Қан ағу түрлері. Қан тоқтату. Шок.

Қан жүру арнасынан қанның шығуы қанның ағуы деп аталады.

Қан ағуының себептері: Қан ағу – жарақаттану, тамыр қабырғасының іріңдеп желінуі, тамыр қабырғасының өткізгіштігінің немесе қан химизмының бұзылуы салдарынан тамырдың бүтіндігінің бұзылуынан пайда болады.

Қан ағуларының түрлері

Жарақаттанған тамырдың өзгешелігіне және түріне қарай қанның ағулары төмендегі түрлерге бөлінеді.

Қызыл қан тамырларынан қан ағу. Бұл қан ағудың ең қауіпті түрі. Үлкен қызыл қан тамырларының зақымдануында бірнеше минуттан кейін адам өліп кетуі мүмкін. Белгілері – ашық қызыл түрдегі қан шүмектеп, шапшып ағады. Тамырдың орталық бөлімін қысқанда қан ағуы тоқтайды.

Көк тамырдан қан кету. Қызыл қан тамырынан ағудан көк тамырдан қан ағудың ерекшелігі, бұнда қан бір қалыпта, бәсең ағады, түрі қара қошқыл. Тамырдың орталық бөлімін қысқанда қан ағуы тоқтамайды. Үлкен көк тамырларының, әсіресе, мойын, кеудк аймағы зақымданғанда ауаның тамырға сорылып кіруінен ауа эмболиясы салдарынан өлім – жітім болады. Ауа «тығыны» жүректің оң жақ бөлімдерін немесе өкпе қызыл қан тамырын тығындайды. Бұл қан қозғалысының кенеттен бұзылуына әкеледі.

Үшінші түрі – аралас  ағу түрі болып есептеледі. Ұзақтығына қарай – жедел және созылмалы: қайталауына байланысты – бір рет қайталанған, көп рет қайталанған болып бөлінеді.

Капилярлық қан ағу. Жараның барлық беті қанайды. Қан түрі бойынша артериялық және көк тамыры қандарының арасындағы орталық жағдайда болады. Қан ағуы қауіпті, мысалы, гемофилияда, сепсисте, өйткені бұнда қан ұюының бәсеңдеуі байқалады. Әдетте капилярлық қан ағулар өз-өзінен тоқтап қалады.

Паренхиматоздық қан ағу. Бұндай қан ағу ішкі мүшелердің: бауырдың, талақтың, өкпенің, бүйректің барлық тамырларының (артерия, көк тамыр, капиллярлар) зақымданғанда байқалады. Бұл қан ағу өте қауіпті, себебі паренхиматозды мүшелер дәнекер тірегі (строма) тамырлар қабырғасын ұстап тұру себебінен олардың қысылмауы, сондай-ақ паренхиматоздық мүшеде антикоагулянттық заттардың болуына байланысты, тромбо болмау нәтижесінде өз-өзінен тоқтауға мүмкіншілік болмайды.

Қан ағулар, бірінші ағу (тамыр зақымданғаннан соң бірден басталады) және екінші ағу (тоқтатылғаннан кейін біраз уақыттан соң пайда болады, мысалы, операциядан кейін жіп жылжып кетеді немесе жараның қабыну жағдайында тамырдың іріп шіруі себеп болады).

Сондай-ақ қан ағулар сыртқа ағу (қан жарадан қоршаған атмосфераға ағады) және ішке ағу (қан тұйық қуысқа ағады, мысалы, іш қуысы, көкірек қуысы, тканьдарға және т.б.). Қан ағулардың кейінгі түрі көбінесе жарақаттан соң ішкі мүшелердің бауырдың, талақтың және т.б. зақымдануларынан болады.

Жедел қан ағудың клиникалық белгілері (жедел қан аздық) тері және кілегейлі қабықтарының бірден бозаруымен басталады. Беті қуарып, жүдеу тартады, көздері шүңірейеді, артериалдық және көк қан тамыры қысымы төмендейді, тамыр соғысы жиілейді, толуы осал, жіптей болады, дем алуы жиіленеді, басы айналу, жалпы әлсіздік, шөлдеу, көздерінің қарауытуы, жүрегі айнып, кейде құсық пайда болады. Қан жоғалтуда оттегінің көп жетіспеуі себебінен дем алу орталығының сал болуы және жүрек жұмысының тоқтауы нәтижесінде адам өлуі мүмкін. Әлсіз науқастарда (аш болу, шаршау, рухани жүйке жарақаты, шок және т.б.) тіпті азғантай қан жоғалтудың өзі-ақ өлімге жеткізуі мүмкін. Қанның ағуы балаларда ( әсіресе бір жас ішіндегі) және қарттарда ауыр өтеді.

