноз осы аталған клиникалық көрініске және рентгенография белгілеріне негізделіп қойылады.
Емі. Балаларда сан сүйегінің сынықтарын емдеудің негізгі әдісі қаңқадан тарту болып табылады, 3 жасқа дейінгі балаларда ем Шеде әдісі бойынша өткізіледі. Ол үшін зақымдалған аяқты лейкопластырмен тік көтеріп, салмағы 1,5 – 2,0 кг гірмен тартып қояды.
Шеде емдеу тәсілі дұрыс жүруі үшін сау аяқты манжеткамен төсек бойына сәйкес ұстап, сынған санды жамбас буынында 900–қа бүгілген жағдайда ұстау қажет. Мазасыз балалардың екі аяғынан да жоғары тартып, асып қояды, бұл баланы күтуге ынғайлы болып табылады. Сан сүйегінің сынығы, 3 жасқа дейінгі балаларда орта есеппен 3-4 аптада бітеді, оны анықтау үшін рентгенография жасалуы тиіс.
Ересек балаларда қанқадан тарту әдісі қолданылады. Ол үшін спицаны сан сүйегінің төменгі метафизінен өткізіп, аяқты Белер шинасына салып, 3-5 кг жүк іліп, тартып қояды. Жүк денені тартып кетпеу үшін төсектің аяқ жағы 20-30 см көтеріледі. Сүйек сынықтарының дұрыс тұруы рентгенография арқылы бақыланады.
Сынған сүйектің біту мерзімі сынықтың түріне, орналасқан жеріне және баланың жасына байланысты. Үш жасқа дейінгі балаларда сынған сүйеіңкт біту мерзімі 3-4 апта болса, 4-7 жас арасында 4-6 аптаға созылады.
Ем дұрыс жүрмеген жағдайда сынған сүйек қисық бітуі немесе қысқаруы мүмкін. Жастары 3-5-тен аспаған балаларда аяқтың 1,5-2 см қысқаруы, өсе келе өздігінен жойылады. Аяқтың қысқару себебінен омыртқаның қисаюы, деформациялаушы артроз туындайды. Аяқ қисық біткен кезде, қысқарғанда, оларды түзету үшін операция жасалуы қажет.
Тізе буынының зақымдануы
Балаларда тізе буын аймағында буын ішіндегі, буын манайындағы сынықтар және мениск пен байламдардың зақымдалуы жиі кездеседі.
Гемартроз – бұл тізе буынның ішкі құрылымының зақымдануы салдарынан буын ішінде қанның жиналуы.
Клиникасы мен диагностика. Гемартрозға тән көріністер: буынның ісінуі, сау буынға тән ойыс-қыртыстардың көрінбеуі, тізені бүккенде қатты ауырсыну, пальпация кезінде анықталатын толқын (флюктуация). Буын ішіндегі зақымдалудың бар жағын анықтау үшін рентгенография немесе артроскопия жасалуы қажет.
Балтыр (сирақ) сүйектерінің сынықтары
Балтыр сүйектерінің сынықтары барлық сынықтардың 8% құрайды. Бұл сынықтар соққы тигенде, биіктен құлағанда, немесе аяқ қайырылып қалғанда туындайды. Балтырдың бір немесе екі сүйегі де сынуы мүмкін. Сүйек көлденеңінен, қиғаш, бұрыштана , жарықшақтана, ығысумен, ығысусыз сынады.
Жасы 5 – 6 жасқа дейінгі балаларда сүйек қабатының астындағы сынықтар «жасыл шыбық» тәріздес, ал одан ересектерде толық сынықтар жиі кездеседі.
Клиникасы мен диагностикасы. Клиникалық көрінісі: ауырсыну, балтырдың ісінуі, деформация, сынықтардың жылжымалылығы, сықыр, аяқты көтере алмауы болып табылады. Диагноз рентгенографиядан кейін қойылады.
Емі. Балтыр сүйегінің көлденең ығысумен жүретін сынықтарында жабық репозиция жасалып, гипстен лонгета, 7-8 күннен кейін ісік қайтқан кезде 6 жұмаға гипстен тұйық орама таңба (циркулярная повязка) салынады.