Қан ағуды тоқтату

Жәрдем көрсету шараларына және медицина қызметкерлерінің мамандығына байланысты, қан ағуды тоқтату уақытша және біржолата тоқтату болып бөлінеді. Әдетте қан ағуды уақытша тоқтатуды науқасты ауруханаға жіберердің алдында, жарақат алған жерде орта медицина қызметкері іске асырады. Қан ағуды біржолата тоқтатуды аурухана жағдайында және операция жасау жолымен істеледі.

Қан ағуды уақытша тоқтату.

Қан ағуды уақытша тоқтатудың бірнеше тәсілдері бар.

Таңғышпен қысып байлау. Қысып таңғыш салу және аяқ қолдардың көтеріңкі жағдайлары көк тамырлардан және кішкене қызыл тамырлардын қан ағуды уақытша тоқтатудың жақсы әдісі болып есептеледі. Жараға зарарсыздандырылған мәрліні бірнеше қабаттап, оның үстіне зарарсыздандырылған мақта салынады, ол мәрлімен бірге аяқ-қолдарды орап бинттеу арқылы бекітіледі.

Аяқ-қолдардың буынынан бүгілуі. Тақым артериясының, шынтақтың бүгілуінде иық артериясының, шат иілісіндегі сан артериясының жарақаттануда пайда болатын қан ағу, кейде аяқ-қолдарды осы жағдайда қатты иіп бекіту немесе оларды керу арқылы тоқтатылуы мүмкін.

Жара ішіндегі тамырды қысу. Бұнда залалсыздандырылған резеңке қолғап киіледі немесе қол спирт, йодпен тазаланады және жараға кіргізілген сұқ саусақпен қанның ағымы сезіліп, тамыр қысылады.

Жараның қуысын тығындау (тампонада). Бұл үшін тампон алынады және корнцангпен бүкіл жара қуысын тығыз етіп тығындайды. Әдетте бұл тереңдегі жараларда қолданылады.

Қан ағып тұрған тамырға қысқыш салу. Бұл аяқ-қолдардың, жамбастан, іш қуысындағы тамырлардан қан ағуын тоқтату мүмкін болмаған жағдайларда қолданылады.

Тамырды бойлап қысу. Бұл кейбір ірі тамырдан қан ағуды тоқтатуға мүмкіншілік береді: а) бұғана сүйек асты артериясы басты бұрушы бұлшық еттің төс тұтқасына жабысқан жерінің сыртынан бұғана сүйектің үстінде орналасқан жерде бірінші қабырғаға қысылып басылады: б) күре тамырды VI мойын омыртқасының көлденең өскініне қысып басу керек, ол басты бұрушы бұлшық еттің ұзындығының ішкі жағының ортаңғы жеріне сәйкес келеді. Сан қызыл қан тамыр қасаға сүйегінің көлденең өскініне қысылады: в) тақым қызыл қан тамыры тізе бүгілу жағдайында тақым шұңқырына қысылады: г) иық қызыл қан тамырын тоқпақ жіліктің ішкі бетіне қысу керек.

Ширақты (жгутты) салу. Бұл әдіс әсіресе қызыл қан тамырының қан ағуын тоқтатуда негізгі әдіс болып есептеледі. Қызыл қан тамырынан қан аққанда жгут жарадан жақынрақ салыналы. Ширақты салудың алдында оның орамдарының арасында тері қысылып қалмауы үшін қол-аяқтар орамал немесе бинтпен оралады. Ширақ тартылады және аяқ-қолдар айландырылып оралады. Бұндай ширақ орамдарының бірінің үстінен бірін бастырмай қатар жатуын бақылау қажет. Ширақтың ұштары бекітіледі. Ширақ орамдарының біреуінің астында ширақ салынған уақыты көрсетілген қағаз қыстырылады. Бұнан басқа арнаулы емдеу мекемесіне жіберілетін хатта ширақтың уақыты көрсетіледі. «Қызыл қан тамырлық» ширақ дұрыс салынса аяқ-қол ширақтан төменіректе бозарады. Ширақ салынған жерден төменде тамыр соғысы білінбейді, қан ағуы тоқтайды. Ширақ қатты тартылмаса, аяқ-қол көгере бастайды, тамыр соғуы жоғалмайды, қан ағуы күшейеді. Қатты қысылып тартылса, жүйке талшықтарының жарақаттануының салдарынан аяқ-қолдардың салдануы мүмкін. «Қызыл қан тамырлық» ширақ аяқ-қолдарда 1,5-2 сағаттан көпке қойылмайды. Егер ұзақ уақытқа қойылса, аяқ-қолдардың жансыздануы мүмкін. Егер осы уақыт арасында операция жасалынбаса, және ширақ қайтадан керегінше жоғары немесе төменірек қойылады.

Арнаулы ширақ жоқ болса, онда қайысты, жіпті, қол орамалды, басқа тартқан орамалды, жібек бауды, және басқаларды пайдалануға болады. Қысуды күшейту үшін қолдан жасалған шираққа таяқша кигізіліп оны бұрап қан ағуын тоқтатады.

Мойын тамырларынан қызыл қан аққанда мойынның қан ағудың қарама-қарсы жағына Крамер жақтауы майыстырылып қойылады және оны қарсы қою ретінде пайдаланып, ширақ салынады.

Көк тамырдан қан аққанда көк тамыр ширағы деп аталатын ширақ қолданылады. Ол жарақаттанған жердің төменгі жағына 6 сағат мөлшерінде қойылады және онша қатты тартылмайды. Бұнда аяқ-қолдар көгереді, артериядағы тамыр соғысы естіледі, қан ағу тоқтайды.

Қан ағуды біржолата тоқтату.

Қан ағу операция жасалынуға қойылатын барлық талаптар есепке алынып, хирургиялық бөлімшеде біржолата тоқтатылады.

Механикалық әдістер. Жара ішіндегі тамырды байлау. Тамырды байлау жараның ішінде (жібек, лавсан, кетгут) жіптерімен тігіледі. Бұл ең көп таралған әдіс.

Тамырды ұзындығынан байлау. Бұл жара тіпті ластанған немесе жарадағы тамырды іздеуде үлкен техникалық қиыншылықтар жағдайында қолданылады.

Тамыр тігістері. Ол жанынан және айналдырып тігу түрі болады. Жарақаттамайтын инемен тігілетін арнаулы тігіс материалы немесе тамырларды тантал скрепкалары көмегімен механикалық тігу үшін арналған аппараттар пайдаланылады.

Физикалық әдістер. Суықты біржерлік қолдану. Бұл үшін ішіне мұз салған резаңке немесе полиэтилен қалташалар жиі қолданылады. Негізінен алғанда бұл әдіс капилярлық қан ағуларда пайдаланылады.

Электрокоагуляция. Бұнда арнаулы аппарат қолданылады. Коагуляция кезінде жіңішке қан тамырлардын қан кеткенде істеледі.

Натрий хлоридтің ыстық изотоникалық ерітіндісін қолдану. Изотоник ерітіндісі 60-80ᵒС дейін ысытылады. Ерітіндіге малынған дәке қан ағып тұрған жерге бірнеше минутқа дейін қойылады. Бұл әдіс көбінесе қуыстарда (кеуде және іш қуыстарында) жасалынатын операцияларда және нейрохирургияда қолданылады.

Хирургиялық әдістер. Тамырды тарылтушы дәрілер. Бұндай дәрілерге адреналин, супрастин, спорынья дәрілері жатады. Тарылту түріне қарай дәрілер біржерлік асқазан, ішек жолдарынан тыс немесе ауыздан қолданылатын болады.

Қанның ұюын күшейтетін дәрілер. Бұл үшін сутегі тотығы, кальций хлориді, аминокапрон қышқылы, викасол пайдаланылады. Сутегі қос тотығы, бір жерлік жағдайда қолданылады. Басқа дәрілер қан аққанда (тамырдан, асқазан ойығынан қан аққанда т.б.) көк тамырға жіберіледі.

Биологиялық әдістер. Қан тоқтататын дәрілірді бір жерлік қолдану. Бұл үшін жылқы сары суы, гемостатикалық губка, фибринді, үлбірек, биологиялық антисептикалық тампон, тромбин, сутегі қос тотығы және т.б. пайдаланылады.

Қан тоқтататын дәрілерді көк тамырға жіберу. Қанды аз мөлшерде бөліп құю, плазма, гемофобин, жаңа дайындалған қанды құю, тромбоцитарлық массаларды, фибриногенді антигемофильді глобулинді (АГГ) және антигемофильдік плазманы (АГП), аминокапрон қышқылы, викасол, децинон және т.б. препараттар жақсы көмек береді.

ГЕМОФИЛИЯ

Бұл қан ұюының азаю салдарынан қан ағуына бейімділігімен болатын іштен туа болған ауру болып есептеледі. Бұл ауру ер адамдарда жиі кездеседі. Қан ағу кішкене жарақаттардан кейін: терінің тырнап жара болудан, кесілуден, тісті жұлғызғаннан және т.б. пайда болады және үлкен қиыншылықпен тоқтатылады.