Қиғаш және винт тәріздес ығысумен жүретін сынықтарда қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Ол үшін Киршнер спицасы өкше сүйігінен өткізіліп, 3-5 кг жүкпен тартып қояды, 3 аптадан кейін, сан сүйегінің ортасынан башпайдың ұшына дейін жететін гипстен лонгета салынады. Иммобилизация мерзімі 6-8 апта. Консервативтік ем нәтиже бермесе, операция жасалады.
Балтыр сүйектерінің төменгі бөлігінің сынуы. Балаларда балтыр сүйегінің төменгі бөлігінде, көбінесе асықты жіліктің эпифизиолиздері, остеоэпифизиолиздері және толарсақтың сынуы кездеседі.
Клиникасы. Балтыр сүйегінің эпифизиолизі, остеоэпифизиолиздері кезінде ісіну, қимылдатқанда сирақ-асық буынында ауырсынуы, балтырды бойымен тартқанда, өкшеге басқанда сынған жердің қатты ауырсынуы, деформация, сүйек сықыры анықталады. Сынықтың бар-жоғын нақтылы анықтау үшін рентгенография жасалуы қажет.
Емі. Ығысумен болатын эпифизиолиздер, остеоэпифизиолиздер кезінде сүйек сынықтары бір біріне тура сәйкестендірулері қажет. Егер сынықтар бір біріне дұрыс келтірілмесе, деформациялық артроз, вальгус немесе варус деформациялары туындайды. Балтыр сүйектерінің төменгі метаэпифиздері сынғанда жабық репозиция жасалып, гипстен таңба салынады немесе қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Иммобилизация мерзімі 6-8 аптаға созылады.
Тілерсек, табан мен бақай сүйектерінің сынуы.
Өкше сүйектерінің сынықтары ауыр сынықтар қатарына жатады. Мұндай сүйек сынықтары аяқ басына биіктен құлағанда, немесе өкше жаншылып, қысылған жағдайда туындайды.
Клиникасы және диагностикасы. Бала өкшесінің ауыратындығына және оған баса алмайтындығына шағымданады. Аяқ ісіп, өкше көгеріп, көлемі ұлғаяды. Зақымданған аяқты өкше тұсынан ұстағанда, аяқ басы ұшын бүгіп-жазғанда, қатты ауырсыну байқалады.
Емі. Өкше сүйегі сынықтары ығысусыз немесе аздап ығысқан кезде гипстен лонгета, ол ісік қайтқаннан кейін 6-8 аптаға гипстен етікше салынады. Аталған сүйек сынғанда маймақ табандылықтың алдын-алу үшін, гипс алынғаннан кейін, 1 жылға дейін, арнайы ұлтарақ (супинатор) салынуы қажет.
Өкше сүйектері ығысумен сынған кезде қаңқадан тарту әдісі қолданылады. Сүйек сынықтары бір біріне сәйкес келген соң қаңқадан тарту әдісімен 3-4 апта ұстап, кейін, 2-3 айға гипстен етік тәріздес таңба салынады.
Асықты (talus) сүйектің сынуы көбіне ығысусыз болады. Клиникалық көрінісінде буынның ісінуі, қозғалыс кезінде ауырсынуы, гемартроз байқалады.
Емі. Өкше сүйегіндегідей. Ығысу үлкен болған жағдайда оперативті ем қолданылады.
Башпай сүйектін сынығы аяқ басына ауыр зат түскенде немесе ауыр затты аяқ басымен тепкенде туындайды.
Клиникасы. Науқас ауырған аяқ басына баса алмайды, ісіну, қанталау байқалады.
Емі. Сынық ығысумен болған жағдайда жабық репозиция жасалады да, 3 аптаға гипстен лонгета салынады.
Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:
- Сирақ табан буынының зақымдалуы
- Сирақ сүйектерінің сынықтары (ересектерде)
- Аяқ қолдардың қан тамырларының клиникалық анатомиясы
- Аяқ нервтерінің зақымдалуы. Бел өрімі
- Аяқтағы қанайналым бұзылысы