Асығыс, шұғыл терапияны керек ететін жағдайлар: Клиникалық жағдайда шұғыл емдеуді керек ететін кейбір ауруларды кездестіруге болады. Оларға: есінен тану (обморк), коллапс және шок аурулары жатады.

ЕСІНЕН ТАНУ – бас тамырларының қысқа уақыт қысылуының салдарынан аз уақыт кенеттен науқас есінен тану болып саналады.

Есінен тану едәуір қан жоғалту, ауыру, қатты шаршау, әлеуметтік зияндықтар және басқалар себепші болады.

Клиникалық белгілері. Бұнда бірден есінен айырылу, тері қабаттарының және кілегей қабықтың ағаруы, дем алуы үстіртін және тамыр соғысы жиі болады.

Емі: есінен айыратын себепті жою, науқастың басы төмен түсіріліп және аяқтары жоғары көтеріліп жатқызылады, мүсәтір спирті мақтаға тамызылып иіскетіледі. Ауыр жағдайларда жасанды дем алдырылады 1мл 20 процент кофеин ерітіндісі, 1мл 1 процент лобелин не цититон ерітіндісі иньекциямен жіберіледі.

КОЛЛАПС – қызыл қан тамыры және көк тамырдың қысымының кенеттен төмендеуі және айналып тұрған қан массасының азаюымен сипатталатын тамырдың күштіжетіспеушілігі және осының салдарынан болатын жүрек жұмысының кемшілігі коллапс деп аталады.

Коллапсқа көп мөлшерде бірден қан жоғалту, жарақат, дененің көлденең жағдайдан тік жағдайға тез ауысуы (ортостатикалық коллапс), кеуде және іш қуыстарынансұйықтықтың тез шығуы, тамақтан улану, өкпенің қабынуы, тиф және т.б. себепкер болады.

Клиникалық белгілері жалпы әлсіздік, көгеру, суық тер басу, тамыры жіп тәріздес, қан қысымы төмендеуі, үстіртін, жиі дем алумен сипатталады. Бұның есінен айырылуынан өзгешелігі, бұнда науқас есінен танбайды.

Емі, себебіне қарай ем жүргізу, науқасты жылыту, 0,5 мл 0,1 процент адреналин ерітіндісін, 1мл 5 процент эдефрин ерітіндісін, 0,5мл 1процент лобелин жіберу, оттегін беру қажет. Ауыр жағдайларда қан құю керек. 1мл 1процент мезатон ерітіндісі, 1-2мл 0,2процент ноадреналин ерітіндісін көк тамырына жіберу нәтижелі болады.

ЖАРАҚАТТЫ ШОК – организмнің барлық тіршілік функцияларының күшті бәсеңдеуімен сипатталатын жүйке реттегіштерінің бірден бұзылуы, қан айналасының және гормондық теңестіктіңсапы бұзылу салдарынан пайда болатын ауыр жағдайды жарақаттық шок деп атайды.

Жарақаттық шоктің күшеюі үшін организмнің жарақат алғандағы жағдайы: күш жұмсап шаршау, ұдайы ұйқысыздық, азу, аш болу, тону, қан жоғалту, жүйкенің күйзелісі т.б. үлкен әсер болады.

Хирургиялық операциядан кейінгі (екінші) шоктың себептері операцияның көпке созылуы, наркоз жөнді берілмеуі немесе жергілікті жансыздандырудың жеткіліксіздігі, едәуір қан жоғалту, жүйке түйіндері көп айырықша шок беретін жерлерге операция жасалынуы және т.б. болып есептелінеді. Шоктың пайда болу уақытына байланысты, ол бірінші және екінші шок болып екіге бөлінеді.

Бірінші шок жарақат уақытында немесе одан кейін, екінші шок жарақаттан соң белгілі уақыттан кейін, кейде бірнеше сағаттан кейін пайда болады. Шок екі кезеңге – эректильдік және торпидтік кезеңдерге бөлінеді.

Шоктың эректильдік кезеңі жарақаттан кейін бірден басталып және есінің сақталуы, тым тынышсыздығымен сипатталады. Терісі қызарады, кейде қалыптағыдай көп терлеу байқалады. Көзінің қарашықтары үлкейіп, жарыққа әсерлестігі күшейеді. Тамыр соғысы жиілейді, кейде керісінш, сирек, тамыр соғысы қалыптағыдай болады немесе біраз жоғарлайды. Әдетте бұл кезең қысқа уақытқа созылады және келесі кезеңге ауысады.

Шоктың торпидтік кезеңі организмнің барлық атқаратын қызметтерінің әлсіреуімен сипатталады. Есін жоғалтпайды, бірақ науқас босаң, солғын, еш нәрседе ісі болмайды. Қан қысымы төмендейді. Тамыр соғысы жиіленеді, әлсіз, көбінесе жіп тәрізді болады. Терісі сұрланады, суық тер басады. Беті жүдеу, көзінің қарашықтары үлкейеді және жарыққа солғын, бос жауап береді. Жүрегі айнып құсуы мүмкін.

Науқастың қан қысымына және жалпы жағдайына байланысты шок 4 дәрежеге бөлінеді.

I дәрежелі шок – жалпы жағдайы қанағаттанарлық, тамыр соғысы минутына 90-100 рет, қан қысымы сынап бағанасымен 90 – 100 мм.

II дәрежелі шок – жалпы жағдайы нашарлайды, сұрлану, суық тер пайда болады, тамыр соғысы минутына 120 – 140 рет, қан қысымы сынап бағанасымен 70 – 90 мм. 

III дәрежелі шок – жалпы жағдайы ауыр, тамыр соғысы минутына 120 – 160 рет соғады, , қан қысымы сынап бағанасымен 50 – 70 мм.

IV дәрежелі шок – жалпы жағдайы өте ауыр, өмірдің соңы жағдайына жақын (клиникалық өлім), тамыр соғысы жіп тәрізді, санау мүмкін емес, қан қысымы сынап бағанасымен 50 мм-ден төмен.

Шоктың алдын алуда шоктың күшеюіне алып келуші себепкерді есепке алу және оларды болдырмауға әрекет ету керек.

Бірінші көмекті дұрыс және өз уақытында көрсету және науқасты тез жеңілдету ұйымдастыру керек.

Шокты емдеу төмендегі шараларды орындау керек: 1) жарақаттану жеріндегі аурудың күшеюін тоқтату: 2) орталық жүйке жүйесінің атқаратын қызметінің бұзылуын әдеттегідей жағдайға келтіру: 3) қан айналысын және жем алуды қалыпты жағдайға келтіру: 4) заттардың алмасу процесстерін қалыптастыру және эндокриндік бұзылуларды жою керек.

Осыған байланысты анальгетиктер (морфин және оның препараттары) қолданылуы тиіс, бірақ шоктың  III – IV дәрежелерінде оларды бермеу керектігін еске сақтау қажет, себебін олар қан қысымын төмендетеді және дем алуды нашарлатады. Жөнелту иммобилизациясының істелуі шарт. Ингаляциялық наркоздық заттар (азот закисі, оттнгімен 1:1 қатынасында) беріледі. Әр түрлі тосқауылдар түрінде новокаинды кеңінен пайдалыну қажет. Қан орнына қолданылатын алмастырушыларды және шокка қарсы сұйықтарды (полиглюкин, синкол, поливинилалкогольді және т.б.) құю күшті емдеу болып есептеледі. Құю тамшылап немесе ағызып жіберіледі: сұйықтықтың мөлшері 500 мл-ден 2000 мл-ге дейін және оданда көбәрек болады. Шоктың III – IV дәрежелерінде қанды қызыл тамырға құю (200 – 400 мл) өте жақсы нәтиже береді. Жүрек – тамыр жүйесіне әсер ету үшін 2 – 5 мл 20 процент камфора ерітіндісі, 1 – 2 мл 20процент кофеин ерітіндісі, 1 – 2 мл 25процент кордиамин ерітіндісі, 1 – 2 мл 5 процент эфедрин ерітіндісі, 1 – 2 мл 0,2 процент норадреналин ерітіндісі, 1 мл 1 процент мезатон ерітіндісіжіберіледі. Заттардың алмасуын және эндокриндік бұзылуларды қалыптау үшін 20 – 60 мл 40 процент глюкоза ерітіндісі, 100 – 200 мг кортизон немесе гидрокортизон, 20 – 100 мг преднизолон, 50 ЕД  АКТГ қолданылады, оттегі мен дем алдырады.

 Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Қан кету. Қан ағуды тоқтату жолдары
  2. Гинекология тәжірибесінде қан кету
  3. Өкпеден қан кету
  4. Өкпеден қан кету кезіндегі жедел жәрдем
  5. Асқазан ішек жолдарынан қан кету
  6. Мұрыннан қан кету. Тампонада
  7. Ішке қан кету кезіндегі көмек
  8. Акушерлік қан кету
  9. Қан құю

 

Пікір үстеу

Сайттағы материалды алғыңыз келе ме?

ОСЫНДА БАСЫҢЫЗ

Бұл терезе 3 рет ашылған соң кетеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз!